Сапар мақсаты елімізді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ұсыну мәселесіне арналуда
Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ Бас Ассамблеясының 68-ші сессиясының тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейлі саяси форумының және жалпы дебаттарының ашылуына қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Сапар мақсаты елімізді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ұсыну мәселесіне арналуда
Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ Бас Ассамблеясының 68-ші сессиясының тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейлі саяси форумының және жалпы дебаттарының ашылуына қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Бас Ассамблея сессиясының алаңында Ерлан Ыдырысов Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесті. Кездесу барысында әңгімелесуші тараптар екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелерін талқыға салды. Е.Ыдырысов екі ел арасындағы сауда-экономикалық әлеуеттің үлкен болашағын атай отырып, Катарды Қазақстанның ауылшаруашылық, мал өсіру, мұнай-газ, тау-кен өндірісі, сонымен қатар, инфрақұрылым мен көлік салаларындағы инновациялық жобаларын жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Сондай-ақ, Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Уильям Бернспен кездесу өткізіп, оның барысында екіжақты қарым-қатынас, ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік пен басқа да халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін талқыға салды. Тараптар осы жылы іске қосылған АҚШ – Қазақстан ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының жұмысын ерекше атады.
У.Бернс Қазақстанға АҚШ атынан Ауғанстандағы өмірді тұрақтандыруға қосқан үлесі, Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздер үдерісіне қатысқаны үшін алғыс білдірді.
Сонымен қоса, Е.Ыдырысов өзінің шетелдік әріптестерімен екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен болашағын талқыға салды. Атап айтқанда, Джибути Сыртқы істер министрі Махмуд Али Юсуфпен, Гайана Сыртқы істер министрі Кэролин Родригес-Брикеттпен, Кипр Сыртқы істер министрі Иоаннис Касулидиспен, Либерия Сыртқы істер министрі Августин Нгафуанмен, Монако Сыртқы істер министрі Жозе Бадиамен, Тунис Сыртқы істер министрі Осман Джарандимен және БҰҰ БА 67-ші сессиясының Президенті Вук Еремичпен келіссөздер жүргізді.
Монако Сыртқы істер министрімен кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Президентінің осы елде басталған сапарын атап өтіп, технология трансферті мен монакалық әріптестерді Қазақстанның инновациялық бастамаларына белсенді тартылуына қызығушылық танытты. Бұл жерде, ең алдымен, құрылыс, қоршаған ортаны қорғау, қайта жаңартылатын энергия көздері, туризм, фармацевтика, ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне баса назар аударылды.
Екіжақты келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстанның кандидатурасын 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ұсынуға бағытталды. Аталған мәселе Қазақстан сыртқы саясатының ең маңызды мақсаттарының бірі болып табылады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметі, қауіпсіздік саласындағы маңызды шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуы жаһандық және аймақтық деңгейде ұлттық мүдделерді ескере отырып, әлемдік саяси мәселелерді қарастыруға тең дәрежеде қатысуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның қауіпсіздікті нығайту мен тұрақтандырудағы тәжірибесі, соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым мен Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалығы шеңберінде жинаған тәжірибесі БҰҰ-ның заманауи сын-қатерлеріне серпінді және сайма-сай жауап қайтару күш-жігеріне қосымша ықпал жасар еді. Қазақстан БҰҰ жұмысына азық-түлік, су, энергетика және ядролық қауіпсіздік салаларында жаңа идеялар мен ұстанымдар енгізуге ниетті.
Е.Ыдырысовтың БҰҰ БА жалпы дебаттарындағы сөйлейтін сөзі 28 қыркүйекке жоспарланған. Сонымен қатар, БҰҰ басшылығымен және шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп күтілуде.