Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Жұмыспен қамтудың жол картасын» талқылаған отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов осылай деп мәлімдеді.
Жалғыз бұл бағдарлама емес «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларының орындалуын қоса алғанда биыл 187 түрлі құрылыс жұмысын іске асыру көзделіп отыр. Облыстық бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау барысында оған 300 млрд теңге қаражат бөлінетін болды.
Әлеуметтік нысандар құрылысы қатарында биыл 100 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Петропавлдың Береке шағын ауданында заман талаптарына сай келетін емхана салынбақ. Мәдениет саласының 32 нысаны күрделі және ағымдық жөндеулерден өткізіледі.
Осыған байланысты Құмар Іргебайұлы ерекше пікір білдірді. «Бұрын біз даңғарадай мәдениет үйлерін тұрғызып, оларды тек концерт көруге, жиналыс өткізуге ғана қолданып келдік. Басқа уақыттарда тек орындықтардан тұратын олар жарық, жылу, күзет шығындарын босқа шығарып, қаңырап тұратын. Міне, осындай құрылыстарды қазір спорттық шаралар өткізуге де бейімдеу керек. Олардың ішіне тренажерлер орнатып, фитнес клубтар ұйымдастыруға болады. Сонда мәдениет үйлері тиімді пайдаланылады», деді ол.
Сонымен бірге биыл 777 шақырым жол жөнделетіндігі белгілі болды. 76 елді мекенге таза ауыз су жеткізу мәселесі шешіледі. Осыған байланысты жаңадан 6400 жұмыс орындарын ашады.
Сонымен бірге әкім нысандар құрылысының жобасын іске асыру конкурсына түсетін үміткерлерге талаптың күшейетінін жеткізді. Әрбір компания алыстан келетін жұмыскерлерге 85 мың теңге қоныстану қаражатын төлеуге міндеттелетін болған.
Сонымен бірге әкім субмердігерлік деген болмайтынын атап айтты. «Конкурсты жеңіп алғаннан кейін әрбір компания 3 күннің ішінде жүргізілетін жұмыстың сызбасын жасауы керек. Ал оның орындалуын халық арасынан шақырылған белсенді азаматтар, журналистер мен блогерлерден, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралатын комиссия қадағалап отырады. Сызбадан ауытқыған жағдайда біз келісімшартты бірден үземіз», деді Қ.Ақсақалов.
Сонымен бірге әкім құрылысқа 90 пайыздық отандық құрылыс материалдары қолдануы керектігін айтты. Соның ішінде облыс аумағындағы құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар да бар. «Алайда осы талапты пайдаланып, кәсіпорындар өз өнімдерінің бағасын өсіріп жібермеуі қадағалансын», деді әкім.
Сөйтіп терістікте биыл құрылыс қарқынды жүргізілмек. Карантин режімін сақтауда облыс алдыңғы қатардағы аймақтар қатарынан табылып, індеттің өрістеуіне жол бермеген еді. Енді құрылысты да сол қарқынмен атқарса құба-құп.
Солтүстік Қазақстан облысы