• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2013

Дүбірге толы дүние

226 рет
көрсетілді

ЖҰРТ МЕРКЕЛЬ БЛОГЫН НЕГЕ ҚОЛДАДЫ?

Германиядағы парламенттік сайлау еуропалық қана емес, әлемдік маңызды оқиға болды. Ол Еуропаның алдағы экономикалық, тіпті, саяси да бағыт-бағдарын айқындады. Өйткені, сол құрлықтың экономикалық локомотивін кім басқаратынын белгілеп берді.

 

ЖҰРТ МЕРКЕЛЬ БЛОГЫН НЕГЕ ҚОЛДАДЫ?

Германиядағы парламенттік сайлау еуропалық қана емес, әлемдік маңызды оқиға болды. Ол Еуропаның алдағы экономикалық, тіпті, саяси да бағыт-бағдарын айқындады. Өйткені, сол құрлықтың экономикалық локомотивін кім басқаратынын белгілеп берді.

Сайлауда қазіргі канцлер Ангела Меркель басқаратын Христиан-демократиялық одақ/Христиан-әлеуметтік одақ блогы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Айқын деуіміз, бұл консервативтік блок өткен сайлаудағыдан 9 пайыз дауысты көп жинады. Сөйтіп, олар сайлаушылардың 41,5 пайызы қолдауының арқасында Бундестагтағы 630 орынның 311-іне ие болды. Екінші орындағы Германия Социал-демократиялық партиясы 25,7 дауыспен 191 мандатты иеленсе, солшылдарға – 64, ал жасылдарға 63-інші орын тиді.

Бұл мәліметтерге қарасаң, жеңіске жеткен консерваторларға қарсы басқа партиялар коалицияға бірігіп, одақ құраса, олар үкіметті құру құқына ие болып, өз арасынан канцлерді тағайындай алады. Осылайша берекесі кетіп жататындар аз емес. Ал немістер ондай жосықсыз әрекетке бара қоймас. Олар кімнің халық арасында беделі көп екенін бағамдай біледі. Тіпті, сондай әрекетке барған күннің өзінде, Меркельдің блогындай саяси күш оппозицияға айналса, ондай үкіметтің берекесі болмайтыны да анық.

Содан да дәл қазір консерваторлар ғана емес, жалпы неміс қауымы Ангела Меркельдің үшінші мерзімде билік тізгінін ұстайтынына күмән келтірмейді. Бұрындары ХДО – ХӘО блогы Ерікті демократиялық партиямен одаққа бірігіп үкімет құрып жүрсе, биыл ерікті демократтар алғаш рет соңғы жарты ғасырда 5 пайыздық белестен аса алмай, парламентке кірмей қалды. Енді консерваторлар өздеріне одақтас іздейді. Іздегенде, социал-демократтармен үлкен коалиция құруы әбден мүмкін. 2005-2009 жылдарда солай болған. Бұл социалистерге де тиімді. Қазіргідей бүкіләлемдік дағдарыс, әсіресе, Еуропада өршіп тұрған кезде қай елге де қоғамның ынтымақтастығы қажет-ақ. Ал оны неміс саясаткерлері жақсы сезінеді.

Жұрт қазіргі канцлер Ангела Меркель басқарған саяси күшті неге қолдады? Ең алдымен, сол күштің жетекшісі Меркель болғаны үшін десек, жөн болар. Сайлаушылар алдымен мынау алмағайып заманда бүкіл Еуропадай кәрі құрлықтың көшбасшысы болған елді қысылтаяң кезде тура бағытпен алып келе жатқан парасатты қайраткерді қолдады. Тіпті, соңғы кезде елде қарқынды өрлеу болмағанмен, көп жердегідей күйзеліске жол бермегені үшін де есепқой немістер өз басшысының қатқылдау талаптарын да қолдады, белгілі бір дәрежеде артықтау үнемшілдігін де кешірді.

Германияда басқа елдермен салыстырғанда, жұмыссыздық төменгі дәрежеде. Басқа жердегі жағдайды біліп отырған халық өз үкіметінің адамдарды жұмыссыз қалдырмау үшін жан-жақты шаралар жасап жатқанын көріп отыр. Бұл елде компаниялар жұмыс орнын қысқартуға жол бермейді. Қаржы тапшылығын басқа шығын көздерін қысқартумен шешеді: іссапарлар азайтылған, жаңа қызметкер алынбайды, түрлі сыйлықтар беру, бонустарға қаржы бөлу тоқтатылған. Осы­­ның барлығы үкіметтің бақы­лауында. Соның арқасында халықтың жағдайы қалыпты, елде тұрақтылық. Сол үшін ел билігі тізгінін Меркельдің ұстай бергенін жөн санайды.

 

БАСҚАЛАРДЫ БАУЫР КӨРМЕГЕН СОҢ...

Көптен бері жұрт назарына ілініп жүрген Египеттегі «Мұсылман бауырлар» қозғалысының билікке келуі де, одан кетуі де тез болды. Енді сот бұл саяси қозғалыстың жұмысына тыйым салумен қатар, оның қаржылық активін, мүліктерін тәркілеу жөнінде де үкім шығарды.

Біраздан бері бұл қозғалыс террорлық ұйымдардың халық­аралық тізіміне кіретін. Оның қызметіне Египеттің өзінде ғана емес, басқа елдерде де тыйым салынған еді. Соған қарамай, ислам, араб әлемінде оның ықпалы айқын аңғарылатын. Египет парламентінде өкілдері де бар еді. Халықтың қолдауына ие болған сондай қозғалыстың қызметіне Египеттей мұсылман құндылығын құрметтейтін елде тыйым салынуы түсініксіздеу көрінетін. Елдің сипаты зайырлы болған күнде де, ел қауымының айтарлықтай бөлігін біріктірген күшпен санасу қажет емес пе деген сұрақ көңілге оралар еді.

Барлық сұрақтарға, күдіктерге кешегі араб революциясы жан-жақты жауап берді. Елді 30 жыл билеген Хосни Мүбәракке қарсы халық көтер ілгенде, оның алдыңғы шебінде бұрын қызметіне тыйым салынған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының мүшелері болды. Олар халықтың билікке қарсылығын тиімді пайдаланды. Радикалды исламистер көптен бері астыртын күреске қатысып, ұйымдық жағынан біршама жоғары тұрғандықтан, билікке бұрынырақ жетті. Олар өз адамдарын парламентке көбірек кіргізіп, тіпті, Мұхамед Мурсиді президент тағына отырғызуға да қол жеткізді.

Осы жерде оларды саяси жағдайды тиімді пайдаланған Ресейдегі большевиктермен салыстыруға болғандай еді. Бірақ исламистердің большевиктерден бір ерекшелігі – билікке жеткенімен, оны ұстап тұра алмады. Халық душар болған экономикалық қиыншылықтан шығудың жолын білмеді. Тіпті, биліктің осындай сәтте басты тірегі болатын күш құрылымдарынан көз жазып қалды. Мұның ақыры әскери төңкеріске апарып соқты да, олар барлық биліктен айырылды.

Әсте де, біз радикалды исла­мистердің биліктен айырылып қалғанына өкініш білдіріп отырғанымыз жоқ. Билікке келген кезде «Мұсылман бауырлар» қозғалысы өздерінің бағыттарының шектеулілігін, көпшілік мүд­десімен үйлеспейтінін, көп ретте азаматтық өлшемдерге сыймайтынын көрсетті. Оның бір мысалы – елдің барлық халқының бір бөлшегі саналатын заты араб христиан-коптылардың шіркеулерін қиратып, өздерін қырып-жоюға ұшыратқаны. Діні бөлек болғанмен, қандастарына бұлайша зорлық көрсеткенін мысырлықтардың көпшілігі айыптады. Халық пікірін ескермей, бүкіл елде исламдық талаптарды орнықтыруға бағыт ұстаудың да жүзеге аса қоймайтыны күні бұрын-ақ белгілі болатын.

Халықпен санаспай, бас­қаларды бауыр санамаған «Мұсыл­ман бауырлар» қозғалысы осылайша биліктен айырылды. Оның қызметіне тыйым салынып отыр. Оның басына кешегі жағдай қайта орнады. Бәлкім, енді бұрынғыдан да қиындай түсетін шығар. Олар өздерінің бет-пердесін ашып көрсетті. Олардың енді билікке қайта келуі күмәнді. Әрине, олар бұл жағдаймен келіспейді. Атысады, шабысады.

Уақытша билік те мұны көріп, біліп отыр. Тыйым салумен шектелмей, олар «Мұсылман бауырлар» орнықтырып үлгерген нәрселерді жоюға күш салатыны анық. Арнаулы құрылған конституциялық комитет алдымен олардың негізіне айналған жаңа конституцияны өзгертіп, қоғамды қайта құруды қолға алар. Бұл оңайға түспейді. Әйтеуір соңғы уақытта мысыр халқының бір қиындықтан екінші қиындыққа ұшырап отырғаны да даусыз.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар