• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2013

Ақынын ұмытпады ұрпақтары

470 рет
көрсетілді

Қобда ауданының әкімдігі ұйымдастырған ақын-жыршы Айса Байтабыновтың шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұрпақтар сабақтастығын жалғаған шара ретінде есте қалды. Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев ғылыми-тәжірибелік конференцияны ашып, тарихты зерделеудің жаңаша сипат алғанын алға тарта отырып, осы топырақта туып, халқымыздың ғасырлар бойы санасында сақталып келген асыл қазыналарын ұлтымыздың алтын қорына қосқан ақын-жыршы Айса ақынның еңбегіне айрықша тоқталды. Ақынның өзінің өлең-жырларымен кешегі қиын-қыстау кездегі елдің көңілін көтеруге, еңсесін тіктеуге сіңірген шығармашылық қызметін атап өтті.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР мәдениет қайраткері, облыстық ішкі саясат басқармасының үйлестірушісі Еркін Құрманбеков ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толығырақ баяндады. «Қобыланды батырдың» 29 нұсқасы бар деп жүрсек, соның бір нұсқасы осы ақын-жырау Айса Байтабыновтың көкірегінен жыр болып құйылып, халқының алтын қазынасына қосылған. Филология ғылымдарының докторы Алпысбай Мұсаев Айса Байтабыновтың эпик-жыршы екенін айта келіп, оның көзін көрген ғалымдардың, Жамбыл, Нұрпейіс Байғанин сынды ақындардың ол туралы айтқан сөздерін, берген бағаларын жұртшылық жадында жаңғыртты. Айса осындай ірі тұлғалармен үзеңгі қағыстырған жыршы-ақын. Оның, сондай-ақ, өзі айтатын қиса-жырларды, өлеңдерін қызына жаздырып, еліміздің Ғылым академиясына жіберіп отырғаны да бай мұрасының сақталып қалуына септігін тигізген. Қобда ауданының тумасы, ғалым Нұржан Жетпісбай ақын шығармашылығын зерттеген кезде ақын мұраларын осы қордан тапқан. Айса Байтабынов шығармаларының ел ішіндегі іздеушісі, жинаушысы-журналист Балнияз Әжниязов ақынның ең шоқтығы биік жыры – Қобыланды батыр мен оның баласы Жаскілең туралы дастанының баспа бетінен көруіне үлес қосқан азамат. Осы Қобда бойының шежірешісі саналатын ардагер журналист Мәскеу Шүкіранов ақын туралы біраз деректер келтірді, оларды өзінің әр жылдары баспадан шыққан туған жердің тарихы туралы кітаптарында жазғанын жеткізді. Осы ауданда ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған Мәлік Жекеев ақынды бала күнінде көргенін, сол кездегі әсерлерін ортаға салды. «Қос Шынар» Әлия – Мәншүк» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалым­жан Байдербес құттықтау сөз сөйледі. Тоқсанға иек артқан Маржан Орынбаева ұжымшарда сауыншы болып жүріп, соғыс жылдарында жұмыстан соң бір-бірінің тізелерін басып отырып, ақын­ның жырын тыңдағанын айтып берді.

Бұл күні Қобдаға ақынның алыс-жақын жердегі ұрпақтары түгел жиналды деуге болады. Жұртшылық олардың естеліктерін, әңгімелерін тыңдады.

Ақынға арналған ғылыми-тә­жі­рибелік конференция ақын Айса Байтабынов аруағын асқақтатқан шара болды. Осы шараның нақты нәти­жесі ақынның басы қарайтылып, ақ кірпіштен төрт құлақты үйі тұрғызылды. Конференция соңынан ас берілді, ақын рухына құран бағышталды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар