• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2013

Ғалым. Ұйымдастырушы. Ұйытқы

520 рет
көрсетілді

Қазақстандағы жоғары эконо­микалық білім беруде 50 жылдық мерейлі тойын атап өтіп отырған Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті ай­­рықша рөлге ие. Аталмыш жо­­ғары оқу орнын бітірген тү­лектер мен шыңдалып шыққан ға­лымдар ел дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе, олар эко­номикаға аса белсенді түрде ат­­са­лысып, тәуелсіз Отанымыздың нық тұруына, ұлттық экономиканың жаңа нарықтық ­ негізінде қалыптасуы жолында аянбай еңбек етуде.

Қазақстандағы жоғары эконо­микалық білім беруде 50 жылдық мерейлі тойын атап өтіп отырған Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті ай­­рықша рөлге ие. Аталмыш жо­­ғары оқу орнын бітірген тү­лектер мен шыңдалып шыққан ға­лымдар ел дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе, олар эко­номикаға аса белсенді түрде ат­­са­лысып, тәуелсіз Отанымыздың нық тұруына, ұлттық экономиканың жаңа нарықтық ­ негізінде қалыптасуы жолында аянбай еңбек етуде.

Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің жетекші экономикалық оқу орны ретінде қалыптасуы – ел­ге та­нымал көптеген ғалым-эко­но­мис­тер мен жоғары мектеп ұйы­м­дастырушыларының есім­дерімен тығыз байланысты. Қазіргі таң­да университет өмірінде жүріп жатқан бірталай заманауи үде­рістер нақ солардың идеялары мен баста­ма­ларының практикада жүзеге асуы десек те болады.

Университеттің елу жылдығы тұ­сында оқу орнымыздың бұрынғы ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының ака­демигі, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының қазақстандық бөлімшесінің негізін қалаушы Н.Мамыровтың жетпіс бес жасқа толуымен қатар келуі символдық мәнге ие.

Нұрғали Құлшыманұлы Ал­маты облысы бұрынғы Кеген ауданының (қазіргі Райымбек) Алғабас ауылын­дағы орта мек­тепті бітірген. Жас кезінен-ақ ол білімге деген құштар­лығымен ерекше көзге түскен. Мерей­той иесінің өзі еске алатындай, 1955 жылы ол өзге де түлектермен бірге Алматыға ұжымшардың жал­ғыз көлігі – «полуторкамен» жеткен. Сондағы мақсат – жоғары оқу орнына түсу. Осыған дейінгі аралықта ол егіс бригадасында есепші болып та үлгерген. Бұл оның болашақ мамандығын қиналмай табуына ықпалын тигізгені сөзсіз. Сөйтіп, Нұрекең Қазақ мемлекеттік университетінің экономика фа­куль­тетіне оқуға қабылданған.

Ол кезде қазақ тілінде сабақ тек педагогикалық жоғары оқу орындарында ғана жүргізілетін. Қазақ мектебін бітірген жастарға бұл көп қиындық тудыратын. Айрықша ыж­дағат пен жігердің арқасында тілдік кедергіні жеңе білген талантты жас тек үздіктер қатарынан көрінеді.

Айтулы білім ордасын аяқта­ғаннан кейін, экономика фа­куль­тетінің келешегі зор түлегі ре­тін­де оны оқытушылық қызметке қалдырады. Екі жылдан кейін       Г.В.Пле­­­ханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институты «Өнеркәсіп экономикасы» кафедрасының аспирантурасына түседі. 1963 жылы Нұр­ғали Құлшыманұлы үздік бітіріп шыққан ҚазМУ-дың экономика факультеті база­сында Алматы халық шаруа­шылығы институты (АХШИ) ашылады.

Мәскеуде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан соң, Нұрғали Құлшыманұлы жаңадан шаңырақ көтерген Халық шаруашылығы институтына аға оқытушы болып жұмысын бас­тайды. Көп кешіктірмей «Өндіріс пен еңбекті ғылыми ұйымдастыру» кафедрасының доценті ғылыми атағын алды. Төрт жылдан кейін оның меңгерушісі болды.

Жас кафедра меңгерушісінің ұйым­дастырушылық қабілеті оқу орны басшылығының назарынан тыс қалмайды, сөйтіп, 1976 жылы Н.Мамыров ғылыми жұмыс жөніндегі проректор болып тағайындалды. Осы лауазымда ол 1982 жылға де­йін жұмыс істейді. Алғыр азамат ғы­лыми зерттеулермен айналысатын, болашағы зор практик-экономис­терге барынша қолдау көрсетіп, институт қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін ынта­ландыруға ұмтылады. Бұл оқу орны ғылымының дамуына оның қосқан өзіндік үлесі деп 1978 жылы қорғаған докторлық диссертациясын атап өткен жөн. Онда өндіріс пен еңбекті ұштастыру жағы кеңінен қамтылды. Нұрғали Құлшыманұлының ғылымдағы ізде­нісінің ауқымы аса кең. Ол 150-дей ғылыми еңбек жария­лады. Ол әлемдік және қазақ ғы­лымына қосылған елеулі үлес деп білеміз.

Ол жылдары институтта ғылы­ми-зерттеу жұмыстары жоспарлы жүргі зіліп бақылаудың тиімді әдіс­темесі енгізіліп, шаруашылық келі­сім­шарттық жұмыстардың көлемі артқан.

Қазақстанның жаңа тари­хи кезе­ңінде кәсіпорындар мен ұйымдар тара­пынан экономикалық қызметті ұйым­дастыру бойынша ғылыми жетістіктерді пайдалануға деген қы­зы­ғушылық тым жоғары болды. Міне, осы жағдай АХШИ-дің ғылыми қызметіне қатысты сұраныстарды арттырды. Соған орай институтта ғылыми-зерт­теу орталықтар мен зерт­ханалар құрылды. Ол зерттеулерге тапсырыс ала бастады. Бұл жас зерттеушілердің ғылымға келуіне, ізде­ніп жұмыс істеуіне жол ашты.

1982 жылы Н.Мамыров Алматы халық шаруашылығы институтының ректоры болып тағайындалады. Бес жыл аралығында ол оқу үдерісін жаң­ғырту жолында көп еңбек­тенді. Жоғары білім берудің белсенді әдіс­терінің оқу-зерттеу зертханасы құрыл­ды. Білім саласын тәрбиемен ұш­тастырып, білікті мамандарды оқу ордасына тартты.

Біз тақырыпқа арқау етіп отыр­ған көрнекті ғалым өзін дарынды ұйымдастырушы ретінде көрсете білгеніне куәміз. Ол ректор болған жылдары екінші оқу ғимараты, спорт кешені, тамақтандыру орта­лығы іске қосылды. Бас оқу ғима­раты күрделі жөндеуден өтті. Инс­титут компьютерлік техникамен жаб­дықталды. ЖОО басшысы оқы­­тушылар, қызметкерлер мен студенттердің тұрмыстық және әлеу­меттік мәселелерінің ойда­ғы­дай шешілуіне баса назар аударды. Студенттерді жатақханамен қам­тамасыз ету үшін екі студенттік үйдің құрылысы басталып, оқытушылар мен қызметкерлер үшін көп қабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Нұрғали Құлшыманұлының жігерлі кимылы, істің көзін тап басып табатын ұтқыр ізденістері арқасында институттан университетке айналған оқу орны өткен ғасырдың 90-шы жылдары көптеген жоғары оқу орындарына қарағанда, өзінің материалдық-техникалық базасының қалыбын бұзбай сақтап қала алды. Соның нәтижесінде заманауи оқу ғима­раттары, спорт кешендері, сту­денттік жатақханалар жұмыс істеп жатыр. Біз бұл үшін ака­демикке әркез ризалығымызды білдіріп келеміз.

1986 жылғы желтоқсан оқи­ғасынан соң Нұрғали Құлшы­манұлының өмі­рі күрт өзгеріске ұшырады. Ұлт ұр­пағына еткен қызметі орталыққа жақ­па­ды. Алматыдағы жоғары оқу орындарының біраз басшылары сияқ­ты оны да заңға қайшы әрекет етті деп айыптап, қуғынға ұшыратты. Оған қатаң сөгіс берді. Мұндай шешім оны ректор лауазымынан босатуға алып келді. Кафедраның қатардағы профессоры қызметіне ауыстырылды. Бұл оның өміріндегі ең бір ауыр кезең болып есептеледі. Кейбір жақын әріптестері мен достары одан сырт айналды.

Бірақ қудалаулар профес­сордың жігерін жасыта алмады. Ғылыми-зерттеулерге ден қойды. Душанбеде Тәжік аграр­лық-өнеркәсіптік кешенді ұйым­дастыру және оның экономикасын ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қыз­­меткер болды. 1988 жылы ол Қазақстанға қайтып оралды. Қа­зақ КСР Құрылыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас­шылық қызметкерлер мен ма­ман­дардың Біліктілігін арттыру институтының (БАИ) ректоры, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты Алматы филиалының директоры қызметтерін атқарды.

Желтоқсан оқиғасына қаты­сушылар ақталғаннан кейін Н.Ма­мыров 1992 жылы Қазақ Мемлекеттік Басқару академиясы (ҚазМБА) қайта құрылғанда қайтып келіп, басшылық етті.

Осы кезеңдегі қызметі жемісті, сөзсіз жетістіктерге толы болды. Оның бір тармағына оқытудың халықаралық стандарттарын енгізуге арналған ТАСИС жобасы бойынша Еуропалық Одақтың күші мен қаржысын тарту ісін жатқызуға болады. Осы жоба шеңберінде Боккони университеті (Италия) және Маастрихт менеджмент жоғары мектебімен әріптестік байланыстар орнатылды. Осы шет­елдік ЖОО-да ҚазМБА-ның көп­теген оқытушылары мен басшы қызметкерлері тағылымдамадан өтті. 1996 жылы еліміз жоға­ры мектебі практикасында алғаш рет Даму стратегия­сы орталығы құрылды. Ол оқу және оқу-әдістемелік жұмысты ұйым­дастыру, оқытудың кредиттік технологиясын, сапа менеджменті тәсілі мен білімді бағалаудың компьютерлік жүйесін енгізу жұмысын жүргізді.

Бүгінгі көптеген үдерістер мен жо­балар, атап айтқанда бакалавриат пен магистратураның ашылуы, ақпараттық технологиялар орта­лы­ғының құрылуы, қашықтықтан оқыту түрінің енгізілуі, Адам ресурстарын дамы­тудың Қазақстан-Жапония орталығы мен республика Ұлт­тық банкі магистратурасының ұйымдастырылуы өз бастауын сол кезде алды. Сонымен қатар, эко­но­микалық колледж (Талғар қала­сындағы филиалы бар), әскери кафедра ашылды.

Нұрғали Мамыров – эконо­микалық білімді мемлекеттік қаржыландыру көлемінің тұ­рақ­ты қысқаруы кезінде, әрі нарықтық даму ке зінде жоғары оқу орындарын акционерлеудің ар­тықшылығын 2000 жылдың ба­сында-ақ бағалай білген азғантай басшылардың бірі. Ол университеттің ірі мемлекеттік емес оқу орнына айналуы үшін мықты негіз қалады.

Нұрғали Құлшыманұлының біздің университетке ғана емес, сонымен қатар, Қазақ еліндегі жоғары экономикалық білімнің дамуына қосқан зор үлесін ерекше бағалауға тұрарлық. Ол өзінің сүйікті ісіне бар күш-жігерін аямаған жанның асқақ үлгісін көрсете білді. Оның құлшынысы, ынтасы мен жеке қасиеттері қандай құрметке де лайық.

ҚазЭУ-дің 50 жылдығы мен Нұрғали Мамыровтың 75 жылдық мерей­тойы әдемі үйлесім тауып отыр. Айтулы ғалым, абыройлы академик,білікті де білімді ұйым­дастырушы, жұртқа ұйытқы ардақты азамат елге, ұрпаққа адал қызмет ету жағынан бәрімізге үлгі деп білеміз.

Серік СВЯТОВ,

Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық

университетінің ректоры, профессор.

Соңғы жаңалықтар