Мемлекет, қоғам, президенттік басқару жүйесі, мемлекеттік құрылымдар туралы сөз қозғағанда – Президент, оның қызметінің қаншалықты нәтижелілігі туралы айтпай кету мүмкін емес. Әсіресе Президенттің қызметі халықтың көз алдында, сондықтан да ол қоғамдық пікірдің үздіксіз назарында, тілдің ұшында.
“Біз тәуелсіз мемлекет болдық” деп әлемге жар салған алғашқы сәттен бастап, одан кейін бүкілхалықтық демократиялық сайлау жолымен мемлекет құрылымының президенттік басқару жүйесін таңдадық. Бұл – халықтың таңдауы. Бүкіл халық болып сайлаған Президенттің ресми құзыры қуатты. Ол жүйе өзінің өміршеңдігін дәлелдеді де. Әрине, қандай да мемлекеттік институт өздігінен жұмыс істей алмайды. Оның жұмысын көрсететін де, дәлелдейтін де нақты Адам, Тұлға, сол Адамның іс-әрекеті мен жауапкершілігі, білімділігі мен біліктілігі, әділдігі мен қайраткерлігі. Келер жылы біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге 20 жыл толады. Президент осыны ойлап, оған көбірек мән беріп жүргені белгілі. Тек тарихи мезгілге ғана байланысты емес, біз қазіргі кезде мемлекетіміздің, мемлекеттік құзырлы орындардың, мемлекеттік институттардың қалыптасу құбылысын жан-жақты сарапқа салып, оның жетістіктері мен кемшіліктерін, жіберген қателіктерімізді, олардың себептерін анықтап, сыни баға беруді ескергеніміз абзал. Ол біздің дамуымыз үшін, мемлекетімізді күшейту үшін, болашағымыз үшін қажет.
Біздің мемлекеттік тарихымыздағы ең ірі, ең бастапқы алғышартты оқиға – Тәуелсіздігімізге байланысты зерттеулер, мақалалар жарияланып, оқу орындарында, ғылыми-сараптамалық ұжымдарда ғылыми-тәжірибелік конференциялар, “дөңгелек үстелдер” өткізілуі әбден орынды. Осы бағытта біздің Конституциямызға сәйкес демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құрудың күрделі жолдарын сараптау саяси-қоғамдық күштердің, бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмасы да белгілі.
Бүгінгі өміріміздің барлық жетістіктері, ұлтымыздың жаңа замандағы қайта өрлеп, өркендеуі, рухани, экономикалық еркіндігіміз, дүниежүзілік қоғамдастықпен, әлемнің дамыған ел, мемлекеттерімен тереземіз тең жағдайда қарым-қатынас жасау мүмкіндігіміздің барлығының да бастауы – біздің мемлекеттік Тәуелсіздігімізде. Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан да әрбір қазақ осыны түсініп, қадірлей, көздің қарашығындай сақтай алатындай санада болуымыз қажет. Тәуелсіз, дербес мемлекет құру кезеңінің өзі қазір тарихтың үлесіне көшіп барады. Жиырма жылда өмірге жаңа ұрпақ келіп, жаңа буын қалыптасып қалды. Тәуелсіздік қарсаңында дүниеге келген буын есейіп, өмірге араласа бастады. Олар бүгінгі өмірді “дәл осылай ылғи өздігінен болып тұрған екен, тұрады екен” деп қабылдауы да мүмкін.
Тәуелсіз мемлекет құру ісі мен Президент қызметі қатар жүретін егіз ұғым. Біздің мемлекет құру ісінде көңілге қонымды, рухани санамызды қуаттандыратын шараларымыз баршылық. Ол туралы белгілі дәрежеде айтылып та, жазылып та жүр. Мемлекеттігіміздің тарихында бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, армандап, қол жеткізе алмай шерменде кеткені анық. Мемлекеттік дәрежеге біздің бүгінгі ұрпақ қол жеткізу бақытына ие болдық. Ондаған, жүздеген жылдарда бұрын-соңды болмаған ғажайып өзгеріс, құбылыстар бірнеше жылдар аралығында жасалып, ел игілігіне айналды.
Қысқа мерзімде еліміз бұрынғы Кеңес Одағы құлағаннан кейін жайлаған дағдарыстан шықты. Ұлттық теңгеміз айналысқа кірді, жаңа экономикалық қатынастар қалыптасты. Өндіріске жаңа технология келіп, озық дәуірге тән еңбек мамандары өсе бастады. Әлеуметтік тұрмыс жақсарды. Өзінің сәулетімен кімді болса да таңғалдыратын жаңа Астана салынды. Мектептер, жоғары оқу орындарының нысандарын, материалдық базасын күшейту мықтап қолға алынды. Денсаулық саласының жаңа жүйесі қалыптасып келеді. Дүниежүзіндегі ең озық жабдықтар ауруханаларға орнатылып, қауіпті кеселдерді емдеу қолға алынды. Өнер өрледі. Қазақты әлем таныды. Бізбен басқа елдер санасатын болды. Мемлекеттігіміз тұрақтанды. Мемлекетіміздің халықаралық жағдайы жақсарып, сенім артып, беделі өсіп келеді.
Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еткен алғашқы сәттен бастап, бүгінгі күнге дейінгі барлық жетістіктеріміз бен көрген жақсылығымыз, дербес мемлекетіміздің қуаттануы мен абаттануы ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен, еңбегімен, басшылығымен тікелей байланысты. Президенттің қазақ халқы алдындағы, мемлекет алдындағы атқарған қызметі зор, еңбегі ерен.
Нұрсұлтан Назарбаев жаһанның жаңа кезеңінде, қазақ елінің жаңа дәуірін, ұлт рухының қайта өркендеп, өркениетке ұмтылуын ұйымдастырып, мемлекетіміздің әлемдік бәсеке дәрежесіндегі даму үдерісіне батыл араласып, қиын да күрделі, ауыр да абыройлы жолын бастады. Бұл – қазақ халқының үлесіне тиген тағдыр мен тарихтың сыйы. Халықтың, ұрпақтың мүмкіндігі. Талай ғасыр өзімізден зор келген саясат пен саяси жүйе тұсында жойылған рухани еркіндігіміздің орнын толтырып, өркениетті елдер қатарында өмір сүру мақсатында көптеген игі шаралар жүзеге асып жатыр. Мынау, болжауы қиын аласапыран дүниеде кездейсоқ толқынның жалында кетпей, бірлігі берік, ұстанымы мықты ел екенімізді көрсететін қимыл, іс-әрекет жасау керектігіне барлық мемлекеттік құрылымдар жұмылуда. Барлық жақсылық пен өсу, өркендеу көріністері халықтың көз алдында.
Осындай мүмкіндікті пайдалана алмаған өкініштеріміз де жоқ емес. Сол кемшіліктің ең бастысы да, ең қауіптісі де – қоғамда отаншылдық сана тәрбиелеудегі кемшіліктеріміз. Әуел бастан тәуелсіздігімізге мәз болып, сол тұста өмірге араласатын буынға тәуелсіздік талаптарын, олардың рухани құндылықтарын жеткізу мақсатында бірқатар рухани мәдени тәрбиелік, өнегелік шаралар жүргізуге талпынсақ та, сананы бірден тұрмыс билеп кетті. Еркін экономиканы желеу етіп, дүниеқорлыққа, өзімшілдікке мейлінше жол берілді. Әсіресе, қолдары бұрынғы мемлекет меншігіне жеткендер мемлекет мүддесінен аулақтап, басқаның есебінен өз жағдайын күйттеуді кәсіпке айналдырды. Бай болу – жалғыз мақсат болып, адамгершілік, тазалық, адалдық екінші кезекке ысырылды. Біздегі үлкен қателіктің басы – “рынок осы екен” деп билігі жеткен арсыз адамдар шімірікпестен халық қаржысына салынған негізгі қор, өндіргіш күштер, жылжымайтын мүлік тағы басқа дүниені қармап, өзара бөліске салды. Олардың ортақ мүддесі – баю болды. Ақша үшін бір бірімен ауыз жаласты, бір-бірін атты, шапты, сатты. Кейбіреулер керемет, әп-сәтте, бір түйме, бір шеге өндірместен, шіріген бай боп жатты. Соларға жем болған кейбіреулер тоз-тоз болып, қаңғып та кетті. Және осыны өкінішке орай, тікелей қолында билігі бар адамдар және сол билік өкілдеріне жақын, сыбайлас адамдар жасады. Мұндай принциппен топтасқан адамдар тікелей жемқорлықты туғызып, өрістетті. Бұл идеология, ақшаға құнығу – әсіресе, ана бір жылдарда мейлінше өріс алды. Сол кезде ақшалыны сыйлап, ақшасыз адамдарды көзге ілмеген, сөзіне құлақ аспаған премьер енді шет елден біздің елге рухани құндылықтарды, патриотизмді уағыздағысы келеді. Мемлекет бүгінгі күні осыдан зардап шегіп отыр.
Елбасы осы жылдары талай азаматтарды билік басына көтерді. Негізінен олардың көпшілігі өз міндеттерін біліктілікпен атқара алды. Алайда, оларға өз ұлтының, елінің, мемлекеттің алдындағы жауапкершілік пен жанашырлық сезімі, санасы, түйсігі жетпей жатты. Мәселен, қазақ шенеуніктері үшін Елбасының: “қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” деген сөзінен кейін, нендей “тоқпақ” қажет?! Әсіресе, биліктегі адамдардың бойында отаншылдық, патриоттық сана жоқтың қасы дейтініміз осыдан.
Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жариялады. Арнайы мемлекеттік агенттік те құрылды. Партия тарапынан да қоғамдық баға беріліп жатыр. Нәтиже де жоқ емес, бірақ жеткіліксіз. Өкінішке орай, құқық органдары жемқорлыққа қарсы сауатты, тәрбиелік, алдын ала профилактикалық жұмыс жүргізудің орнына, қоғамда үрей орнатып, “показательный” ұстау ұйымдастырып, әртүрлі ведомство бірінің қызметкерін бірі ұстап, сыбайластық пен жемқорлықты одан әрі өрбітті. Құқық қорғау органдары халықтың, әрбір адамның құқығын, еңбегін қорғаудың орнына елді жаппай қорқытып, өзіне тәуелді етуге әрекеттенеді.
Елбасы өз Жолдауында құқық қорғау органдарына реформа жүргізу қажеттігін айтты. Тек жазалау жолымен жемқорлық пен сыбайластық сияқты індеттен құтылу мүмкін емес. Сананы өзгертетін мемлекеттік жүйе, мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Қоғам таза болуы үшін адам таза болуы керек. Байлардың қатары көбейіп, тұрмыс жақсы болғанына ұмтылу дұрыс. Таза, адал еңбегімен, өз білімімен байлық құрғысы келген адамға мемлекет тарапынан құқықтық кеңістік жасалып, адамның қабілетіне мүмкіндік берілу арқылы қуаттанып жатса құба-құп.
Бұл – біздің мемлекеттігімізге бөгет болып келе жатқан мешеуліктер мен зиянкестіктер. Осы сияқты жағдайлар елдің көңіл-күйіне, адамдардың сенім-нанымына, мінез-құлқына да әсер ететіні түсінікті. Елдің әлеуметтік тұрмысының хал-ахуалы, қоғамдық саяси өмірге араласуы, рухани, мәдени дүниетанымы, ұлтаралық көзқарасы сияқты толып жатқан сезімтал проблемалардың бір мемлекет аясында келісім негізінде қанағаттанарлық жағдайда сақталуы да, әрине, басшылықтың, тікелей ең алдымен Президенттің қайраткерлік саясатының нәтижесі.
* * *
2010 жылдың 12 наурыз күні мемлекет Президентінің шақыруымен атқарушы билік құрылымдары басшыларының жиналысы өтті. Оған Президент Әкімшілігінің басшы қызметкерлері, Үкімет мүшелері, облыс әкімдері қатынасты. Бұл шара – әдеттегі жұмыс тәртібімен өткізіліп жататын және өткізілуге тиісті де, қалыптасқан кезектегі кездесулердің бірі еді. Онда қаралған күн тәртібі де еліміздің өркендеуіне байланысты жаңа жобалар мен іс-қимыл әрекеттердің барысы, кейбір мемлекеттік құрылымдардың заман талабына сай өзгеруі, соған сәйкес лауазымды, басшы қызметкерлердің жаңадан тағайындалуы, ауыс-түйісі дегендей, мемлекет тіршілігінің аясындағы үйреншікті құбылыстар. Әйткенмен де мұндай жиналысты Президент өткізсе, оған халықтың қызығушылығы да ерекше. Қоғам әркез Елбасының сөзінен жақсылық нышанын іздеп, күтіп отыратыны қалыптасқан жағдай. Жиналыстан БАҚ хабар таратып, ондағы әңгіме ауаны дер кезінде қалың жұртшылыққа жеткізілді.
Осы жолғы Елбасы сөзін де ел, жұрт жәй ғана “жақсы бопты” деп қайырып қойған жоқ. Ризашылығын айтып, соған байланысты өз пікірлерін де ортаға салып, азаматтық үн қосуда. Әңгіме – Елбасы саясатының байыптылығында. Қаңтар айының соңында жария етілген Президент Жолдауындағы саяси ұстаным, бағыт, бағдарды жүзеге асыру жолдарының айқындала түсуінде.
Президент шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақтанып, тынысын кеңейту, оны бірден бір әлеуметтік бағдарлама дәрежесіне жеткізіп, Үкімет, әкімшіліктер тарапынан нақты қолдауға ие болуын қамтамасыз етуге жаңа тапсырмалар берді. Ол тапсырмалар бұрын да берілген, алайда соны орындау мәселесі ескерілмей жатқаны да ақиқат. Міне, атқарушы билік осы тұрғыдан өз қызметтерін де, өздерінің көзқарастарын да түбегейлі өзгертуі керек. Ресми мәліметтерге қарасақ, шағын және орта кәсіпкерлікпен екі миллионға жуық адам шұғылданып, олар 300 мыңға жуық кәсіпорындарда еңбек етеді екен. Алайда, шығарылған өнімге қарасақ – отандық өнімдер халық тұтынатын тауарлардың 20 пайызына да жетпейді. Шағын, орта кәсіпкерлік деп жүргеніміздің дені – яғни 70 пайыздан астамы сауда-саттық, сатып алып, үстеме бағамен тауар сататын ірілі-уақты фирмалар, мықтағанда ресторандар, асхана, кафелер, жүк тасушылар, шаштараз, сән салондары, әртүрлі қызмет көрсетушілер ғана. Әрине, бұлар да халыққа өте қажет, бұл салаларда кәсіпкерліктің болуы құптарлық-ақ және оны да мейлінше өрістете беруіміз қажет.
Президенттің тапсырмасы мұқият орындалса, Үкімет, әкімдер өнім өндіретін бағыттарда, атап айтқанда – күнделікті тұтынатын өнеркәсіптік тауарлар шығару, тамақ өңдеу, өндіру кәсіпорындарының үлес салмағын арттыруда шұғыл шараларды жүзеге асыруға міндетті. Шағын және орта кәсіпкерлікті ең алдымен табыс көзі ғана емес, еңбек көзі, жұмыс орны деп қараған жөн болар еді. Өйткені, олар шын мәнінде әркімнің тырбанып, еңбек етуінен, әркім өзі белгілі бір тіршілікпен айналысуынан басталады. Олар – олигархтар, алпауыттар емес. Біздің елдегі есімі белгілі меншік иелері, алпауыт байлардың ешқайсысы да ешқашан шағын немесе орта кәсіпкерлікпен шұғылданып көрген жоқ. Өкінішке орай, алпауыт байлар өз ережелерімен өмір сүреді. Олар бұқаралық, әлеуметтік шағын және орта бизнестің (кәсіпкерліктің) тұрмыс ахуалын білмейді де. Ірі кәсіпорын жұмыстарын жүргізіп, ел экономикасын қуаттандырып, салығын адалдықпен төлеп, елдің әлеуметтік тұрмысына көмектесіп жүрген ірі ақшалы адамдар, әрине, заң аясында бола берсін, тіпті көбейгені да жақсы. Бірақ, олар ел арасында соншалықты көп емес, мықтаса жүз, тіпті мың адам болсын. Жалпы, ауқатты, тұрмысы жоғары адамдар тіпті халықтың 20-30 пайызына жеткен күннің өзінде бұл көрсеткіш біздің әлеуметтік тұрмысымыздың сапасын көтеріп, алдыңғы қатарлы 50 елдің легіне қоса алмайды. Сондықтан материалдық жоғарғы эшелонда жүрген адамдарға қарап, тұрмыс әлеуетінің шынайы жүрек соғысын тани алмаймыз. Парламент, Үкімет, әкімдер, сот, құқық орындары бұқара халық, көпшілік жағына шындап бет бұруға міндетті.
Президент тапсырмасынан туындайтын міндеттерді төмендегідей топтастыруға болар еді.
Біріншіден, шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа толқын, жаңа дүмпуіне қозғау салатын заңдық, құқықтық негіз, кеңістік жасауымыз керек.
Екіншіден, кәсіпкерлікті ынталандыратын ұйымдастыру шаралары, қажет болған жағдайда билік тарапынан нақты адамдарды оқытып, оларды нақты ұжымдарға ұйымдастырып, материалдық, жабдықтық, несиелік көмек көрсетіп, кәсіпорын ашып, өнім шығаруын бақылап, олардың өнімдерін тұтынушыларға жеткізу жолдарын игеруге көмектесу қажет. Сонда, биліктегілердің де, кәсіпкерлікке келетін адамдардың да көзқарастары өзгереді. Ортақ мүдде пайда болады. Ортақ мүддеден отандық, мемлекеттік сезім туындайды, барлық кезеңде ашықтық болып, сыбайластық, жемқорлыққа мүмкіндік тарылады. Әрине, мұның бәрі де заңдық, құқықтық негізде, келісім шарттармен жасалуы тиіс.
Үшіншіден, кәсіпкерлікке мемлекеттік бюрократияның әміршілдігін, қоқан-лоққысын, заңсыз баса-көктеп бұйрық жүргізуін түбегейлі тоқтату керек.
Құқық қорғау органдары өз ведомстволық мүддесінен бас тартып, халықтың, мемлекеттің қамын ойлап, мүддесін қорғауға көшуге міндетті. Олар елдің тұрмысын, көңіл-күйін, құқығын, экономикасын, яғни шағын және орта бизнестің құқығын қорғауы керек.
Осы орайда Президент Жолдауында айтқан 2014 жылға дейін кәсіпкерліктің жұмыс істеуіне қажет құжаттардың 60 пайызға қысқартылуын тақау жылдарда-ақ, алдағы бір-екі жылда да жүзеге асыруға тырысу қажет. Үкіметтің кәсіпкерлікті дамытудың 2020 жылға жасаған жол картасы еліміздегі кәсіпкерлік ахуалын жаңартып, жақсы дәстүрді тұрақтандырып, өткен жылдардағы теріс нәтижелерден арылып, тазаруды көздеуі тиіс. Шағын және орта кәсіпкерлікті нағыз бұқаралық, халықтың көпшілігінің еңбек орнына, тұрмыс мүмкіндігіне айналдыра алсақ – мақсат та орындалады, өмір сапасы да, елдің еңсесі де бірнеше сатыға көтерілері хақ.
Төртіншіден, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікке айрықша мән берілуі тиіс. Үш жыл қатарынан “Ауыл жылдарын” да жариялап, мемлекет тарапынан жыл сайын 50-60 миллиард теңгеден қаржы бөлініп отырды. Ауылды жерлерде “Ауыз су” бағдарламасына да қаржы бөлінді. Соның қаншасы ауылға жетіп, қаншасының игілігін ел көрді? Сонымен бірге “урбанизация процестері өздігінен ауыл қажеттігін төмендетеді”, “болашағы жоқ 700 ауылды көшіреміз”, “бізге қой өсірудің, мал өсірудің қажеті жоқ, сатып алу әлдеқайда тиімді” деген сияқты солақай науқаншылдықты да бастан кешірдік. Соңғы халық санағының қорытындысы бойынша халқымыздың 48 пайызы, яғни 7,5 миллионға жуық адам ауылды жерде тұрады. Ауылды жерде үйі бар, малы бар адамдарды “өзін-өзі асырайды” деп жұмыссыздар санына қоспайтынымыз дұрыс па? Ауылдағы адамдардың негізгі құрамы 2-3 фермер немесе шаруа қожалығының егінін суғарып, малын бағып, маусымдық жұмысын атқарып, күнелтеді. Ауылдан шыққан көптеген адамдар үлкен қалаларға келіп, құрылысқа, көше тазалау жұмыстарына уақытша орналасып, ақша табады. Қалада олардың ешқандай құқы жоқ, пәтер немесе жатақхана жалдап тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлік ұжымдарын ұйымдастыруға жоғарыдағыдай көмек көрсетуді атқарушы билік қолға алса ғана – ел тіршілігі оңалады. Ауылды жерлердегі адамдар кәсіпкерлікке жұмылады.
Нұрсұлтан Әбішұлы сол жиналыста жер-жерде көзбояушылықтың етек алып бара жатқанын ымырасыз сынға алып, билік өкілдеріне қатаң ескерту жасады. Көзбояушылықты, ұялмастан, ешнәрседен именбестен, міз бақпай өтірік айта салуды “саясаткерлік”, немесе “батырлық”, “тапқырлық” деп түсінетін адамдар биліктің беделін аяқ асты ететіндерін түсінбейтіндеріне таңғалмасқа шара жоқ.
Қазір мына әлемде ешкім де қол қусырып, қазақтар керемет болып кетсін деп қарап отырған жоқ. Керісінше – алапат бәсекелестік ширығып келеді. Жемқорлықтың бір тамыры да осы көзбояушылық, жалған ақпарат берушілікте жатыр. Бұл ауру жемқорлықпен, сыбайластықпен тікелей байланысты.
Ауыл жұртының 60-70 пайызы маусымды жұмыспен күнелтеді.
Алған зейнетақысын дәрі-дәрмекке, тұрғын үйінің жылу, су, электр қуаты ақыларын төлеуге жеткізе алмай жүрген әлеуметтік топтар саны кемімей тұрғанда, әрине, жетістіктерімізді айшықтап, кемшіліктерімізді азайту жолын іздеуге міндеттіміз. Бізден озық, өркениетті елдер, мемлекеттер қатарына жеткіміз келетінін, жете алатын мүмкіндігіміз бар екенін айту орынды. Әйткенмен де, өзімізді өзіміз, бір-бірімізді, Елбасын, бүкіл елді алдау, көзбояу дегенді қойып, шынайы кәдімгі лайықты өмір сүруді үйренетін кез жетті. Елбасының осы мәселеге байланысты сергек ой, қатаң талабы халықтың көңілінен шықты. Ел ризашылығын білдірді. Биліктегілер, құқық органдары, қоғамдық ұйымдар Президенттің ескертуінен тиісті қорытынды шығаруға міндетті.
Осылайша, басқару мазмұнын өзгертіп, елмен, халықпен ашық жұмыс істеудің жаңа сатысына көтеріліп, саяси мәдениетті игеруге ұмтылғанымыз жөн. Сөз жоқ, басқару аппараттарында, мемлекеттік қызметкерлердің бойында күрделі жұмыстарды жүзеге асыруға дайындық, оған деген құлшыныс, рухани батылдық, саяси ерік күші міндетті түрде болуы керек. Бұл талаптар шынайылыққа, адалдыққа, ел, мемлекет алдындағы зор жауапкершілікке негізделсе, көпшіліктің қолдауына ие болары да сөзсіз.
Президенттің талап етіп отырғаны да, өз қызметі, мінезі, болмысымен көрсетіп жүрген үлгісі де, өнегесі де осы.
Президент Жолдауда айтылған міндеттерді мерзімінде орындауға екпін беріп, күш салуға, мемлекет әлеуетін, халық тұрмысын жаңа сапаға көтеретін инновациялық жобалардың өмірге қосылуына еңбек етіп, жұмылуға шақырды. Елдің тұрмысы жақсарып, құқық сақталып, мемлекетіміз сауаттылықпен нығайып жатса – Мемлекет басшысы үшін бұдан артық қандай сый, құрмет болуы мүмкін. Президент тағылымы да, талабы да осы. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлының сол жолғы әңгімесі мен талабы жалпы билік институтының беделін көтеріп, Президентке елдің сенімін арттырды. Әрине, Елбасы үшін қалың елдің сетінеусіз сенімінен жоғары құндылық жоқ екені де белгілі.
Тәуелсіз мемлекеттігіміздің өткен жылдардағы өсу жолына талдау жасау қажеттігі ең алдымен болашақ, даму мақсатымен тығыз байланысты. Жоғарыда айтылған жайлардан басқа да толып жатқан сан-салалы өміріміздің күнгейі мен теріскейі де мемлекет бейнесінде қалыптасып, өсіп, жетіліп, тұрақтану, даму процестерін сараптап, талдап, оған әділ бағасын беру арқылы болашағымыздың жобасын жасай аламыз. Әрине, мемлекет құру ісі тек жеңістер мен жетістіктерден тұрмайтыны да анық. Ұтыс та бар, ұтылыс та бар. Бұл да табиғилық. Жаңа заман, жаңа тарихтағы мемлекеттігіміздің келбеті, мазмұны, сапасы бұрын-соңды тарихымызда болмаған оқиғалармен толығып, кескінделіп келеді. Бүгінгі мемлекетіміздің геосаяси кеңістіктегі орны мен атқарар қызметі де басқаша. Қазір дүниежүзілік, жаһандық процестер күн сайын мүлде күтпеген жаңа талаптар қояды. Соның үрдісіне, екпініне ілесе алған ұлт, мемлекеттер қатаң бәсекелестікке төтеп бере алады.
Президенттің басшылығымен біз толыққанды мемлекет болып қалыптастық. Ізгілікті, зайырлы ел ретінде, озық өркениетке қабілетті мемлекет, ұлт болып, халықаралық, әлем дәрежесінде танылдық, қабылдандық. Еңсеміз көтеріңкі ел екенімізді сезініп, әлем елдерінің алдында да көрсете алдық.
Бұл – Президент қайраткерлігінің, Мемлекет басшысы ретінде тәжірибелі саясаткерлігінің еңбегі. Сол орасан елдік еңбектің жемісі, нәтижесі.
Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің тәуелсіздігіне азамат ретінде де, басшы лауазымды қызметкер ретінде де мол дайындықпен келді. Бұрынғы Кеңес Одағының Орталық билігі жіберген қателіктерін жіті қадағалап, мұқият сараптап, олардың біздің республикамызда қайталанбауына дер кезінде білікті шара қолданып, көп жағдайдың алдын алып жүрді. Олай болуына Елбасының өткен адами өмір жолы, жастайынан қоғамның ең күрделі күретамырына батыл араласып, қандай да сыннан қорықпай, тайсалмай, от көсеп, су кешуден тайынбай, қиындықтардан жалтақтамай, желдің өтінен бұқпай еңбек етуі себеп болды. Шымыр, шыншыл, ашық ортада шыңдалды. Әділдік үшін ең қиын кезеңдерде айқаса білді.
* * *
...1979 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп саласы бойынша хатшысы болып, осыған дейін Қарағанды металлургия комбинатында жұмысшы-металлургтен бастап сол облыстың партия комитетінің екінші хатшысына дейін қызмет атқарған 39 жасар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бекітілуі сол кездегі республикада, тіпті Одақ көлемінде де елеулі оқиға болды. Олай болатыны – біріншіден, оған дейін өнеркәсіп саласындағы хатшылар әдетте Мәскеуден, орталықтан жіберілетін орыс ұлтының өкілдері еді. Екіншіден, өнеркәсіп сияқты ең ірі саланы жүргізетін қазақ басшылары мұндай жаста сирек кездесетін. Үшіншіден, сол тұста Қазақстанның барлық өңірлерінде одақтық маңызы бар өнеркәсіп кешендерін игеруге айрықша екпін беріліп тұрған кезең еді. Төртіншіден, бұл жолғы хатшы жастайынан республика, одақтық комсомол трибуналарында көрнекті жас металлург, өнеркәсіп саласындағы жас жұмысшылардың белсенді жетекшісі ретінде танылып қалған есім еді.
Жас хатшы да “өстім, жеттім” деп ырғалып-жырғалып жүрмеді. Келе сала-ақ білек сыбанып, іске кірісті. Орталық Комитеттің бұрынғы жүрісіне жаңа дем, жаңа леп берілгендей әсер байқалды. Қысқа мерзімде-ақ бүкіл өнеркәсіп салаларын сараптап, олардың кемшіліктерін ашық айтып, өзінің ұсыныстарын ортаға салды. Оның тың көзқарастары мен көңілге қонымды ұсыныстарымен кәнігі, тәжірибесі мол, бұрыннан келе жатқан министрлер, облыс, кәсіпорын басшылары санасып, оларды жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарап, жаңа басшы талабына сай болуға тырысып бақты. СОКП Орталық Комитетіндегі бөлімдер мен хатшылар, одақтық министрлік басшылары жас хатшының әрбір қадамын, сөйлеген сөзін қадағалап, айрықша назар аудара бастады. Ол сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы, СОКП Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың толық қолдауы мен сеніміне ие болды.
Республиканы басқаратын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюро құрамына алты хатшы, Министрлер Кеңесінің, Жоғарғы Кеңес Президиумының Төрағалары, Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Орта Азия Әскери округінің Бас қолбасшысы сайланатын. Бұдан тыс үш адам қызметтеріне сәйкес Бюро мүшелігіне кандидат болатын. Әрине, жаңадан өңірден келген адам үшін осындай ортаның да өз қыр-сыры болуы да әрі мүмкін, әрі заңды. Бірақ, олардың қай-қайсысы да осы жолдан өткен. Бір-біріне сыйласымдылықпен қарайтын. Бюро мүшелерінің әрқайсысының өз орны бар. Бірінші хатшыдан кейін, Министрлер Кеңесінің Төрағасы да ерекше билікке ие. Сол кездегі тәжірибелі Төраға соңғы жылға дейін еліміздің қадірменді ақсақалы болған Бәйкен Әшімов Нұрсұлтан Әбішұлының қабілетін өмір бақи сыйлап өтті. Сол Бюро мүшелерінің барлығы да жаңа сайланған хатшының сөйлеген сөздеріне зейін қойып, оның қимыл- әрекеттеріне мұқият көңіл бөле бастады. Өйткені, ол әрбір кеңес, мәжілістерге терең дайындықпен келіп, проблемалар тамырын дөп басып, тың ойлар, пікір, ұсыныстар айтатын. Әрине, мұндай қимыл төңірегіндегілерді тек сүйсінтіп немесе таңқалдырып, тамсандырып қана қоймай, олардың да қызмет, мінезіне қозғалыс салатын. Кейбіреулері бойын жинап, өзінің де дайындық, мүмкіндігін ширататыны анық. Басқалар байқап, мән бере алмаған жәйт-жағдайларды бұрынырақ байқап, ұтымды шешім айта алған адамға қолдаушылықпен қатар, іштей қызғанышпен қараушылық болып жататыны да белгілі.
Н.Назарбаев өзі хатшы болған жылдары өнеркәсіп салаларының күнделікті жоспарлы дамуымен қатар республика үшін маңызы бар ірі-ірі жобалардың жүзеге асырылуына бастамашылық ете алды. Еліміздің батыс облыстарындағы мұнай, газ өнімдерін, Орталық Қазақстанда көмір, темір, электр қуатын, Шығыста түсті металдар, Оңтүстікте химия, минералдық тыңайтқыштар өндіруге байланысты одақтық министрліктердің қатынасуын қамтамасыз етіп, Орталық құзырлы орындардың республика мүддесіне сай келетін шешім қабылдауына ықпал етті.
Әсіресе, өнеркәсіп салаларын жабдықтау, олардың тек шикізаттың үлесімен шектеліп қалмай, әртарапты, халық тұтынатын тауарлар шығаратын мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік тұрмыс мұқтаждарын қамтамасыз ету, ауыр өнеркәсіп салаларында қазақ жастарының үлес салмағын көбейтіп, инженер-техник мамандар арасында қазақтардың санын арттыру сияқты толып жатқан ұлт мүддесін қорғайтын мәселелерді Орталық, Одақ дәрежесіне көтере алды. Оның мұндай өткірлігіне жұртшылық риза болып жүрді.
Коммунистік партияның дәуірінде бүгінгідей жариялылық пен басқару ісінде ашықтық шектеулі болатын. Бюро мәжілістерінің күн тәртібі ғана ақпараттанып, онда көтерілген мәселелер, пікіралысу мен талқылаулар, қабылданған шешімдер мазмұны баспасөзде сығымдап қана хабарланатын. Алайда, соның өзінде ел арасында нақты бір шешім, қаулы қабылданар алдында қандай сараптан өткені әңгіме болып жүретіні тағы бар. Бүгінгідей, басшы қызметкерлердің рейтингі жария етілмегенімен, олардың белсенділігі, қайраткерлігі, жұмысының нәтижелілігі өзінің лауазым дәрежесіне қарай ортасында да, қоғамда да, ел арасында да көрініп тұратын.
Нұрсұлтан Назарбаев Орталық комитеттің хатшысы кезінде қысқа мерзімде өзінің біліктілігімен қазақтың мүддесін қорғай алатын қуаты бар екендігін көрсетіп, қоғам назарына іліккен сирек тұлғаға айналды.
Оның негізгі ерекшелігі – Коммунистік партияның қатып- семіп қалған қасаң талаптарына көзқарасты өзгертуге қабілеттілігі болды. Хатшылық лауазымын тек Орталықтың нұсқауы мен тапсырмасын бас шұлғып орындауға бейімделе бермей, ең алдымен республиканың, ұлттың мүддесін қорғауға, сақтауға пайдалану қажеттілігіне қайраткерлік жасай алды.
Әсіресе, өзінің күнделікті жұмысында кеңсе бюрократиясына қарсылығын жасырмай, қызметкерлер арасында ең алдымен сенімділік, біліктілік, білімділік саналарын, қатынастарын қалыптастыруға ден қойды. Кіммен болса да “адам тілімен” сөйлесуге ұмтылды. “Өнеркәсіп хатшысы едім” деп тек сол сала бойынша цифр сапырумен шектелмей, республиканың сан салалы өміріне қызығушылық танытып, қажет жерінде біліп араласып, өзі де өсті, өзі араласқан кез келген шаруаның оңтайлы шешілуіне азаматтық, жанашырлық қолқабысын да тигізіп жүрді. Өнер, әдебиет, мәдениет, ғылым, идеология салаларының барлығына да зейін қойып, терең бойлап, өзінің дүниетаным кеңістігін мейлінше өсіруден жалықпады, керісінше, осы жағын жыл өткен сайын үдете түсті. Төңірегіне басшылық лауазымда жүрген көптеген азаматтарды, мәдениет, өнер, ғылым қайраткерлерін топтастырып, рухани үндестік, үйлесімділікке бейімдігін танытты. Қандай жұмысты бастаса да одан нәтиже шығара алатын тиянақтылығы мен білікті өтімділігі оның Мәскеудегі, орталық билік өкілдері арасындағы беделін де өсіріп, тұрақтандырды.
Алты жылға жуық хатшылық қызметінде Нұрсұлтан Назарбаев республиканың экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық әлеуетін толық зерттеп, оның өркендеуіне, болашағына шынайы болжам, нақты жоба жасай алатын дәрежеге жетті. Осы жылдардағы барлық саяси-экономикалық шараларды өткізуде бірде-бір сәтсіздікке ұшырамады. Ешқандай үлкенді-кішілі ресми, бейресми кездесу жиындарда, “дөңгелек үстел”, конференцияларда, партия жиналыстары мен съездерінде сөйлеген сөздерінде қателікке ұрынбады, ешкімге есесін жібермеді, ұтымды сөйлеп, жеке дара озып, біркелкі өсу үстінде, екпінді толқын жалында жүрді.
жалғасы