Қазақстан Президенті пандемияға қатысты мәлімдеме жасады. Ол өз сөзінде халықтың жүріп-тұруына қатысты нұсқаулықтар беріп, қарым-қатынастың жаңа философиясын қалыптастыру мәселесін қозғады.
Өйткені елімізде вирус таралуының динамикасы төмен болғанымен, жұқтырғандар саны артып жатыр. Түптеп келгенде, вирус толықтай жоғалған жоқ. Президент вирустың алдын алу үшін азаматтарымызға маска киіп, антисептиктер қолдану керектігін айтып, әлеуметтік ара-қашықтықтың маңыздылығын тағы бір еске салды. Бұл, былай қарасаңыз, жаңа мәдениетті қалыптастырмақ. Азаматтарымыз тек өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да денсаулығына жауапты екенін түсінетін кез келді.
Пандемия адам индексін дамыту мәселесін өзектендіреді. Елімізге тартылатын инвестицияның да көлемі азаятыны белгілі. Осы орайда инвестиция тартудың жаңа тәсілдері қарастырылмақ. Экономиканы әртараптандырудың маңызды екенін назарға алу керек. Дүниежүзілік рецессия кезінде ел экономикасын дамыту, халықты жұмыспен қамту шаралары қолға алынбақ. Не дегенмен, ең алдымен, адам өзін өзгертуі тиіс.
Төтенше жағдай кезінде көптеген шешімдер халықтың пікіріне негізделіп қабылданды. Бұл да Президент айтып өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуының маңызды кезеңіне айналды.
Ерлан САИРОВ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі