Өзінің ерекше табынған ұстазы – белгілі жазушы Мұқан Иманжановпен екеуара ұзақ жылдар бойына үзбей хат жазысып, елдік, ерлік, шығармашылық, адамгершілік туын желбірете білген Әзілхан аға Нұршайықовтың маған да көңіл бөліп, уақытын қиып хаттасуы – теңдессіз кішіпейілділік пен мейірімділіктің үлгісі деп түсінемін.
Бүгін Астанада «Ә.Нұршайықов және қазақ журналистикасының өзекті проблемалары» тақырыбында республикалық конференция өтеді
Эпистолярлық әдебиет, эпистолография (грекше – жолдау, хат)– хат түрінде жазылған шығарма деген ұғым береді. Ол жанр ретінде көне дәуірден бастау алады. Тіпті хатпен жазылған роман да пайда болған. Қазақ әдебиетінің мысалында – Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің орыс достарына, Абайдың өз туыстарына жазған хаттары эпистолярлық қымбат мұра болып табылады. Соның ұшқыны бертінге шашырағаны да заңдылық шығар, бәлкім...
Шіркін, жастық шақ! Не істетпейсің сен, жас жүрекке! Қайда жұмсаттырмайсың буырқанған қуатты! Бұла күшпен бой кернеген, аласапыран рухымен ойды демеген ұрымтал да ұлағатты қайран күш!.. Осыдан отыз сегіз жыл бұрын мені қисынсыз да қымбат, бұрыс әлде дұрыс бір шаруаға айдап салып едің ғой. Содан... Иә, содан, 1975 жылдың 2 мамырында Қостанай қаласынан Алматыға – даңғайыр жазушы Әзілхан Нұршайықовқа хат жөнелтіп жіберейін. Хат кетті. Құр сүлдерім қалды. Маңызы да соншама алып-жұлып бара жатпаған секілді. Қатардағы көңіл ауаны. Сезімге суарылған сергелдең күйімнің сезікті бір үзік сыры дегендей. Өзім қызмет ететін облыстық «Коммунизм таңы» газетінің бетіне шыққалы жатқан бір очеркімді, осы айдарға татитынын, татымайтынын бағалатып, сынатып алмақ болғанмын ғой. Хатымның мәнісі былай:
«Құрметтi Әзiлхан аға!
Сау-сәлемет болдыңыз ба? Сiздi алда келе жатқан 5 май – Баспасөз күнiмен құттықтаймын! Менiң Сiзге амалсыздан хат жолдап отырған жайым бар. Әрине, осындай ұсақ мәселемен уақытыңызды алғаныма кешiрiм өтiнемiн. Қысылған сәтiмде Өзiңiз есiме түсiп, басқа амалын таппай, Сiзге ғана жүгiнуiме тура келдi. Ендi тоқетерiн айтайын. Рудныйлық эксковаторшы Сәлiмжан Досов туралы «Серпiн» атты очерк жазып, өз газетiме (облыстық «Коммунизм таңы») ұсынып едiм, басшылар жағы «бұл очерк дәрежесiне толық көтерiлмеген» деп, жанрын қоймай жарияламақ болды. Бұған мен келiспедiм. Оны қайтарып алып Сiзге жiберiп отырмын. Оқып көрiп, жанрын анықтауға көмектеспес пе екенсiз? Өзiм очерк дәрежесiне көтерiлген секiлдi деп ойлаймын.
Құрметтi Әзiлхан аға! Мына «Жүрек жылуы» деген очеркiмдi де қосып салып отырмын. Газетке жарияланған болатын.
Бұны да сараптан өткiзiп берсеңiз екен. Өзiңiзге ұқсап «очеркист» болғым келгендiктен осындай тосын ұйғарым жасадым. Жас журналистердiң ұлағатты ұстазы атанған Сiз бұл өтiнiштерiмдi ескерусiз қалдырмайды деп сенемiн.
Өзiңiзге деген iңкәрлiкпен Қайсар ӘЛIМОВ,
Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетiнiң өнеркәсiп, транспорт және құрылыс бөлiмiнiң меңгерушiсi. Қостанай қаласы. 2.05.1975 жыл.».
Осылайша, жүрек жұтқан екенмін. Болар іс болды, жауап күтуден басқа дәрменім қалмапты...
Дәтке қуат! Алаңкөңілді уат! Ақ түйенің қарны жарылды. Үшбу хат келді. Бәтір-ау, жауапты Әзілхан ағамның өзі жазып па екен? Иә, дәп өзі! Очеркімді жалықпай, бақайшағына дейін талдап, шағып беріпті. Газетке ұялмай, қорашсынбай басатын очерк деп бағалапты. Одан әрі не кідіріс болсын, очеркімнің тұмылдырығы алынған... Әзағаңның сол жауабы мынау еді: «Қадiрлi Қайсар! Сiзге кешiгiп жауап берiп отырғаныма ғапу өтiнемiн. Сiзден хат алғаннан кейiн Шығыс Қазақстан, Семей, Шымкент облыстарына барып қайтуыма тура келдi. Бұрынғы майдангер жолдастарыммен жолығуым қажет едi. Сiздiң маған жiберген екi очеркiңiздi де оқыдым. Екеуi де газет очеркi екен. Газет үшiн ешқандай кемшiлiгi жоқ дүниелер. Сондықтан ол екеуiн де қай газетке болса да, ұялмай ұсынуға, қымсынбай басуға болады.
Ал газет очеркi мен көркем очерктiң арасында айырма барын өзiңiз бiлесiз ғой. Газет очеркi не болды деген сұраққа хабарлай жауап бередi. Көркем очерк оның қалай болғанын баяндап түсiндiредi. Мысалы:
1) Электровоз машинисi Сәлiмжан Досов тәжiрибелi машинист Дмитрий Алексеевич Тереховпен социалистiк жарысқа түстi. Алғашында Досов Тереховтан қалып қойды. Артынан озып шықты. Сондықтан, оны электровоз цехының бастығы Васил ий Евсеевич Корнев машинист-нұсқаушы етiп жоғарылатты. Ол бұл жұмысты жiгерлi ұйымдастырып, барлық машинистердiң цехқа келген жаңа тепловоздарды меңгеруiне мұрындық болды. Дмитрий Алексеевичтiң өзi де Сәлiмжанның жiгерлiлiгiн мойындап, оған қарыздармын деп есептедi. «Себебi, Сәлiмжан (оның) жарыстағы қырсыздықтарын қыр соңынан қалмай айтып, бетiне басып отырды» («Серпiн», 14-бет) деп аяқталатын материал газет очеркi болады.
2) Осы хабарда Сәлiмжанның қандай екендiгi, мiнез-құлқы, жiгерi оқушының көз алдына елестеп отыратын болса, кейбiр қимылы, айтқан сөздерi ойда қалса, Тереховтан қалып қойғандағы күйзелiсiне оқушы иланып, соған жаны ашып отырса, ең соңында оқушы «Бәсе, мұндай адам өз дегенiне жетпей қалуға тиiс емес!» деген қорытындыға келсе, оқушы онымен қоса қуана алса, мiне, бұл – көркем очерк. Бұл өзiңiзге әбден айқын жай. Сiздiң екi очеркiңiз де осының бiрiншiсiне жатады.
Әрине, Сiз жазғанымның газет очеркi екенiн өзiм де бiлемiн. Бiрақ соны қалай көркем очерк етуге болады, маған Сiз осыны айт дерсiз. Бұл жайында бiлетiнiмдi бiр хатпен айтып жеткiзiп, түсiндiрiп беру маған да мүмкiн емес. Ең алдымен, бұған бiрсыпыра өмiр тәжiрибесi керек болар.
Сiз газет очеркiн жазуды меңгерiпсiз. Ендi ары қарай талпынып, талаптана беру шарт. Мәселен, Сәлiмжан туралы жинаған материалыңызды егер осы очерк емес, әңгiме болса қалай жазылар едi деп те ойлап көрiңiз. Әрине, көркем очерк немесе әңгiме жазу газет очеркiн жазғаннан гөрi уақытты көп тiлейдi, көбiрек ойланып-толғануды талап етедi. Әсiресе, тiл жағына көбiрек назар аудару керек. Сiз газет тiлiне бапаңдай көрiнесiз.
Және ылғи газет тiлiн қолданады екенсiз. Көпшiлiкке түсiнiксiз, мағынасы екiұшты сөздердi де қолданып жiберетiнiңiз байқалады. Мысалы, «Ертең көре, бiле аузын ашпады демерсiң» (3-б.). Осындағы «демерсiң» деген мүлде терiс қолданылған сөз ғой. «Менi қолтығымнан демерсiң» деуге болады, ал «аузыңды ашпады демерсiң» деп ешкiм де айтпайды ғой. Немесе: «Проценттерiң 200-дiң үстiне шығып кеткенi ме? Жарағансыңдар!». Осындағы «жарағансыңдар» деген де өз орнында тұрған сөз емес. Очеркист сөздiң мағынасын жете бiлуi парыз.
Қолданған әр сөзiңнiң екiұшты мағына бермеуiн қарастыру, айтайын деген ойыңды дәл бiлдiретiн сөздер таба бiлу қажет.
«Жүрек жылуы» атты очеркiңiздi «Қазақстан мұғалiмi» газетiне ұсындым. Газет очеркiн жазып, республикалық газеттерде жариялату Сiзге таңсық дүние емес сияқты. Сол себептi мына очеркiңiздi қайта жазу үшiн өзiңiзге жiберiп отырмын. Осы жазғаным көркемдiк дәрежесiне көтерiлдi-ау деген ең соңғы нұсқасын маған қайтадан жiберерсiз.
Сiздiң жай журналист емес, журналист-жазушы болуыңызға шын жүректен тiлектеспiн.
Құрметпен Әзiлхан. 24.06.1975 ж. Алматы.».
Аңдамай жасалған ілкі қадам, ірі адымға ұласып кетерін қайдан білейін. Ара-арасында бір-бірімізді «жоғалтып» алып дегендей, іркіс-тіркіспен алмасқан хаттасуларымыз Әзағаңның көзі жұмылған 2011 жылдың ақпанына дейін жалғасып келіпті-ау!
Біраз жылға жалғасқан осы хаттасуларымыздың архитектоникасын нобайы мен бітімі үндестіріле пішіліп, заман мен қоғамның сөзін айтуға бағытталған сәтті үдерістік пайым десек, қателеспейміз. Яғни, жүлгелеп жіктесек, бұл эпистолярлық жанрдың жүрдек жазбаларында қоғамның сатылы өзгерістеріндегі қадау-қадау қарапайым өмірлік әрі тұрмыстық, әлеуметтік-экономикалық, рухани һәм имандылық мәселелері, сондай-ақ, әрине, махаббаттың мәңгілік баяндары да әр қырынан көрініс тауып жатқанын баса айтқымыз келеді. Ел Тәуелсіздігінің тұма бастауы, орнығып қалыптасуы, нығайтыла түсуі тұрғысындағы ой орамдарының көкжиегі де кеңейгендей әсер сыйлары сөзсіз. Ал кейбір тұстарында үлкен жазушымен шынайы, бүкпесіз сырласудың нәтижесінде таза өзімсіне әңгімелесу ыңғайымен, бұғалықсыз кеткен әсер-сезім көріністері де байқалады.
Өзінің ерекше табынған ұстазы – белгілі жазушы Мұқан Иманжановпен екеуара ұзақ жылдар бойына үзбей хат жазысып, елдік, ерлік, шығармашылық, адамгершілік туын желбірете білген Әзілхан аға Нұршайықовтың маған да көңіл бөліп, уақытын қиып хаттасуы – теңдессіз кішіпейілділік пен мейірімділіктің үлгісі деп түсінемін. Сол үшін де – үлкен азаматтығы мен қарапайымдылығына тәнті болған көңілмен Әзағаң рухына әрдайым басымды иемін!
Мың алғыс Сізге, Әзаға! Хаттасуларымыз («Махаббат жыршысы», эпистолярлық хикаят, «Фолиант», Астана, 2005 ж.) халық кәдесіне жарап жатса, одан өткен бақыт, мархабат болар ма? Бұл кітапты оқырман тұшынып қабылдаса – Сіздің ыстық жүрегіңізден төгілген нұр-шуақтың әр кеудені жылытып, сезім әлдиімен т