• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Мамыр, 2020

Жаңажолдан шыққан батыр

952 рет
көрсетілді

Өзбекстан халқы да 1941-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Жеңіске лайықты үлес қосты. Соғыс басталған кезеңде Өзбекстанда 6,5 миллион адам болса, оның 1,5 миллионнан астамы соғысқа қатысқан. Олардың ішінде 604 мың 52 жан соғыстан мүгедек болып оралса, 450 мыңнан астамы майдан даласында мерт болған.

Соғыс жылдарында өзбек­стан­дық жауынгерлердің көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үлкен ер­лік мектебі ретінде уақыт ө­ткен сайын өшпес құндылық са­­ры­нында маңызы артуда. Өзбекстанда жыл сайын 9 мамыр «Еске алу және қастерлеу күні» ретінде кеңінен атап өтіледі. Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандарды еске алып, фашизмді жеңуде майданда, тылда ерлік көрсеткен ардагерлерге ерекше құрмет көрсету Өзбекстанда да шынайы дәстүрге айналған.

Өзбекстандағы Жаңажол ауда­ны­ның азаматы Ілияс Ора­зов та Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың сұрапыл шайқасына қаты­сып, ерлік пен батылдық үлгісін танытқаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Оның есімі Екінші дү­ниежүзілік соғыста Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атанған 104 қазақ батырының қатарында аталады.

Ілияс Оразов Жаңажол ауда­нын­дағы Калинин атындағы ша­р­уа­­шылықта 1922 жылы дүниеге келген. 1940 жылы өнеркәсіптік-экономикалық техникумды біті­ріп, шаруашылықта бухгалтер болып істеген. 1941 жылы әске­ри қызметке шақырылады. 1942 жылдың мамыр айынан бас­тап армия қатарында қыз­мет еткен. 1944 жылы кіші лей­те­нант­тар курсын бітіргеннен соң 572-полкінде (3-Украина майданы 57-армияның 233-ат­қыш­тар дивизиясы) взвод ко­ман­дирі болып фашистерге қарсы со­ғысты.

Лейтенант Оразов 1944 жылы 12 қарашада взводымен Ба­­ти­на елді мекенінде (Юго­славия­ның Самбор қаласынан солтүстік-ба­тыс­та орналасқан) Дунай өзенін ке­шіп өтіп, сол жаға­лаудағы қамалды алады. 1944 жылы 12-20 қараша ара­лы­ғын­да плацдармды кеңейту үшін болған соғыста қатардан шыққан рота командирінің орнын басып, ротаға басшылық етеді

1944 жылы 20 қарашада стра­те­гиялық тұрғыдан маңызды биік­тікті ұстап қалу шайқасында лейтенант Оразов взводы жаудың траншеясына бірінші шабуыл жасайды және соғыста 50-ден астам дұшпанды жояды, 2 пулеметті істен шығарады. Гранаталармен қаруланған бір топ әскермен Оразов жаудың артиллерия батареясына жақындап, жаудың қару-жарағын талқандайды. Өзінің осындай ерліктері арқылы басқа бөлімдердің шабуылға шығуына жол ашып береді.

1945 жылы 11 ақпанда Вен­г­рия аума­ғындағы жау шека­ра­сы­на шабуыл кезінде Фаль­ш­торнц хуторы маңында лейтенант Оразов қаза табады. Бейітінің нақты орналасқан жері белгісіз.

1945 жылғы 24 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зи­диумы Жарлығымен Ілияс Ора­зовқа жауынгерлік тапсыр­ма­ларын орындауда ерлік пен батыр­лық танытқаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағы бері­леді. Сонымен қатар ол Ленин және «Қызыл Жұлдыз» орден­де­рі­мен, сондай-ақ медальдармен марапатталған.

Соғыс аяқталғаннан соң Ілияс Оразовтың есімін ұлықтау мақ­са­тында жұмыстар жүргізілді. Нақтылай айтқанда, Жаңажол қала­сындағы комбинатқа, сон­дай-ақ Жаңажол ауданындағы Ескі қауыншы ауылының «Бу­нед­кор» махалласындағы өзі оқы­ған мектепке оның аты беріл­ді. Қаһармандық көрсеткен кезде Ілияс Оразов 22 жаста болған.

 

Ғұламзәкір ЮСУПОВ

 

Ташкент (Өзбекстан)