• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Мамыр, 2020

Бұрынғыша өмір сүру енді мүмкін емес

4590 рет
көрсетілді

Індет бүкіл әлемді жайлап кетті. Бір сәтте өмір тоқтағандай... Үлкен қалалардың көшелері қаңырап бос қалды. Көкейде күдік пен үрей де жоқ емес. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан батыл қадамдар мен нақты шараларға түсіністікпен қарап, оларға қолдау көрсеткеніміз жөн.

Алайда жағдай қаншалықты оңалғанымен, бірақ заман енді бұрынғыдай болмайтынға ұқсайды. Өйткені қоғамның қалыпты даму ырғағы күрт өзгерді. Үйреншікті өмір сүру салтымыз бұзылып, адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Мұның бәрі әлемдегі мемлекеттер арасындағы қарқын алған шетқақпайлау саясаты мен мұнай нарығындағы жағымсыз үрдістермен қосарланып, елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайына кері әсер етуде.

Қиындықты басынан кешірген халық бір сәтке ойланып, шыңыраудың шетін басуымыздың, тығырыққа тіреліп, індет тауқыметін басымыздан өткеруіміздің себебін түсіндіретін сұрақтарға жауап іздейтін шығар. Осындай кезде түйсігі бар әрбір азаматтың, жалпы қоғамның ойға шоматыны күмәнсіз. Адамдардың өз болмысын ұғынып, өмірлік ұстанымдарын ретке келтіріп алуға тырысатыны анық. Бүгінгі сынақ – ертеңгі болмыстық түлеуіміздің бастауы болғанда ғана біздің рухани және адами негізімізге оралуымыздың мәні арта түседі.

Өміріміздің жаңа есептеу нүктесі бастал­мақшы. Әуелі бұл нәубетке қарсы тұруға Батыстың дамыған мемлекеттері мен демо­кра­тиялық құндылықтары да дәрменсіз болып шықты. Әлемде 4 миллионнан астам адам коронавирус індетіне шалдығып, 300 мыңға жуық адам бақилық болды. Адам құқықтары мен бостандықтары аяқ асты болып тапталды. Оған кім кінәлі? Әлде ол астамшылық, дандайсыған тәкаппарлық пен адам өмірінің соншалықты құнсызданып кеткенінен бе? Жергілікті және сауда соғыстары, басқа елдердің ішкі істеріне именбестен заңсыз араласу, қаржы мен мұнай төңірегіндегі тұрақты түрде жүргізіліп жатқан қитұрқы саясат пен ақпараттық пәрменнің өрбуінен кім ұтып, кім ұтылды?

Шын мәнінде ешкім де ұтқан жоқ. Бәріміз ойсырай ұтылдық. Туындаған жағдайға тәуелді болып, дәрменсіздің күйін кешудеміз. Америкада медициналық құралдарды айтпағанда азық-түліктің кейбір түрлерін көптеп алуға шектеу қойылып, оңтүстік Италияда тұрғындардың азық-түлікті талонға ғана сатып алуға мәжбүр болып жатқанын түсінудің өзі қиын. COVID-19 індетінен өлгендерді жерлеуге үлгере алмай, табыттарын уақытша арнайы орындарға жинап қойып, туыс­тары мен жақындары оларды арулап, соңғы сапарға шығарып салу мүмкіндігінен айырылуы қасірет емей немене?

Бұдан былай не болмақ, адамзат баласына пандемия сабақ бола ала ма? Жоқ, әлде барлығы бұрынғыша қала бере ме? Иә, ойланатын тұстар көп-ақ. Ендігі жерде бір сәтке тоқтап, асығып-аптықпай, жан-жақты ойланып, тәубемізге келетін уақыт туғандай. Ойымызды, жүріс-тұрысымызды қайта қарап, ең алдымен өзіміз өзгеруіміз қажет. Айналамыздағыларға, бізді қоршаған ортаға деген көзқарасымыз да басқа болу керек. Бастысы – табиғатпен үйлесімділікте болу, адам өмірі бағаланып, адамның пиғылы өзгеруі тиіс.

Ендігі жерде коронавирус кезінде тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру маңызды басымдыққа ие болмақ. Өндірісті жандандыру, теңгенің құнсыздануын тоқтату, бағаның өсуінің жолын кесу және т.б. қазіргі тағдыршешті мәселелер қатарына жатады. Осыған дейін түрлі себептермен шамамыз келмей жүрген кейбір жайттарға ерекше көңіл бөлмесек, мұның аяғы насырға шабуы әбден мүмкін. Жемқорлық қоғамды іштей ірітіп, көлеңкелі экономика мен бизнес күш алады, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қарасы артып, бюджетке кірістің түсуі азаяды. Қалдық қаржыға салынған сапасыз тұрғын үйлер мен тас жолдар, іске қосылып, артынша жабылатын зауыттар мен фабрикалар көбейеді.

COVID-19 індетінен құлан таза арылған соң, жемқорлық пен көлеңкелі экономика сияқты індеттің алдын алу мақсатында қоғамда оған қарсы иммунитет қалыптастыру қажет болар. Сонда ғана халықтың қайғысын пайдаланып бетперделер мен күнделікті қажетті азық-түліктерді үстеме бағамен сатып, көлденең табыс іздеген құдайсыз, арсыздардан гөрі, өз өмірлерін қауіпке тігіп, коронавируспен ауырғандарды аман алып қалу үшін жандарын пида етуге дайын ақ халатты абзал жандар, полицейлер мен әскерилер, көмекке мұқтаж егде адамдарға қолұшын созған волонтерлердің саны ел тұрғындарының басым көпшілігіне айналып, шынайы рухани әлеуеті мықты қоғам қалыптасады.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саяси ғылымдар докторы