• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2020

Ауылдан ақсақал көшкен соң, өзгеге не жорық?!

970 рет
көрсетілді

Ауылдағы қаңырап бос қалған, бұзылған үйлерді көргенде жүрек тұсы­мыз шаншып, сыздап қоя береді. Өйткені ауыл бәріміздің ал­тын бесігіміз. Алтын бесік елсіз далада бос қалса, бәрімізге сын.

Рас, ауылдастардың қалаға жаппай қоныс аударып, үдере көшуіне іштей қамығып, опынғаннан басқа қолдан келер дәрмен болмай тұр. Кімге тұсау боласың? Кімге ақыл айтып, кімді үгіттейсің? Бұл күнде әркім әлемнің қай түкпіріне қоныс тебем десе де, дүниенің қай бұрышына қазық байлаймын десе де өз еркі. Жанға жайлы, шаруаға сайлы болса, туған топырақты да қиналмай қиып кете беретін болдық. Бұрынғыдай шашау шығармай, ауыл болып айналып, ұлыс болып ұйысып отыратын дәурен қайда?..

Ауылдас, жерлес деген ыстық қой, шіркін. «Неге көшіп барасыз?..» деп бұл шешімінің мәнісін білгің келеді. «Ауылда не қалды енді?» дейді шарасыздық танытып. «Бұрынғыдай емес, ауылдың базары тарқады ғой» дегенді көзінен оқисың. Ауыл дегенің адамдарымен ажарлы, базарлы емес пе? «Кешегі дүрбелеңге толы талай қиын-қыстау кезеңде өзегімізді талдырмай, асырап, жеткізіп еді-ау, енді туған ауылға алғысымыз ретінде өрісін кеңейтейік, шаруасын түлетейікші», дейтін ерлік пен азаматтық мінез күтеті­нің рас. Бірақ, өкінішке қарай, «ауыл бізге не береді екен?» дейтін азаматтар көп екен әлі...

Ауылда не қалды дейсіз бе, айтпақшы? Сіз ойнаған бұйра-бұйра құм қалды. Кетік баланың тісіндей болып сиқы кеткен көше, үңірейген үй қалды... «Келіп тұрам ғой» дейді жұбатқансып... Талай азамат дәл осылай тастүйін бекініп, қайырылмай кеткен. Содан артындағы ұрпақ туған жерге тасбауыр болып, біржола тамырын үзген.

Ең қызығы, кешегі тоқсаныншы жыл­дардағы тоқырауда болмаған көш қазір қатты байқалып отыр. Тұрмысымыз түзе­ліп, жағдайымыз жақсарған сайын ауыл­дан алыстай түскіміз келетін болғаны ма? Ауыл деген аты болмаса, қазіргі тұр­мыс-тіршілігіміздің қаладан кем түсіп тұр­мағанын кім жоққа шығара алады?

Көшіп жатқанның көбі жұмыссыз­дықты тілге тиек етеді. Бірақ сол көштің бел ортасында талай зейнеткерлер бар екенін көз шіркін көріп жүр. «Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған Қартқожа білмегенде кім біледі?» деп бас­талушы еді ғой Жүсіпбек Аймауытовтың әйгілі шығармасы. Туған жердің қадірін бар саналы ғұмырын осы топырақта өт­кіз­ген ақсақалдан артық кім білуші еді деп топшылаймыз біз. Ал ауылдан ақ­сақалы көшкен соң өзгеге не жорық?

Ауыл – ұлттық дәстүрді сақтаушы ор­та, ұлтымыздың негізгі тірегі болып кел­ді. Алайда осы бір ерекше әлеуметтік қауым­дас­тықтың күйзеліске ұшырағанына көп болды. Бүгінгі ауылдың басты пробле­масы – халықтың көшуі. Әрине ақса­қал­­дары­мыз бен жастарымыз ауылдан көшу­ді тоқ­тату жөнінде бастама көтеріп жатыр. Бірақ бұл күрмеуі көп күрделі мәсе­ле. Саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні сияқ­ты бар­ша­мыз елдік танытып, ортақ іске ж­ұмыла білсек, бұл қиындықты да еңсереміз.

Кей қазаққа туған жер мақтан үшін керек сияқты. «Дүлдүлдер мен бұлбұл­дар ұшқан қасиетті Қаратөбе топырағы­нанмын», деп ет-жүрегі елжірей еске алатын­дар көп. Онда да туған жердің мерейін тасыту үшін емес, өзінің әлгіндей текті топырақтан шыққанын мақтан ету үшін ғана. Шын патриот болса, жыл са­йын туған жерге ат басын бұрып, құлаған бір кірпішін қайта қалап, қисайған бір бұрышын қайта түзеп қоймас па?

Айтып-айтпай не керек, туған ауыл­дың түтіні түзу шықсын дейтін әрбір жанашыр азаматқа «ауылда енді не қалды?» деу ар саналса керек!.. Ауылдан алыстамаңызшы, ағайын!

 

Маралбек АМАНТАЕВ