Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Александровка селосының маңында күдіктінің көлігінен учаскелік полиция инспекторлары Әсет Тоқтабаев пен Сергей Емельянов 8 мамыр күні түнда атылған маралдың етін тапты. Оқиға орнына Есіл ауданының ПБ жедел-тергеу тобы шақырылып, 32 жастағы ауыл тұрғыны мен Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Көліктен патрондар мен сыра шөлмектері де табылған. Қазіргі уақытта күдіктілер міндетті келу туралы қолхатпен жіберілді.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аңшылықтың 10 фактісі анықталды. 200-ге жуық солтүстікқазақстандық жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рейдтік іс-шаралар барысында Тайынша ауданында да Петропавл тұрғыны ұсталып, оның жол талғамайтын көлігінің салонынан екі жабайы қаздың еті алынды. Оған 5 айлық есептік мөлшерінде айыппұл, сондай-ақ келтірген шығын үшін 50 мың теңге төлеуіне тура келеді.
«Қазір облыс аумағында аң аулауға тыйым салынған. Құстарды, сондай-ақ жабайы жануарларды атуға байланысты барлық іс-әрекеттер үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген», - деді СҚО ПД табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы, полиция капитаны Асхат Қожабаев.
Солтүстік Қазақстан облысы