Көктем шыға малы төлдеп, уыз көжеден дәм татуға шақырған туысқанымыз Қазығұрт ауданында тұрады. Түркістан мен оңтүстік аудандарды байланыстыратын даңғыл жолда бүгінде көлік көп. Көрші Өзбекстан елімен қарым-қатынас жақсара түскелі жолаушы тасымалдайтын үлкен автобустардың да, сауда-саттықпен ағылып жатқан ірі жүк көліктері де молайған.
Қазығұрт асуынан өтетін күре жолдың бойында ауыл тұрғындары айран-сүтін, қымызы мен қымыранын, құрт пен ірімшігін саудалап тұр. Бұл көрініс жолаушыларға жақсы таныс. Сұраныс болғандықтан да ағарғанын сатушылардың жол бойын сауда орнына айналдырғалы қашан. Ауданда мал өнімі, ағарған мол екенін осы бір көрініс те аңғартады.
Туысқанымыз әдейілеп шақырған кәделі де жеңсік тағамнан дәм татуға ауылдастары мен ауыл ақсақалдары да келіпті. Өте дәмді, әрі қою көжеден ауыз тиген ақсақалдардың бірі есік жақтағы үй иесіне қарата «келін, тағамды қара уыздан дайындады ма, әлде сары уыздан ба?» деген сауал тастады. Ақсақал айтып отырған қара уыз – төлдеген малдың ең алғашқы сүті, сары уыз – төл емгеннен кейінгі сүт. Ал бір тәуліктен кейінгі сүтті ақ уыз дейтінін ауылдағылар жақсы біледі. Отағасы да мүдірмеді «сиырымыз 2-3 күн бұрын төлдеді, көжеңіз тәтті уыздан әзірленген, көке», деді төр жақтағы ақсақалға қарап. Баппен пісірілген тағамға ризалық батасын берген ақсақал көшпенді қазақ арасында осыған ұқсас «көтенасар» салты да барын айтты. «Көтенасар – алғашқы төл туғанда арнайы көтен асып, қонақ шақыру ғұрпы. Мұндайда уақытынан ерте, қыс мезгілінде туған төлдер есепке алынбайды. Көп нәрсе заманға бейімделе өзгеріп, не болмаса қалып барады. Уыз көже дайындап басымызды қосқаныңа рахмет!» деді ақсақал. Одан кейін дастарқан басындағы әңгіме ауыл тұрғындарының өздерінен артылған ағарғанды қалай саудалап жатқанына ойысты. Жол бойындағы сауда орындарының көбейе түскені, ондағы өнімдердің сақталуы мен сапасы, тазалығы мен санитарлық талапқа сай болуы да әңгімеге арқау етілді. Ауыл тұрғындары айтқандай, енді жол бойындағылардың өніміне үлкен кәсіпорындар да тапсырыс беретін болады. «Қазығұрт» индустриялық аймағында 2 гектар жер телімінде орналасқан «Асыл бастау.кz» ЖШС-ның құны 602,7 млн теңгелік «Майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май шығару» жобасы осы наурыз айында іске қосылмақ. 20 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын кәсіпорынға ресейлік және украиналық құрал-жабдықтар орнатылған. Жылына 2 мың тонна сүт өнімін өңдейді. Сүт өнімін аудандағы агроқұрылымдардан және халықтан келісілген бағада жинақтап өңдеу арқылы арнайы ыдыстарда құйылған құрғақ сүт, сары май, айран, қаймақ және ірімшік шығару көзделуде. Кәсіпорын жұмысқа тек аудан тұрғындарын алады. Қазығұрт ауданының әкімі, жұрт іскерлігін жоғары бағалап жүрген Төлеген Телғараев жергілікті агроқұрылымдарды және тұрғындарды аталған кәсіпорынға сүт өнімін өткізуге шақырыпты. Шағын отбасылық сүт фермалары да көптеп ашылуда екен. Мысалы, өткен жылы 29 шағын ферма іске қосылған. Мал басы да көбейе түскен. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Табынға асыл тұқымды бұқа» бағдарламаларының аясында ауданда 3851 мал алыныпты.
Уыз көженің қай күнгі сүттен дайындалғанын сұраған ақсақал дастарқан басында жастарға құлаққағыс ете жақсы әңгімелерді де айта отырды. «Малдың төлі уызға әбден тоюы керек. Уызына тоймаған төл жүдеу болады. Сондықтан да үлкендер мал төлін әбден емізіп, уызына тойдырады», дейді ақсақал. Сондай-ақ дастарқан басында қазығұрттық «Қазан» кеспе туралы да әңгіме қозғалды. Әрине ер-азаматтар жағы алдымен жаңа ашылған жұмыс орындарын тілге тиек етті. Ауыл тұрғындары айтып отырған кеспеңіз өндірісі қайта жаңғыртылған, индустриалдық аймақта орналасқан, «CG Foods Central Asia» ЖШС-ның «тез әзірленетін тағамдар» жобасы аясында шығарылуда. Өткен жылы 1,1 млрд теңге инвестиция салынған зауыт бүгінде 10 түрлі «Қазан» және «Wai-Wai» маркалы кеспе өнімін шығаруда. Бүгінгі таңда 80 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның даму жоспарына сәйкес алдағы жылдары жұмысшылар саны 300-ге жетпек. Кәсіпорын жылына 1100 тонна өнім шығарып, оның 20%-ы еліміздің аумағында, ал 80%-ы Орталық Азия елдеріне экспортталады. Жалпы, «Қазығұрт» индустриялық аймағында 7,3 млрд теңгелік 193 жұмыс орнын құрайтын 5 жоба орналастырылған. Осы арада айта кетерлігі, аграрлы ауданда ауыл шаруашылығының дамуына назар аударылуда. Ауданда жұмыс істеп тұрған 19 өнеркәсіп кәсіпорыны өткен жылы 7 840,3 млн теңгенің өнімін өндірген. Биыл өнім көлемін 7 866 млн теңгеге жеткізу жоспарлануда. Шағын және орта бизнес саласы бойынша жалпы құны 1223,9 млн теңгелік 32 шағын жоба іске қосылып, 195 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны 10151 бірлікке жетіп, жұмыс істеп тұрғандарының үлесі 96,7% болған. Осы бағытта ауданда 11795 адам жұмыспен қамтылып, өндірілген өнім көлемі 69 801,5 млн теңгені құрады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бүгінге дейін жалпы 49 жоба қолдау алған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 268 тұлға 921,5 млн теңге несие алып кәсіпкерлікпен айналысуда. Сонымен қатар «Жас кәсіпкер» жобасы аясында ауданның 18-29 жас аралығындағы 199 азаматы және 136 көп балалы ана, 19 мүмкіндігі шектеулі жан, жалпы 354 адам шағын кәсіптерін ашу үшін 505 мың теңгеден қайтарымсыз мемлекеттік грант алып отыр.
Осы сынды жақсы өзгерістер сөз болған дастарқан басында қариялар уыз көже әрбір әулетті уыздай ұйытатынын айтты. «Қазақтың «уыздай ұйыған» деген тіркесінде үлкен мән жатыр. Бұрын ауыл адамдары өте ұйымшыл еді. Бір-бірінің қас-қабағына қарайтын. Ренжітіп алмауға тырысатын. Осының барлығы уыз көже дәмін бірге татқаннан да шығар. Сол ынтымақ, бірлікке сызат түсірмеңдер, салт-дәстүрімізді сақтап, жас буынға өнеге-үлгі етіңдер», деп ақсақал ақ батасын берді. Уыз көже ішкен жұрт «ақ мол болсын» деп тілегін айта тарқасты.
Түркістан облысы