Белгілі дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» оркестрі әртістерінің онлайн орындауындағы «Мереке би» композициясы симфониялық музыканы сүйіп тыңдаушылар үшін ерекше тарту болды.
- Біз түрлі туындыларды алғаш рет онлайн орындап тұрған жоқпыз. Карантин кезінде осындай күрделі қашықтан жұмыс жасау барысында белгілі бір тәжірибе жинақтадық. Алда келе жатқан мерекелер қарсаңында барлығының көңіл-күйін көтеріп, көрермендер аудиториясын жинап, біріктіргім келді, сондықтан қымбатты тыңдармандарымыз үшін М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Мереке биді» таңдадық. Операдағы бұл би хордың қатысуымен орындалады, мұнда хор маңызды рөл атқарады, оны тұтас би спектаклі деп атауға болады, сондықтан ұлттық классика жауһарымен таныс емес жандарға осы операдағы жанрлардың керемет үйлесімін тыңдап, тамашалауға әрі бағалауға кеңес беремін. Оркестрдің барлық музыканттары осы үзіндіні орындау туралы ұсынысты қуана қабыл алды, себебі ол шын мәнінде шабыттандырып, мерекелік көңіл-күй сыйлайды, - деп атап өтті дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин.
Орындау үшін аты аңызға айналған операның аталмыш композициясын таңдаудың өзіндік мәні бар. Себебі М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен 2013 жылы «Астана Опера» театрының шымылдығы түріліп, дәл осы спектакльмен талай рет театр маусымы басталған еді.
Еске салар болсақ, «Астана Опера» симфониялық оркестрі карантин кезеңінде алғашқылардың бірі болып әлемнің көптеген музыканттарына жаңа форматта қалайша жұмыс жасаудың үлгісін көрсетіп, Ж.Бизенің «Кармен» операсынан онлайн сюита жазды. Жақында ғана ауқымды жобада «Астана Опера» симфониялық оркестрінің әртістеріне Италия, Мексика, Жапония, Қытай, Румыния, Грузия елдерінен әлемдік деңгейдегі опера жұлдыздары қосылып, миллиондаған тыңдарманның сүйікті «O sole mio» неополитандық әнін орындады.