Топан судан зардап шеккен Мақтаарал ауданына көмек қолын созғандар қатарына Ақсу ауданының Қызылағаш ауылының тұрғындары да қосылды.
Осыдан он жыл бұрын Қызылағаш су қоймасы жарылып, тұтас елді мекенді су шайып кеткен еді. Ауыл адамдары табиғат апатының зардабын бастан өткерген, қиындықты иық тіресе жеңген болатын. Ол кезде де ел болып Қызылағашқа көмек берген-ді. Енді қызылағаштықтар Түркістан облысындағы топан судан зардап шеккен ағайынға қол ұшын созды. Мақтааралға гуманитарлық жүк жөнелтуге бір ауыздан келіскен Қызылағаш ауылының тұрғындары ұйымдасып, жалпы сомасы 1,5 млн теңге қаржы жинапты. Бұл ақшаға 500 литр сұйық май, 100 дана тіс пастасы мен иіс сабын, 50 қап қант, кеспе, ауыз су, тәтті-дәмділер мен жеміс жидектер, 50 қап ұн және 3 бас қой сатып алып, оңтүстікке бағыт алған автокеруенге тиеп, жөнелтті.
- Осыдан он жыл бұрын Қызылағаштағы су қоймасы жарылып, ауылымыз тасқын судың астында қалып еді. Өкініштісі, тосын оқиғадан адам қаза болды. Сол тұста ауылдың қайта салынып, еңсе тіктеуіне, ағайынның үрейден арылып, қалыпты тіршілікке оралуына бүкіл Қазақ елі жәрдемдесіп, жұмылған болатын. Біздің ауылдың тұрғындары бұл жақсылықты ұмытпайды. Кеше Мақтаарал маңына су қаптағаны жайында хабар тарағанда да бойымызды үрей биледі. Адамдардың амандығын тіледі. Ал енді өңірдегі шаруа қожалықтары бас болып, қолымыздан келгенше қаражат жинап, Қызылағаш ауылының атынан оңтүстіктіктегі ағайынға демеу болсын деп, азық-түлік, қажетті заттар жөнелтіп отырмыз. Елдің бірлігі осындайда көрінеді, - дейді Қызылағаш ауылының тұрғыны Әділғазы Байтұмақов.
Алматы облысы