(жалғасы)
Осындай табанды мінез, жасампаздық қуатын ескеріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросы Нұрсұлтан Назарбаевқа 1984 жылы жаңа сенім көрсетіп, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Төрағасы қызметіне ұсынып, Жоғарғы Кеңес оны тағайындау туралы шешім қабылдады.
Қазақ үшін де, сол кездегі Кеңес Одағындағы ең жас Премьер үшін де келесі алты жыл – қайшылығы, сынағы көп, қауіп-қатері көп, түсініспеушілікке толы ауыр жылдар болды. Нұрсұлтан Әбішұлы соның бәрінен қапысыз, жеңіліссіз өтті. Ол кезең өзі бөлек тарауға лайық.
1989 жылғы маусым айында Н.Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, 1990 жылы сәуірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып, ал 1991 жылдың 1 желтоқсанында бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде сайлаушылардың 90 пайызының қолдауына ие болуы да, сөз жоқ, еліміздің ең елеулі, тарихи оқиғалары екеніне сірә ешкімнің дауы бола қоймас.
Қазақ – өзінің шынайы тәуелсіз еркін ел екенін сезініп, өзінің төл мемлекеті үшін сөз сөйлеп, дауыс беріп, еңбек етер құқығына ие болғанына ұжданы өскен жылдар осылай басталып еді.
* * *
...1991 жылдың тамыз айындағы Мәскеуде Кеңес Одағының вице-президенті Янаев бастаған топтың масқаралықпен құлауынан кейін саяси-қоғамдық оқиғалар ешкім болжай алмаған жылдамдықпен өрбіді.
Сол жылғы ең үлкен оқиға – құрамында 20 миллионнан астам мүшесі бар, 74 жыл алып мемлекет билігінде тұрған Кеңес Одағының Коммунистік партиясы ешқандай съезд немесе пленум шақырылмастан, ешкімнің бір әрекет, бір сөз қарсылығынсыз, Ресей Президенті Б.Ельциннің жарлығымен бірнеше минөттің ішінде тақтан тайдырылды. Барлық коммунистердің жоғарғы басқарушы биліктің қандай да шешімін талқылаусыз орындайтын темірдей тәртібі осы жолы да мүлтіксіз “жұмыс істеп” ешкім “тұяқ серіппестен” жойылып кете барды.
Партиядағы осы тәртіпті пайдаланып, Н.Назарбаев та шұғыл түрде Қазақстан коммунистерінің кезектен тыс съезін шақырды да, Мәскеудегі шешім арнасында Қазақстанда да Компартияның таралғаны туралы шешім қабылдады.
Дәл осы оқиғаға дейін Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы Одақты реформалап, жаңа одақтық келісім қабылдау керектігіне мейлінше және білгірлікпен атсалысқан. Алайда, Мәскеудегі Орталық басшылары, әрине, бірінші кезекте М.Горбачев Н.Назарбаевтың көңілге қонымды ұсыныстарымен іштей келісіп тұрса да оны қабылдауға, саяси шешімге баруға тәуекел ете алмады.
1991 жылдың 19 тамызы күнгі Мәскеудегі билік өкілдерінің әрекетінің заңсыз екендігін айтып, ол “ұйымның” тапсырмаларын орындай алмайтындығын басқалардан бұрын жария еткен Нұрсұлтан Назарбаев болды. Осыдан кейін-ақ бұрынғы Одақтың болашағы тұманданып, енді мүлде күтпеген жаңа саяси жағдай қалыптасатыны кімге болса да түсінікті болды.
Президент шұғыл түрде, қысқа мерзімде жаңа мемлекеттік құрылымдар жасақтап, мемлекеттік басқару органдарын қайта ұйымдастыру туралы Жарлығын жариялады. Республиканың Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Одақтық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың Қазақстан Үкіметінің қарамағына көшуі туралы, Қазақстандағы СОКП мүлкі туралы, республиканың сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету туралы, мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы, Сыртқы істер министрлігін құру туралы, Қазақ ССР-інің атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы, т.б. республика өміріне маңызды шешімдер қабылданып, өте ширақ жұмыс жүргізілді.
Бүкіл халықты дүр сілкіндіріп, рухты езген ауыр салмақтан, жанға батқан дерттен құтылғандай әсер етіп, елдің еңсесін көтерген Президенттің ең батыл қадамы 1991 жылдың 29 тамызында қабылданған “Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы” Жарлығы болды. Бұл Жарлық сол кезде тек Қазақстан жұртшылығын ғана емес, Кеңес Одағын түгел елең еткізіп, Орталық биліктің қатты ренішін туғызған еді. Әсіресе, әскери-өнеркәсіп кешенінің ықпалды басшылары Қазақстан Президентінің ешкімнің келісімінсіз өзіндік шешім қабылдауын қатты сынға алып, мемлекеттің қорғаныс қабілетін әлсіретті деген кінә тағуға да тырысып бақты. Семей ядролық полигонын жабу туралы хабар халықаралық дәрежеде үлкен назарға ілікті. Әлемдегі ядролық қаруға ие АҚШ, Англия, Франция сияқты мемлекеттер бұл полигонның болашағына алаңдаушылығын білдіріп, Қазақстан басшылығымен келіссөздер жүргізе бастады.
Сол кездегі қарама-қайшылықты процестерге сараптама жасай отырып, өзінің “Ғасырлар тоғысында” кітабында Н.Назарбаев былай деп еске алады: “... Тіпті Кеңес Одағы әлі бар кезден бастап “ақыл айту” көбейді. Сонау 1991 жылдың 16 наурызында Мемлекеттік хатшы Джеймс Бейкер мені АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігіне шақырды. Түн ортасы ауа кездестік. Бейкер елдегі жағдайды білгісі келді. Бірақ сол кезде-ақ, Батыс ядролық қару мәселесін шешуге жол іздей бастағаны аңғарылды. Бұл турасында сол жылғы 16 қыркүйектегі Алматы ұшырасуында ашықтан ашық сөз болды”.
Осы кітапта Президент ядролық қаруға байланысты сол кездегі қиын келіссөздер туралы кеңінен, әрі егжей-тегжейлі әңгімелеп, сол келіссөздердің қандай нәтижеге қол жеткізгенін төмендегідей қорытындылайды: “...1994 жылғы 5 желтоқсанда, СБСЕ-нің (қазіргі ЕҚЫҰ – Қ.С.) Будапештегі мәслихаты кезінде шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шарттың депозитарийлері — Ресей Федерациясы, АҚШ, Ұлыбритания тарапынан Қазақстан қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер туралы Меморандумға қол қойылды. Онда аталмыш мемлекеттер СБСЕ қағидаларына сәйкес, Қазақстанның саяси тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына қарсы күш қолданбауға, экономикалық зорлық-зомбылық көрсетуден бас тартуға міндеттеме алынды. Біз бұл кепілдіктерді Қазақстанның қарусыздану жолындағы жауапкершіл саясатына берілген лайықты жауап деп санаймыз. Кейін мұндай кепілдіктер ҚХР мен Франция үкіметтері тарапынан да берілді...” (Н.Назарбаев. Ғасырлар тоғысында. 1996, 72-73 беттер).
Алайда, сол кездегі ядролық полигонды жабу жайындағы шешім әлі де дүниежүзілік қоғамдастықта, халықаралық ұйымдарда өзінің лайықты бағасын ала қойған жоқ деп айтуға болады. Біріншіден, жалпы қарусыздандыру жолында да, ядролық қаруды таратпау бағдарында да Н.Назарбаевқа дейін де, одан кейін де осы адамзат тарихында еш мемлекет, еш мемлекет басшысы ондай тәуекелге, ондай шешімге барған жоқ. Екіншіден, адамзатқа, бүкіл әлемге ядролық, техногендік соғыс қаупі төмендеген жоқ. Үшіншіден, бұл қауіпті тежеуге мемлекет басшылары да, әлемнің ең озық технологиялық топтары да ортақ келісім жолдарын табуға ұмтылыс көрсете алмай келеді.
Жоғарыдағы проблемалар, жалпы әлем мемлекеттері басшыларының ядролық қаруды жою жолындағы жауапкершілігі, ЕҚЫҰ-ның тағдыры мен болашағы туралы Елбасы үстіміздегі жылы әлемдік дәрежеде жария болған екі әйгілі мақалаларында сөз қозғап, жаңа заман талабында адамзаттың қауіпсіздігі туралы өзінің тың ойларын ортаға салды.
Оқтын-оқтын ел ішіндегі әртүрлі саяси топтар да бұқара арасында мемлекет басшысын сынағысы келгенде “ядролық қарудан бекер бас тартты” деп қалатындары да бар. Мұндай күмәнға да Президент өзі өте дәлелді, тиянақты уәж айтып, жауап берген екен: “... Ядролық қару ұстау үшін орасан зор қаражат пен жоғарғы дәрежелі мамандар керек. Бізде оның екеуі де жоқ. Оны былай қойғанда, ядролық қаруға ие болу деген сөз, қай кезде қопарылып кетері белгісіз қатер ошағының үстінде отыру және басқа біреудің дәл саған қарай нысаналап қойған ядролық жебесінің сұғында отыру деген сөз. Сондықтан да кейбір адамдар өз жеріміздегі ядролық қаруды ешкімге бермейміз деп даурыға бастағанда, мен қарадай күйзеліп біттім. Ондай даңғойлар әбден уланып біткен Семей жерін көрмейді, қарадай қыршынынан қиылып, қарадай мүгедектікке ұшырап жатқан жазықсыз жандардың тауқыметін түсінбейді. Ашық ауыздарды алдап, арзан бедел жинауға құнығып алған ондайлар, біздің әлгіндей шешімімізге әлі күнге дау айтады.
Қазақ жері бір кездегі қасіретінен енді арылып келеді... ...Сынақ алаңында 459 ядролық жарылыс болды. Оның жүз он үші әуеде жарылды. Олар енді ешқашан қайталанбақшы емес...” (Н.Назарбаев. Ғасырлар тоғысында. 1996, 73-74 беттер). Елбасымыздың осы тақырыптағы тың толғаныстарын күні кеше ғана жарияланған “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” атты мақаласынан да көріп, сүйсініп отырмыз. Бұл мақалада Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің бейбіт атом жөніндегі қағидатты ұстанымын жер-жаһанға жария етті.
* * *
Кеңес Одағы Коммунистік партиясы құлағаннан кейінгі қоғамдағы көңіл күй, адамдардың сол оқиғаға көзқарасы да сан алуан болды. Экономикалық күйзеліс пен рухани күйреу қатар өрбіді. Ең бастысы – сенім кетті. Енді Одақтың да өмірі күмәнді болып қалды.
Осындай күйзеліс, дағдарыстан елді де, қоғамды да құтқарған – еліміздің Президенті болды. Ол шұғыл түрде Жоғарғы Кеңеске “Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” заң жобасын ұсынды.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Жоғарғы Кеңесте күні бойы үлкен пікірталас үстінде “Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңының жобасы талқыланды. Сол күнгі ХІІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің мәжілісіне Президент Нұрсұлтан Назарбаев, 360 депутат, Үкіметтің толық құрамы түгел қатынасты. Заңның әрбір бабы, қазақ ұлтының ұлттық мүдделері, әсіресе тілге, ұлтаралық қатынастарға, мемлекетаралық мәселелер, кереғар пікірлер мен ұсыныстарға толы болды. Талқылау барысында Президент әлденеше рет сөз алып, депутаттардың кейбір ұшқары ұсыныстарына байыптылықпен, дәйектілікпен дәлел келтіріп, ортақ пікірге шақырып, кейбір жағдайда өз ұсыныстарын да дауысқа салып, заңның сапалы қабылдануына өлшеусіз үлес қосты. Депутаттар арасында болған белгілі заңгерлер, көрнекті ғылым, мәдениет, әдебиет қайраткерлері де аянып қалған жоқ. Әсіресе зиялы қауым өкілдері Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Әнуар Әлімжанов, Өмірбек Жолдасбеков, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Зинаида Федотова, Сұлтан Сартаев, Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин, Александр Княгинин, тағы басқа депутаттардың орынды сөз, ұтымды ұсыныстары заң жобасын ширықтырып, сапасын арттырды. Кешке қарай заң толық қабылданып, Президент мәжіліске қатынасушыларды, депутаттар арқылы бүкіл Қазақстан халқын мемлекеттік тәуелсіздігімізбен құттықтады. Ескі гимн орындалды. Ғасырлар бойы бабалар армандаған дербес мемлекет болатынымызды сезінген кеудемізді қуаныш кернеп, тебірендік. Көзімізге жас келді. Бөркімізді аспанға аттық.
Президент тапсырмасы бойынша БҰҰ-ға, барлық халықаралық ұйымдарға, барлық мемлекеттерге жедел ақпарат тараттық (мен ол кезде Мәскеудегі бүліктен кейін, 31 тамызда тұңғыш құрылған Бұқаралық ақпарат құралдары және баспа министрі қызметінде едім). Түні бойы Президент Әкімшілігі мен Үкімет кеңсесінде жүрдік. Министрлік кеңселері де, бұқаралық ақпарат құралдары, редакторлар, редакциялар түгел жұмыста болды. Түнгі он бірден асқанда Президент телефон соғып, Түркия Үкіметінен біздің Тәуелсіздігімізді мойындап, құттықтаған алғашқы телеграмма келгенін айтты. Келесі күні АҚШ-тан, тағы басқа елдерден хабар түсіп жатты....
Жаңа өмір басталды... Рухымыз көтеріліп, ойымызды ерекше қуат биледі. Алғашқы үкімет отырысын Президент өзі жүргізді. Министрлерге бұрын атқармаған жаңа тапсырмалар берілді. Әр күніміз бір ай, бір айымыз бір жылға татитындай қауырттықпен, айрықша серпіліспен, тәуелсіз ел, мемлекет болдық деген сезіммен жұмыс жасадық. Қоғамда қайшылық көп. Бұрынғы одақтық экономикалық жүйе мүлде күйреп, өнім өндіру доғарылып, ірі кәсіпорындар, зауыттар, фабрикалар тоқтап, жаппай жұмыссыздық дендей бастады. Қаржы жүйесі де тежеліп, әр деңгейдегі жергілікті, республикалық бюджет те сарқылып, инфляция күшейді. Дүкендер сөрелері қаңырап бос тұрды, халық тұтынатын тауарлар жоқ. Зейнеткерлер зейнетақысын, мұғалімдер, дәрігерлер жалақысын, студенттер стипендияларын уақытында ала алмай зарықты. Заңдар қабылданып үлгере алмай, үлгергеннің өзінде бұрынғы Одақ көлеміндегі қалыптасып қалған қатынастар жаңа талапқа сай үйлесіп, үйрене алмай, аласапыран болып жатты. Кез келген мекеме, кәсіпорындарда, тіпті жоғары оқу орындарында, көшелер, алаңдарда бастамашы топтар құрыла қалып, дуылдаған митингілер өтіп жатуы үйреншікті жағдайға айналды. Есігіміз, телефонымыз ашық, сол жиналыстарға үкімет мүшелерін, билік өкілдерін күн сайын шақыратын. Қордаланған экономикалық, саяси әлеуметтік проблемалар шаш етектен. Күндіз есіл уақытымызды осындай жиналыс, митингілерде өткіземіз, елдің сұрақтарына жауап береміз, айтқандарын тыңдаймыз, жағдайды түсіндіреміз. Кешкі уақыттарда түн ортасына дейін отырып, заңдар жазамыз.
Президенттің қызметі дамылсыз, ұйымдастыруы да, тапсырма беруі де, бақылауы да жүйелі. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының төңірегінде жүрген лауазымды қызметкерлер негізінен ол кісіден жасырақ та, өзімізше ыстық-суықты көріп, шынығып өскен, әжептәуір дайындығымыз да баршылық азаматтар болсақ та бірінші басшының қуаты мен қарым-қабілетіне таң қалатын едік. Қысқасын айтқанда – жығылып-сүрініп, шаршап, шалдығып істеген жұмыстарымызды екі-үш орап, көп нәрсеге бізден бұрын үлгеріп жүретін.
Президент өзінің жанынан құқықтық, қаржы-экономикалық, саяси-әлеуметтік жүйелерді реформалау шараларын белгілейтін арнайы мемлекеттік комиссиялар құрып, олардың құрамында жұмыс істеуге тек үкімет немесе ресми билік өкілдерін ғана тартумен шектелмей, көптеген қоғамның әр саласынан ғалымдар, мамандар, сарапшыларды қосып, олардың мүмкіндіктерін ортаға салуға жағдай туғызды. Дүние жүзінің, әлемнің ең озық дамыған елдерінің мемлекеттік тәжірибесін зерттеп, біздің өмірімізге, мемлекетімізге сәйкес келетін жағымды жақтарын пайдалануға мән берді. Бізді көп нәрсеге жаңаша қарауға үйретті, өзі де үйренуден жалықпады. Шет ел мамандарының, белгілі қаржыгерлер, экономистер, саясаткерлердің біздің елге көптеп келіп-кетіп жүргендерімен кездесіп, мүмкіндіктерін байқап, олардың ұсыныс-кеңестерін мемлекет құру ісіне жаратты. Қазақстаннан тыс жерде, басқа елдерде, әсіресе Ресейде әртүрлі қызметтерде жүрген ұлты қазақ мамандарды елге шақыртып, олардың білімін тиімді пайдалану мақсатында қызмет беріп, тұрмыс жағдайларын шешіп, өз Отанына қызмет етуге, ұлттық мемлекетінің шаңырағын көтерісуге жұмылдырды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қысқа мерзімде, бірнеше айдың көлемінде жүзден астам мемлекет Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға келісімге келді.
Президент шұғыл түрде Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасын, әскери доктринасын жария етті. Ел ішіндегі жаппай реформалар мен кезек күттірмес мемлекет құру жұмыстарын бір сәтке де кідіртпестен, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып, басқа елдермен тең терезелі, достық қарым-қатынас орнатуға екпін беріп, күш салды. Дүниені кезіп жүріп, дос іздеп, тілектес жинады. Бұрын “қазақ” деген сөзді естіп көрмеген президенттер, корольдер біздің Елбасының жарқыраған маңдайын, жарқылдаған көзін, өтімді сөзін, жасампаздық қайратын, қыран қанаты қалықтап, желбіреген көк туын көріп, қуатты әнұранына құлақ түріп, құшағын жайғанда қазақтың мәртебесі көкке көтерілді.
Президенттің басқа елдерге әрбір сапарының мазмұнының өзі бір емес, бірнеше мақалаға жүк. Қазақтың көк туын көтеріп жүріп, елін басқалармен тең етті. Бөтендердің қазаққа деген сенімін тұрақтандырып, соның арқасында ел экономикасына қысқа мерзімде миллиардтаған инвестиция ағылды.
Нұрсұлтан Әбішұлының сыртқы саясаттағы көрегендігінің әлденеше рет куәсі болдық. Соның бірі – 1992 жылғы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47 сессиясында сөйлеген сөзіндегі Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары Кеңесі (АӨСШК) туралы ұсынысы. Бастапқы кезде, әсіресе шетелдік әріптестер бұл ұсынысқа терең мән бере қоймағаны жасырын емес. Біздің Президент қажымастан, күмәнданбастан, қобалжымастан осы бағыттағы дипломатиялық ұстанымын он жыл үзбей жүргізуінің нәтижесінде 2002 жылы Алматыда Азиядағы 17 мемлекет басшылары негізгі мүше ретінде, ал 5 мемлекет басшылары бақылаушы дәрежесінде қатынасқан бірінші басқосуы болып, бұл Азия континентіндегі осындай өзара сенім сипатындағы тұңғыш халықаралық ұйым болып қалыптасты.
Қазір жүйелі жұмыс жасап, өз дәрежелерінде таным, сенімге ие болған ТМД, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Кедендік Одақ біздің Президентіміздің бастамашылдығымен құрылып, осы ұйымдарға кіретін барлық елдердің ынтымақтастығы мен бейбіт қарым-қатынасына, игілікті дамуына жұмыс істеп жүрген ұйымдар.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің өзі – біздің еліміздегі экономикалық, саяси реформалардың тиімді жүргізілуі, жаңа Қазақстанның әлемде танылуы және – Президентіміздің халықаралық беделінің көрнектілігінің нәтижесінде қол жетіп отырған тарихи жеңіс.
* * *
Президент те қаншама айрықша күш, қайрат, қуат иесі болса да, кәдімгі ет пен сүйектен жаралған адам, пенде. Бірақ, қанша пенде дегенмен де жәй адам да емес. Оның жүріс-тұрысы да, сезім түйсігі де бәрімізден өзгешелеу. Ең негізгі қасиеттері – оның табанды, төзімді мінезі, қандай қиын жағдайда да саспайтын ұстамдылығы, қалғымас тапқырлығы мен сарқылмас ерік күші. Бойындағы осы қасиеттерін халық көріп келеді. Осындай билігінің арқасында талай түйін шешілді, көп қайшылық жойылып, тұйықтан жол табылды. Осының бір айғағы ретінде Елбасының дағдарыс өршіп тұрған 1997 жылғы Қазақстанның 2030 жылға стратегиялық даму жоспарын жария еткен халыққа Жолдауының маңызын айтсақ та жеткілікті. Әуел баста қоғамда да, кейбір сарапшылар да “елге жалақы, зейнетақы төлей алмай отырғанда қайдағы “гүлденген Қазақстан” туралы айтуға болады?!” – деген сыңайда күдік болғаны да рас. Өмір Президенттің ұстанымының мүмкін екендігін дәлелдеді. Оған үстіміздегі жылдың 29 қаңтарындағы кезекті Жолдауында баға берілген алғашқы онжылдық нәтижелері арқау бола алады. Тұрмыс оңала бастады. Соңғы жылдардағы жаһандық дағдарыс жағдайының өзінде әуел баста қабылданған әлеуметтік бағдарламалар толық орындалып келеді.
Мемлекеттің әлеуеті қуаттанып, өмір сапасы өсіп келеді. Президенттің мемлекеттік еңбегінің бірден бір мақсаты да осы көрсеткіштер болса керек.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тек экономикалық құлдырау ғана емес, саяси-қоғамдық, рухани, гуманитарлық салалардағы дағдарыс та адам өміріне өзінің шарпуын тигізді. Қазақтар қанша экономикалық зардап шегіп жатса да, тәуелсіздік рухына жалғасып, болашақ үмітке ұмтылып, өмір сүрді. Алайда, басқа ұлттар өкілдері әлі бұрынғы Одақтың құлағанына сене алмай, кейбіреуі өз елімізді табайық деп, көшіп, кетіп жатты. Кейбір өңірлерде тіпті сепараттық әрекеттер де бой көрсетпей қалған жоқ.
Президент өзі бастап, қалың ел, барлық ұлттар өкілдерімен кездесіп, олармен ашық сөйлесіп, жаңа Қазақстанның ұлт саясатының мемлекетте тұратын барлық ұлт өкілдерінің тең құқықтығын сақтап, ұлтына қарай ешкімді ешқандай кемсіту болмайтындығын айтып, дамылсыз кездесулер өткізіп, мемлекеттің ұлтаралық келісімге негізделген салиқалы саясатын түсіндіруден жалықпады. Бұл ұстанымдар 1993, 1995 жылдары қабылданған Конституцияларда да бекітілді. Осы мақсаттардың жүзеге асырылуына оң ықпал ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның құзыры арнайы заңмен бекітілді. Ел ішіндегі тыныштық, саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім мәселелері Президент назарынан бір сәтке де қалған емес.
Президент сондай-ақ ел ішіндегі тыныштық пен түсіністік жағдайын, ең алдымен көршілес елдермен достық, бейбіт қарым-қатынасқа ұластыруға талпынады. Әсіресе, көршілес Ресей, Қытай, Өзбек, Қырғыз, Тәжік, Түркімен елдерімен үздіксіз қарым-қатынас жобасын жүзеге асыруға мүдделі. Президенттің интеграциялық саясаты да ел мүмкіндігін, қазақтың еркін өсіп өнуінен туындайды.
* * *
Тәуелсіз мемлекетіміздің айқын көрсеткіші, рәмізі – мемлекеттік шекара. Бабаларымыз көзінің қарашығындай қорғап, қасық қанындай қасиеттеп өткен ең асыл мұрасы – қазақ елінің жері. Ежелден қазақ жерінің жобалы шекарасы болғанымен біздің бүгінгі заманымызға дейін ресми түрде заңмен бекітіліп, көршілес, шекаралас мемлекеттермен арнайы келісіммен хатталып, мойындалып, халықаралық ұйымдармен танылған мемлекеттік шекара белгіленген емес.
Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселені ең басымды міндеттердің қатарына қойып, жүзеге асыруды қолға алды,
1995 жылдың 11 мамыры. Кешкі сағат 17:00-ге Президенттің қабылдауына шақырылдым. Өте жылы қарсы алды. Жаңадан ұйымдастырылып жатқан Халық бірлігі партиясының жағдайын сұрады. Әртүрлі мәселелер жайын сөз еттік. Бір кезде:
– Мен саған мүлде сенің ойыңа келмеген ұсыныс айтқалы отырмын, – деп әдеттегісінше қадала қарады да сәл үнсіздіктен кейін әңгімесін жалғастырды.
– Өзің білесің, осы мемлекетімізді қайтсек күшейтеміз, қуаттандырамыз деп, бұрын-соңды болмаған қанша дүние жасап жатырмыз. Қасымда жүрсің, ыстық-суықты бірге көріп келеміз. Мына экономиканың қиындығы болып тұр. Бәрін қайта жасауға тура келіп тұр. Бұл тығырықтан да шығамыз.
Осы үш-төрт жылдың ішінде қаншама елмен тереземіз тең қатынас орнатып келеміз. Бізді ешқашан білмеген, танымаған елдердің елшіліктері ашылып жатыр. Өзіміз қанша елшілік аштық. Өзің ойлашы – мынау Ресей, Қытай, Германия, Франция, Америка – қашан бізбен тең сөйлесіп еді?!
– Оныңыз рас. Рас айтасыз, – дедім, сәл кідіргенін пайдаланып, – Сіз өзіңіз әлемді аралап, қазақты танытып жүрсіз ғой, – дедім.
Президент енді әңгімені тереңнен қозғады.
– Тарихтан білесің, аталарымыз ежелден Шығысымыз бен Солтүстігіміздегі екі алып елмен қатынасқа айрықша мән берген. Абылай бабамыз да екеуімен бірдей қатынас жасап, қазақты сақтап қалған ғой. Қазір жаңа заман. Жаңа жағдай. Мына Қытай қатты дамып келеді. Төраға Цзян Цзэминьмен Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығында кездестім. Жақсы әңгімелестік. Елшілікке республикада көрнекті қызмет істеген, өзіңнің ең сенімді адамыңды жібер деп отыр.
Әңгіменің төркінін енді түсініп, селт ете қалдым. Бірақ сыр бермеуге тырысып, үндемедім.
Президент:
– Әрі ойлап, бері ойлап, соған сені лайық көріп отырмын, – деп маған “не дейсің?” дегендей сұрау мағынасымен қарады.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, шынында да мен мүлдем күтпеген, тіпті үш ұйықтасам түсіме кіретін әңгіме емес екен. Оның үстіне қытай маманы емеспін, тілін оқымадым, білмеймін.
– Егер келіссең – мүлдем жаңа өмірің басталады. Ойлама, бұл қызмет сенің бұрынғы қызметтеріңнен төмен екен деп. Бұл – премьердің орынбасарынан кем емес. Бірақ айттым – бітті деп отырғаным жоқ. Ықыласыңмен бар. Тіл білмейтініңді білем. Әрине, білгенге не жетсін. Бірақ, біз қазір барлық жақты кәсіби дипломаттармен қамтамасыз ете алмаймыз. Қытай сияқты ірі елдерге саяси, мемлекеттік қызметтерде өзін көрсеткен, сол елдің Үкіметімен тең дәрежеде сөйлесе алатын, тәжірибелі адамдар жіберуге мәжбүрміз. Мұндай тәжірибе ежелден бар. Кезінде Полянский, Толстиков деген Политбюро мүшелері – бірі Жапонияға, бірі Қытайға елші болған. Есіңде болсын, егер Қытайға бара қалсаң – еліміздің, қазақтың мүддесіне үш ірі жұмыстың жасалуына тікелей өзің қатынасып, өзің мұрындық боласың. Біріншісі – Қазақстан – Қытай арасындағы шекаралық толық келісімге қол жеткізу – міндетіміз. Екіншісі – Қытайдағы қазақтардың сол елдегі құқы, сол елде өсуі, өркендеуі, Отанына келем дегеніне жағдай туғызу. Үшіншісі – шекаралық өзендерді тең пайдалану жөнінде екі ел арасында келісім қабылдау, – деп алды-артымды орап тастады. Сәлден соң сөзін жалғастырып:
– Сауда-экономикалық қатынастың көлемі өседі, болашақта мұнай туралы да Қытаймен қарым-қатынастың уақыты келеді, – деп қорытты.
Әрине, Президенттің қазақтың мүддесі деп атаған үш күрделі мәселесін естігеннен кейін қандай солқылдақтық болуы мүмкін?
Бұл кездесуді еске алудағы мақсат – Елбасының не мәселенің болса да терең тамырын ойлайтындығын, екіншіден, Мемлекет басшысының адаммен сөйлесу шеберлігін, жоғары мәдениетін, қамқорлығын көрсету, үшіншіден, әсіресе, Қазақ елінің шекарасының заң жүзінде тиянақталуындағы Елбасының тарихи еңбегін айту.
Тәуелсіз Қазақстанның жан-жақты көршілермен шекарасын анықтап, толық қамту Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесіне тиді. “Тиді” дегенде, ол өздігінен келе қойған жоқ. Солай боларына салиқалы, дәйекті келіссөз жүргізіп, өз әріптестері – мемлекет басшыларының көзін жеткізіп, тілін тауып, мәмілеге келе алғандығын айту маңызды. Ол жұмыс бүгінгі Қытаймен қарым-қатынастан басталды. Жалпы Қытай мемлекеті, елі заңды, қол қойылған құжатты қатты сыйлайды. Дәстүрлі түрде заң тыңдағыш, заң сыйлағыш халық. Мәнісін қысқа қайырып айтар болсақ – Қытай ежелден өзімен шекаралас 15 мемлекеттің ешқайсысымен шекаралық келісімге қол жеткізуге мүдделі болмаған. Тіпті Кеңес Одағының дәуірлеп, күшейіп тұрған кезінде шекаралық келіссөздерді тығырыққа тіреп отырған. Ол үшін шартты “даулы учаскелер” болды.
Сол тоңды 1995 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға ресми сапары кезінде Қытай Төрағасы Цзян Цзэминьмен келіссөзінде жібітті. Келіссөздерге бөгет болып келген “даулы учаскелерді” екі жақтың мүддесін сақтай отырып, қарастыратын болдық. Осыдан кейін-ақ шекара келісімі туралы келіссөздер өз уақытында және нақты нәтижемен жүргізілді. Қытай Төрағасы 1996 жылдың 4 шілдесінде Қазақстанға тұңғыш сапары кезінде өткен кездесу кезіндегі қол жеткізген келісімдерді толық қолдап, Қазақстан-Қытай қатынасын тек қана достық бағытта дамытатынын айтты. Хаттамадан тыс кездесу кезінде: “Президент мырза, шекара мәселесі ең сезімтал жер. Сіз мәселені дұрыс қойып жүрсіз. Мен Төраға кезімде осы тарихи мәселені бітіріп алайық”, – деп ықылас білдірді.
Сонымен, 1997 жылдың қыркүйегінде Алматыда бірінші қосымша келісімге (келісім көлемі – 1300 бет), 1998 жылы қазанда Пекинде – екінші қосымша келісімге, ақыры 1999 жылы қарашада Қазақстан-Қытай шекара мәселелерінің толық реттелуі туралы Коммюникеге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, КХР Төрағасы Цзян Цзяминь қол қойып, ғасырлар бойы шешілмей келген Қазақстан-Қытай арасындағы 1748 шақырым шекара заңдастырылды. Ол келісімдер екі жақтан да ратификацияланып, БҰҰ-да мақұлданды.
Қытай өзімен шекаралас 15 мемлекеттің ішінде Қазақстанмен бірінші болып, толық шекаралық келісімге қол қойды. Енді барлық карталар сол келісімге сәйкес жасалатын болды.
Осыдан кейін – 2005, 2006 жылдары Қазақстан-Ресей арасындағы 7.500 шақырым шекара заңдастырылды. Бұл келісімге Ресей жағы да мүдделі емес еді. Оның үстіне кезінде шекараға байланысты Солженицын, Горбачев, тағы басқа саясаткерлер айтқан арандатқыш пікірлер де Ресей қоғамының кейбір орталарында тілге тиек болып жүргенін ескерсек, бұл келісімнің тарихи маңызы зор.
Сол сияқты басқа да көршілес елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерімен құрлық шекара келісімдерінің тарихи маңыздылығын дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас.
Қазақтың мүддесін қорғайтын осындай тарихи маңызды нақты іс әрекеттерді жүзеге асырып, шешім қабылдау бақыты тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлесіне тисе – өзінің еңбегіне қарай, тарихи жеңісі деп айту әділдік болар.
Ғасырлар бойы Еуразияның кең даласын кезіп, жан сақтап, ұрпақ сақтау арқылы жерін сақтау үшін жанын пида еткен қазақтың әлемнің озық елдерімен, өркениетімен қатынасып, бойын теңестіріп, өркендеуге бет алған қозғалысы – осы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақтың жаңа дәуірі.
Осы дәуірде қазақ не істей алады, сапасы, мүмкіндігі қандай болмақ, біз, ұлтымыз, кім, қандай боламыз, – әрине, мұның бәрі жалғыз ел бастаушы Президентке ғана емес, бүкіл ұлтқа, елге сын.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор.