COVID-19 әлемдегі ең ірі деген әуе компанияларын қаңтарып қойғанына бірнеше айға жуықтады. Төтенше жағдайға байланысты жолаушылардың әуе қатынастары Қазақстанда да толық тоқтаған болатын.
Дегенмен, 1 мамырдан бастап елорда мен Алматы қалаларының арасындағы рейстер қайта ашылғаны белгілі. Індет таралып кетпеуі үшін жолаушылар арнайы қауіпсіздік регламенттерін бұлжытпай орындауға тиіс. Атап айтқанда, жолаушылардың қолында ұшақ билетімен қатар, инфекцияны жұқтырмағаны туралы арнайы анықтамасы болуы қажет. Бетперде мен қолғап кию міндет. Ұшақ та, әуежай да жиі дезинфекцияланып тұрады. Жолаушылар бортта бұрынғыдай иін тіресіп емес, арақашықтықты сақтап, бір-бірінен 1 метр жердегі орындықтарға отырады, сол үшін билеттердің 60 пайызы ғана сатылады. Санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің мамандары сапаршылардың температурасын тексеріп отырады.
Президент Қ.Тоқаев айтқандай, әуе рейстерін ашу ел азаматтары үшін, сондай-ақ пандемияға қарсы күреске жұмылған мамандар үшін керек болды. Әрине әлемдегі жетекші әуе компаниялардың өзі шығынға батып жатқанын ескерсек, қазақстандық компаниялардың да жағдайы мәз емес екені түсінікті. Демек, әуе рейстерінің ашылғаны отандық әуе тасымалдаушылары үшін де демеу болатыны сөзсіз.
Саяхат саябырлап қалды
Жуырда Халықаралық әуе тасымалы қауымдастығы (IATA) әр мемлекеттің үкіметін авиакомпанияларға көмек көрсетуге шақырды. Себебі, ондаған жылдық тарихы бар ірі әуе компанияларының да бұл жолғы дағдарыстан шығуға әлеуеті жетпей жатыр.
IATA-ның хабарлауынша, дағдарыс салдарынан әлемдік авиация және туризм салаларымен байланысты секторларда 25 миллионға жуық жұмыс қысқаруы мүмкін.
Болжам бойынша, жолаушылар тасымалынан түскен табыс былтырғымен салыстырғанда 55%-ға кеміген. Жыл аяғына дейін бұл салаларға сұраныс 80%-ға дейін түсіп кетуі мүмкін.
Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының хабарлауынша, күзге қарай халықаралық рейстердегі жолаушылардың жалпы саны 1,2 млрд адамға азаймақ. Соның салдарынан Еуропа мен Азия-Тынық мұхитының әуе кеңістігіндегі ұшақтар азайып, бұл бағыттан түсетін табыс айтарлықтай кемиді.
Дәл осындай жағдай Солтүстік Америка аймағында да орын алады деп күтілуде. Әсіресе жазғы маусымда еуропалық саяхатшылардың басым бөлігі Азия-Тынық мұхиты өңірлеріне жиі әрі тұрақты қатынайтын еді. Төтенше жағдайға байланысты биыл жазды жағалауда өткізетіндердің қатары едәуір аз болатын түрі бар.
IATA бас директоры Александр де Жюняктың айтуынша, әлем саяхатшыларына жүргізілген сауалдама нәтижесінде олардың 60%-ы COVID-19 пандемиясы саябырлағаннан кейін бір-екі ай ішінде саяхатқа шығуға дайын екендіктерін айтса, қалғаны жеке қаржылық жағдайлары тұрақтанғанша қыдыруға асықпайтынын білдірді. Аталған қауымдастық бұл жолғы дағдарыс әуе кеңістігінің тасымалдаушылары үшін үлкен апат, тығырыққа тіреген оқиға екенін айтып, дабыл қақты. Бұл авиакомпанияларға мемлекеттің қолдауы керек екенін көрсетеді.
Халықаралық ұйымдардың осындай батыл мәлімдемесінен кейін бірқатар елдің авиакомпанияларға қатысты саясатында сең қозғала бастағандай. Мысалы, Колумбия билігі авиабилеттерге, авиаотынға және туризм саласына көмек көрсетуге байланысты кешенді шаралар пакетін енгізді, алғашқы жеңілдік ретінде компанияларын салықтан босатты. Ал Гонконг билігі 2 млрд Гонконг долларына әуе компанияларының 500 мың билетін алдын ала сатып алып, артылған ақшаға қосымша шығындарын өтеп берді. Сенегал үкіметі туризм және әуе көлігі секторы үшін 128 млн АҚШ долларын бөлетінін мәлімдеді. Еуропада ақпан айынан бастап жыл соңына дейін аэронавигациялық қызметке төленуі тиіс 1,1 млрд еуроны келер жылға шегерді.
– Әлем авиакомпаниялары «өмір сүру» үшін күресуде. Кез келген елге экономиканы тұрақтандырып, салық төлеп тұруда өміршең әуе компаниялары керек. Әрине, олар бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Осыны ескеріп, әр ел түрлі көмек көрсетіп жатыр. Бұл алдымен қаншама жұмыс орындарын сақтап қалатын маңызды қадам болмақ, – деді Жюняк таяуда БАҚ өкілдерімен кездесу барысында.
Оның баяндамасында айтылғандай, дағдарысқа байланысты жолаушылар табысы 314 млрд долларға кемиді, 25 млн жұмыс орнының азаюы мүмкін, тіпті, кейбір әуе компаниялары дағдарысқа төтеп бере алмай, жұмысын тоқтатуы ықтимал.
Күрделі мәселені шешу үшін қауымдастық директоры авиакомпанияларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуі керек екенін де ашық айтты.
– Бұл салаға тікелей қаржылық көмек қажет. Несие беру, несиеге қатысты кепілдік беру, үкімет пен орталық банктердің корпоративтік облигациялар нарығын қолдауы маңызды болмақ. Сонымен қатар бұл салаға жаппай салықтық «демалыс» жариялау қажет. Өйткені, ұшақтар қазір ұшпайды, табыс жоқ, – дейді IATA бас директоры.
Ол жолаушылардың қауіпсіздік мәселесіне айтарлықтай мән беру керектігін, әр мемлекет бұл бағытта жоспар жасау қажеттігін де баса айтады.
– Авиация саласына тиімді болатын арнайы ғылыми зеттеулер жүргізу керек деп санаймыз. Осы мақсатта біздің қауымдастық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен және Халықаралық Азаматтық авиация ұйымымен тығыз байланыс орнатуда. Тек жолаушылардың денсаулығы ғана емес, авиация саласындағы қызметкерлердің денсаулығы да басты назарда болуы керек, – деді де Жюняк.
Қолдаудан қайыр бар ма?
COVID-19 пандемиясы салдарынан орасан зиян шеккен компаниялар көп. Тіпті, бұл нарыққа кері ықпал ететін шешімдер қабылдануда. Мысалы, Аргентина азаматтық авиация ұйымының әкімшілігі қабылдаған жаңа ережелерге сәйкес, елдің ішінде коммерциялық авиакомпанияларға қыркүйек айына дейін ұшуға мүлдем тыйым салынды. Әзірге карантин кезіндегі әуе тасымалына жасалған ең ұзақ шектеу осы елде тіркеліп отырғанын шетелдік БАҚ жарыса жазуда. Осы орайда бұл жекеменшік компаниялар мемлекет меншігіндегі әуе кемелерімен бәсекелес екені анықталды. JetSMART әуе компаниясының атқарушы директоры Эстуардо Ортиз журналистерге берген сұхбатында жекеменшік компания жұмысын енді бастағанын, оларға шектеу қою туралы ешкім ескертпегенін, Азаматтық авиация ұйымының шешімі талқылауға түспегенін айтып қынжылды. Ол Аргентинадағы әуе саяхаты индустриясы бір мүдде үшін жұмыс істемеуі керектігін, бәсекеге қабілетті болуы қажеттігін айтты.
Төтенше жағдай кезінде тықыр таянған әуе компанияларының тек үкіметке иек артпай, басқа жолдарды да қарастыруы керектігін Ұлыбританияның қаржы министрі Риши Сунак бұған дейін де айтқан болатын. Оның пікірінше, мемлекеттің қолдауы ең соңғы нұсқа ретінде қаралуға тиіс. Р.Сунак дәл қазіргі жағдайда компанияларға акционерлерден ақша жинап «күнелтуге» кеңес берді.
Нарықтың балталасаң бұзылмайтын заңдылығы бар – ешкімге тегін көмек көрсетілмейді. Сол себепті қысылтаяң кезеңде әр сала өз қамын өзі күйттеп әлек. Осы ретте француз билігі Air France-KLM әуе компаниясына көмектесу үшін жалпы сомасы 7 млрд еуро ұзақмерзімді несие берді. Air France-KLM басшылығы барлық шығындарды екшеп, салықтар мен төлемдерді кейінге қалдырғанның өзінде кейбір ұшақтарды есептен шығару мерзімі жетпесе де қолданбауға тура келетінін, кейбір қызметкерлердің еңбекақысын қысқарту жоспарланып отырғанын айтады. Сөйтіп, алдағы уақытта үнемдеудің барлық жолдары қарастырылатын жаңа жоспар құрмақ.
Отандық компаниялардың кірісі құлдырады
Әлемдік авиаиндустрияның басына түскен қара бұлттан қазақстандық компаниялар да құтыла алмады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, отандық авиакомпаниялар жыл соңына дейін 300 млрд теңге шығынға батуы мүмкін.
Төтенше жағдайға байланысты елімізде коронавирус пандемиясына байланысты ішкі рейстер 100%, халықаралық рейстер 98% тоқтатылған болатын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мамырдың 1-інен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арасында әуе тасымалы қайта жанданды. Рейстерді Air Astana, Qazaq Air, Scat әуе компаниялары жүзеге асырады. 4 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге әуе қатынастары қайта жанданады.
Авиация саласындағы сарапшылар бұл дағдарысты әуе кемелері бірден емес, біртіндеп еңсеретінін айтады. «Самұрық-Қазына» АҚ Көлік және логистика жөніндегі басқарушы директоры Қанат Алпысбаев та бұл пайымды қостап, пандемия аяқталғаннан кейін де әуе компаниялары бұрынғы қалпына оралу үшін бірнеше жыл қажет болады деп санайды.
– Мәселен, жаһандық дағдарысқа дейін америкалық әуе жолдары арқылы тәулігіне 2 жарым млн жолаушы тасымалданған, бұл – әлемдік рекорд. Қазір ұшақтар тек 10-20%-ға ғана толтырылуда, трафик 80-90%-ға төмендеді. 2020 жылдың ақпан айында жаһандық жолаушылар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 14,1%-ға төмендеді, – дейді Қ.Алпысбаев.
Ол елімізде жолаушылар тасымалы 2020 жылдың 4-тоқсанында біртіндеп қалпына келетінін, 2021 жылдың бірінші жартысында жағдай біршама тұрақталатынын жеткізді.
– Тек наурыз-сәуір айларында «Эйр Астана» АҚ шамамен 7350 рейс жасауды жоспарлаған еді, оның 4938-і жүзеге асырылмады. Бұл өзгеріс 22 наурыз бен 30 сәуір аралығында орын алған. «QAZAQ AIR» АҚ наурыз-сәуір айларында 1520 рейс жасауды жоспарлап еді, сәуірдің 30-ы күнгі есеп бойынша жасалмаған рейстері 1110 болды. Осының салдарынан, «Эйр Астананың» кірісі шамамен 139,5 млрд теңгеге немесе 33%-ға, «Qazaq Air» АҚ-ның кірісі 6,2 млрд теңгеге немесе 44%-ға төмендеуі мүмкін, – дейді Қ.Алпысбаев.
Таяуда азаматтық авиация саласының өкілдері жыл соңына дейінгі шығын көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін екенін айтты. «Эйр Астана» – 148,4 млрд теңге, SCAT – 84,6 млрд теңге, Qаzaq Air – 2 млрд теңге, әуежайлар – 24,5 млрд теңге, Қазаэронавигация 28 млрд теңгеге шығынға батуы ықтимал. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі таратқан мәлімет бойынша, азаматтық авиация саласында шамамен 20 мың адам жұмыс істейді. Төтенше жағдайға қарамастан, бұл салада қысқарту болған жоқ.