• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Мамыр, 2020

«Сен құрметте оны!»

424 рет
көрсетілді

1418 күн. 1418 түн... Осынша уақытқа созылған алапат соғыс өрті. Қазақ қана емес-ау, дүние жүзі тартты бұл азапты. Дәйекті деректер Екінші дүниежүзілік соғыста жауған оқ пен жарылған бомбадан 72 мемлекеттің 62 млн тұрғыны ажал құшқанын айтады. Соның арасында 601 мыңға жуық қазақстандық бар. Ал Ұлы дала төсінен майданға аттанғандардың жалпы саны 1 млн 200 мың адамнан асып жығылады. Соның 500-ге жуығы Кеңес Одағының Батыры атанды.

Біз соғыстың тауқыметін жесір қалған әжелер мен жетім қалған аналар естіп-білдік. Содан да болар, кейінгі толқын Алашқа Ұлы Отан соғысының қатысы жоқ дегенді айтып қалып жүр. Айқайлап айтпаса да, санада селкеу, бойда күмән бары істеген ісі, жасаған әрекетінен айқын аңғарылады. Шейіт кеткен 601 мың боздақ естімесін мұны. Естімейді ғой, естісе тау боп қалу үшін қиыршық болып үгілген сарбаздар қара жерді қақ айырып қайта түрегелер ме еді, кім білсін...

Белгілісі – «Шегінерге жол жоқ, ар­қамызда Москва!» деп ұран­даған 28 панфиловшының 23-і ер­лік­пен қаза тапқаны, отқа оранған ұшағын жау техникасы шоғырланған тұсқа бұрған Нұркен Әбдіровтің көгімізден құйрықты жұл­дыздай аққаны, ердің ері – Талғат Бигелдиновтің дұшпанына жасын­дай жай оғын төккені, Әлия мен Мәншүк, Хиуаз сияқты халқы­мыздың батыр қыздары, Бауыржан, Қасым, Төлеген сынды аты аталған-аталмаған қаншама батыр ұлдары от пен оқтың ортасында жүріп, Отан шебін қорғағаны. Жалғыз ұлын барсакелмеске аттандырып тұ­рып, қартайған ананың қайғы жұт­қаны, соғысқа соңғы нанын жібе­ріп, бүтін бір ұлттың 1418 күн аш құр­сақ күн кешкені... Сол-ақ па еді? Жоқ!

Бәрі де майдан үшін. Сойыл­ған мал да, сауыл­ған сүт те, егіл­ген егін де. Ел аума­ғындағы қорғаныс өнер­кәсіп орын­дары мина да, сна­ряд та, оқ-дәрі де өндірді. Жер-Ана төсінен ал­ған мысты гиль­заға, мар­ганецті броньға айнал­дыр­дық.

Бәрін де қойшы, Қазақ елінде жасақ­талған 14 атқыштар және кава­­лериялық дивизиясының, 7 бри­га­да мен 1 зениттік полктің, 12 құры­лыс және 2 автобатальонының құра­­мында болған, ерлікпен қаза тауып, ұрыс даласынан орал­ма­ған боздақтардың үлесін немен өл­шейміз? Ат басындай ал­тын­ның да, дүниедегі бар байлықтың да бағасы бір мысқал.

Осындайда санамызда саңқ-саңқ етіп батыр Бауыржан Момыш­ұлы­ның күркіреген күн іспетті дауысы тұрады. «Менен артық, менен ба­­тыр, менен ақыл­ды жігіттердің өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олар­­дың имандары жолдас болсын! Олар Ұлы Отанымыздың тәуел­­сіз­дігі үшін жан тәнін аямай соғыс­­ты, сол тәуелсіздік үшін жан тәсі­лім етті...». Баукеңнен өткен батыр де­се, сенбейтін едік. Өзі айтып отыр. Әсі­лі, шынайы ерлік пен өрлік – өз­гені өзіңнен артық бағалау болса керек-ті.

Хош! Толарсақтан қан кеш­кен тоңмойын жылдарды жоқ­тамайық. Керісінше, Кеңес Ода­ғының Баты­ры атанған 500-ден астам қазақ­стан­дықпен, Ұлы Жеңістің символындай бол­ған қаһарман Рақымжан Қош­қар­баевтың Рейхстагқа Жеңіс туын тіккенімен мақтанайық!