Жеңіс күніне арнап «Абылай хан резиденциясы» музей кешені онлайн экскурсиялар ұйымдастырды. Интернет арқылы барлық әлеуметтік желілерге шығып, онда ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан солтүстікқазақстандық майдангерлер туралы мол мағлұматтар берілген. Қазір Солтүстік Қазақстанда көзі тірі 52 майдангер қалған екен, көрмеде олар туралы да деректер көрсетілген.
Жалпы, карантин режімі кезінде музейдегі онлайн экскурсиялар үнемі жалғасып отырған. Олардың барлық саны 25-ке жеткен. Оны барлығы 5 мыңдай адам тамашалаған. Музей директоры Аян Садаевтың айтуына қарағанда: «Жеңіс күніне арналған көрменің аты: «Ер есімі – ел есінде» деп аталады. Ол облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен жасалған. Онда жалғыз Солтүстік Қазақстан облысы ғана емес, жалпы еліміздің соғыс жылдарындағы ерліктерінен, Тылдағы жанқиярлық еңбектерден деректер айтылады».
Экскурсия жүргізуші Назгүл Бейсембина солтүстікқазақстандықтар арасынан 55 адам Кеңес одағының батыры атағын алғанын, ал 11 адам жауынгерлік «Даңқ орденінің» үш дәрежесін толық алғанын айтты. «Демек, соңғылар да Батыр атағына теңестірілгендер. Сонда бізден барлығы 66 адам Батыр атағын алған екен. Бұл жастарымыздың патриоттық рухын көтеруге үлкен үлгі болары сөзсіз. Қазір кейбір мектептің оқушылары Батырлар туралы толық деректер жинаумен айналысып жүр», деді ол.
Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан жауынгерлердің даңқы 75 жыл өтсе де ұмытылмайды. Олардың ерліктері бүгінгі ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Соның бір дәлелі жас ұрпақтың Жеңіс тарихын білуге деген құштарлығы. Абылай хан резиденциясы» музей кешені бұл істе әрқашан белсенді қызмет етуде. ІІ Дүниежүзік соғыс жауынгерлерінің қаһармандығы ұрпақтың санасына Абылай ерлігімен сабақтастырылып жатқаны да құба құп.
ҚЫЗЫЛЖАР