Карантин режімі аяқталуда, бірақ жаман індеттің таралуының шарықтау шегі әлі алда екеніне байланысты Солтүстік Қазақстан облысында қандай шаралар жасалатыны туралы облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев кеше брифинг берді.
Ол карантиндік режімнің облыста тиімді болғанын атап, тұрғындар арасында індеттің тарамағанын, ал инфекцияға ұшырағандар облысқа тек сырттан келгендер арасынан шыққанын атап өтті. Өңірде барлығы 36 адамның бойынан індет шыққан. Бүгінгі таңда инфекциялық орталықта 6 адам емделуде. Әрине, провизорлық орталық пен карантиндік стационарда әлі 80-ге жуық адам бар. 30 адам толық емделіп шыққан. Қазір облыс індетке ұшырағандар саны жөнінен республикада ең соңғы орында.
Р.Әлішев карантиндік режім аяқталғанымен шектеу шараларының тек кезең-кезеңмен өзгертілетініне тоқталды. Соның ішінде сұлулық салондарының, барлық дүкендер мен базарлардың таңғы сағат 10-нан кешкі сағат 17-ге дейін ашылатынын айтты. «Ал көңіл көтеретін сауық орындары, ресторандар мен дәмханалар, қонақүйлер әзірге ашылмайды. Оларды ашу санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсара түсуін тосып, әзірге кейінге қалдырылды», деді Р.Әлішев.
Сонымен бірге Руслан Қанатханұлы балаларды жетілдіру орталықтары және т.б. балалардың ұйымдарының шектеулі уақытқа ашылатынын айтты. Ал мәдениет нысандары тек 30 адамдық жиын көлемінде ғана жұмыс істейді. Демалыс орындары мен скверлерге үш адамдық топтың немесе бір отбасы мүшелерінің жиналуына рұқсат етілген. Спорттық командалардың да 30 адамдық топпен жаттығулар өткізуіне болады. Бірақ балалардың жаттығуларына әлі де шектеу қойылған. Діни орындарға да, отбасылық той-томалаққа және т.б. басқа жиындарға топпен жиналудың шектеуі сол қалпында қалдырылған. Моншалар мен сауналар да әзірге жұмыс істемейді.
13 мамырдан бастап ата-аналары жұмыс істейтін бүлдіршіндер үшін балабақшаларда әртүрлі жастағыларды қамтыған кезекшілік топтар ашылады. Ал басқа топтар 18 мамырдан бастап жұмыс істейді. Ең бастысы солтүстікқазақстандықтар кешкі сағат тоғызға дейін аулалар мен көшелерде үш адамдық топпен немесе отбасымен бетперде киіп, еркін тыныстап, жүре алатын болған. Сонымен бірге қоғамдық көліктер де кешкі сағат тоғыз жарымға дейін жүре бастайды. Ал шекарадан өтудің шектеулері өзгертілмейді. Оған шығаратын блок-бекеттер де сақталады. Алайда облыс аудандары арасындағылар алынып тасталады.
Солтүстік Қазақстан облысы