Кеншілер қаласы Абайда тұратын Денис Стефаненко деген жігіт шырайналма араны қолға алып, екі кештің арасында отынға ағаш дайындамақ болған. Содан, бір ғана ағат қимыл жасаған екен: зыр айналып тұрған электр ара сабаздың оң қолын тура білезіктен турап түскен...
Денис әп-сәтте есінен танып қалыпты. Тіпті, ауруханаға қалай жеткізілгенін де білмейді. Ал оны жедел жәрдемнің келгенін күтпей, туыстары Абайдағы орталық ауруханаға апарған. Ол жердегі дәрігерлер ең алдымен қанды тоқтатып, жарақатқа сым шабақ салып, екіге бөлініп қалған мүшені біріктіре тігеді. Одан кейін жаралы жігіт бірден облыс орталығындағы профессор Хафиз Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілген.
Атақты медициналық мекеменің тәжірибелі хирургтері төрт сағатқа созылған ота барысында Денистің қол сүйегін қалпына келтіріп, сіңірдің, тамырлар мен жүйкенің талшықтарын жалғап тіккен. «Мұндай күрделі операция үшін бұл ұзақ уақыт емес», дейді аурухананың микрохирургі Тимур Игімбаев. Сондай-ақ, ол операцияның сәтті өтуіне науқасқа көрсетілген алғашқы көмектің игі ықпалы молынан тигенін айтады.
Хирургиялық отаның сәтті өткені соншалықты – үш күнен кейін Денис саусақтарын өздігінен жыбырлата алатын күйге жетті. Қазір ол күнделікті физиотерапия алып, тиісті дәрі-дәрмектерін қабылдап жүр.
– Қолым толық қалпына келтірілгеннен кейін мүгедектікті ресімдеудің қажеті болмайтын сияқты. Жұмысыма қайта ораламын деген үміттемін. Ал әзірше, мен сол қолмен жазуды үйреніп алдым, – дейді геологиялық барлау саласында еңбек ететін Денис Стефаненко.
Денистің ертеңгі күннен үміті зор. Оған ота жасаған дәрігерлер де жас жігіттің қолы толық жазылғаннан кейін, қасық пен шанышқыны өзі ұстап, түймелерін тағып, аяқ киімінің бауын да өзі байлай алады деген болжамды сенімді түрде айтады.
Қарағанды облысы