Қазақта «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» дейтін тәмсіл бар. Бұрынғының даналарынан қалған бұл мәтел әлі де маңызын жойған жоқ.
Бала кезімізде көршілердің бір-бірімен ағайыннан бетер араласатын татулығына куә болушы едік. Ауылдың үлкендері жаңадан көшіп келген көршісіне ерулік беріп, мәре-сәре болып жататын. Есігіне құлып салмайтын исі қазақ алыс жолға жиналса, үйін де, малын да көршісіне аманаттап жүре беретін. Көршілердің ауласынан сынық сүйем зат жоғалмаушы еді. Көршілер бір-біріне қорған болып жүретін. Ал қазір ше?
Иә, қазіргі көршілердің бір-біріне алакөзденетіні байқалып жүр. Жаһанданған қоғамның өзгерісі ме, әлде адам өзгерді ме, қаланың көпқабатты зәулім үйлерінде тұратындар қабырғалас көршісінің кім екенін білмейді. Бір-бірінің амандығын сұрамайды, есігінен бас сұқпайды. Ал жеке коттедждің, не бір қабатты үйдің иелері айналасын биік дуалмен қоршайтын болды. Бұл сырт көзге құдды жаудан қорғанғандай әсер береді. Бәлкім, үй иелері қолының сұғанақтығы бар ұры-қарыдан қорғану үшін деп ақталатын шығар.
Қаланың тұрғындарын айтпағанда, енді ауылда да көршілердің арасындағы келіспеушіліктің салқыны көрініс бере бастады. Бұған мысал ретінде бірнеше деректі көлденең тартуға болады. Мәселен, облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сондай бір дерек Махамбет ауданында тіркеліп отыр. Осындағы бір азамат көршісінің ауласында өсіп тұрған теректі рұқсатсыз кесіп тастапты. Сөйтіп биіктігі үш метрге жеткен теректің кесіндісін өз ауласына жинап қойыпты. Сылтауы – көп жылдық теректің тамыры гаражын бүлдіреді-міс. Оның бұл әрекетіне реніш білдірген көрші әйел сотқа талап арыз түсірді.
Алайда теректі кескен азамат өзін кінәлі санамайды екен. Тіпті сотта ол құқық бұзушылық жасағанын мойындамады. Әрине қолымен істегенін мойындамау – азаматтыққа жат қылық. Ал көршісінен әбден көңілі қалған әйел оған шара қолданылғанын қалады. Осылайша бір-бірімен келісе алмаған көршілер сотта кездесті. Көршілердің бірі кешірім сұрамады. Екіншісі кешіруге оқталмады. Сот барысында көршілер бір-біріне жау көргендей тоңтеріс мінез танытып, татуласуға ниет те танытпады, қадам да жасамады. Әрине бұдан ешкім де ұтқан жоқ. Гаражына қарай тамыр жайған теректі кескен азамат Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Сот шешімімен құқық бұзушыға айыппұл салынды. Бірақ...
Бірақ дейтіндей бір мәселе бар. Рас, айыппұлға тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Тіпті мұны біреулер болмашы нәрсеге балайтын шығар. Шындығында, құдайы көршілердің арасындағы түймедей келіспеушілікті сотқа жеткізбей-ақ шешуге болар еді. Дегенмен, теректен туындаған текетірестің астарында үлкендер ескермеген мәселе жатыр. Бұл кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетер үлкендердің сыйластығына түскен сызат. Бірінің әкесі мен екіншісінің шешесі – екі көршінің соттасқаны балаларына қалай әсер етеді?
Қарға тамырлы қазақтың қуанышында да, қиналған сәтінде де алдымен көмек қолын созатын көршісі емес пе? Ендеше, «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» дейтін қазақтың қанындағы бауырмалдық пен мейірбандықтың, қайырымдылық пен сыйластықтың тамыры үзілуге шақ тұрған жоқ па? Қазақы болмысымызға тән осы құндылықтардың кейінгі буынға да дарығанын қалар едік. Сан ғасыр бұрын қазақтың болашағына қатысты болжамын айтқан Мөңке бидің «Бір-біріне қарыз бермейді, шақырмаса, көрші көршіге кірмейді» дегені келмесе дейміз.
Тегінде көршімен тату болғанға не жетсін! Ал сіз көршіңізбен қалайсыз?
АТЫРАУ