Арақтың қызуына буланған Петропавл қаласының 43 жасар тұрғыны әке-шешесінің үйіне келсе, екеуі де өз шаруаларымен шығып кеткен екен. Есірік буған еркек басына басқа дүние келмей, полицияға хабарласып, үйдің мекен-жайын айтып, осында екі адамның өліп жатқанын айтады.
Мұндай өрескел оқиға шағын қалада сирек болады. Сондықтан ол жерге бірнеше адамдық тергеу тобы 2-3 машинамен барлық дабылдарын сарнатып жетеді. Аулада жүрген тұрғындар түгілі одан көшеде кетіп бара жатқан қалалықтар да шошынып, үркіп қалады. «Екі бірдей адам өліп жатқан» үйдің есігі бітеулі болады. Полиция оны бұзып кірсе, ешқандай мәйіт жоқ, үй бос тұр екен. Көршілерінен анықтағанда үй иесі саяжайға, әйелі дүкенге кеткен болып шығады. Полиция олардың оралуын тосып, тірі болғандарына көздерін жеткізген соң дабылдың жалған екендігін хабарлайды.
Қазіргі заманда дауыстың дірілі мен ырғағынан-ақ телефон соғушының кім екендігі оп-оңай анықталады ғой. Сөйтіп, 43 жаста болса да арақтың әлегімен ақымақтық қылған еркек қолға түседі. «Енді оған 80 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Қазір істің материалдары сотқа дайындалуда», дейді қалалық полицияның бірінші бөлімінің бастығы, подполковник Балабек Жахин.
Жыл басынан бері Петропавлда арнаулы қызметтерге осындай 95 жалған дабыл түскен екен. Олардың көбі анықталып, 30 АЕК көлемінде айыппұл төлеген.
ПЕТРОПАВЛ