• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Мамыр, 2020

Біз үшін ең үлкен сыйлық

224 рет
көрсетілді

Күні кеше Президенттің пәрменімен «Ардагерлер туралы» заң қабылданғанын оқыдым. Айтулы заңда саны азайып, саптан шыққан біз секілді соғыс ардагерлерін, бейнетпен белдесіп, тылда тынымсыз тер төккен бейнеткерлерді барынша қолдауға арналған оң бастамалар бар екен. Бұл Ұлы Жеңіс мерекесінің 75 жылдық тойы аясында көңілімізге қуаныш сыйлаған айрықша жайттың бірі болды.

Жаңа заң аясында арда­герлерді әлеуметтік тұрғыдан қол­дау барынша күшейтіліп отыр. Көмек көрсетілетіндердің сана­ты да кеңейіп, мемлекет та­рапынан көрсетілетін жеңіл­діктер де жүйеленіпті. Ұлы Отан соғысынан бөлек, Ауған­стандағы, сондай-ақ басқа мемле­кет­тердің аумақтарындағы ұрыс-қи­мылдарына қатысқан әскери қыз­меткерлерге де жаңа заң дем беріп отырған көрінеді. Алғыс­тан басқа не айтамыз. Жыл са­йын жергілікті билік өкілдері хал-қедірлерінің жеткенінше қар­жылай көмегін көрсетіп, сый-сия­патын алдымызға тосады. Қайда барсақ та «майдангер ата келе жатыр» деп құрақ ұшып қарсы алады. Мұның өзі көңілге медет. Қарттарын қадірлеген халықтың болашағы жарқын. Ардагерлердің есімін елге мұра, ұрпаққа ұран қылып отырған саламатты ұрпақтан айналасың. Өткенге құрмет көрсету – болашаққа бастайтын жарқын қадам.

Талай тағдырды қан қақсатқан сұрапыл соғыс қанша уақыт өтсе де біздің жадымыздан өшкен жоқ. Қолымыздағы күрегімізді қаруға айырбастап, майданға аттан­ғанымызға да ғасырға жуықтапты. Ел басына екіталай күн туғанда сайдың тасындай азаматтар сапқа тұрып, ұрпақ болашағы үшін жанын оққа байлады. Жыл санап қаруластарымның қатары сиреп барады. Қаншама боздақтың үміті майдан даласында мәңгі сөнді. Ең өкініштісі, солардың кейбірі артына із де тас­тап үлгерген жоқ. Жандары пейіш төрінде шалқысын дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Ұрпақ олардың ерен ерлігін ұмытпаса игі.

Құдайдың берген қуатымен биыл 101 жасқа қадам басып отыр­мын. Мейірімі шексіз Жарат­қан ұрпағымның ортасында Ұлы Жеңіс тойының 75 жылдық мерекесін қарсы алуға да жеткізіп отыр. Тек Жеңіс күнінде ғана емес, түрлі мерекелерде бізге құр­мет көрсетіп, кездесулерге шақы­рады. Тілшілер қауымы мақала дайындап, сұхбаттасады. Соғыс­тан келіп, зейнетке шыққанға де­йінгі бар өмірімді ұстаздық жолға арнаған адаммын. Бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп отырған жайым бар. 

Біз көрген зобалаңды ұрпа­ғы­мыз мүлде көрмесе екен. Бей­біт­шілік бесігінде тербелген тәуел­сіз елдің ұландары бақытты болсын. Ұлттық тамырынан ажы­ра­май, елдік пен ерлікті, кеңдік пен өрлікті кемел келешекке жет­кізсін. Замандар өтер, ел жаңарар, ұрпақ алмасар. Бірақ бір нәрсе ешқашан өшпейді. Ол – ұлтқа, мемлекетке адал қызмет ету.

 

Байтұма  ТҰРАРОВ,

Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз