• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Мамыр, 2020

Қасірет

584 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысы – тау түгілі, төбесі жоқ дерліктей қазақтың кең жазық даласындағы өңірлердің бірі. Дегенмен, аймақ аумағында шоқылар мен жоталар жетерлік. Ақтөбе қаласының маңындағы осындай шоқылардың бірін жергілікті тұрғындар Түйетөбе деп атап кетіпті. Сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдар жаңғырығы дәл осы тұстан елес беріп тұрғандай. 30-жылдары Ақтөбе өңірінде 8 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге тап болып, олардың екі мыңнан астамы ату жазасына кесілген екен. Көпшілігінің мүрдесі осы Түйетөбе сайында жатыр.

Саяси қуғын-сүргін мен ашаршы­лық құрбандарына қатысты мәселе­лерді індете зерттеп жүрген ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубаймен аз-кем пікір алысудың сәті түскен-ді. Сөз басын өткен жылғы Ақтөбеге келген сапарында зұл­мат жылдар тарихына қатысты өрбітті. Сол кез­де ол кісі Түйетөбе мен жазықсыз жаза­лан­ған жандар, топырақ астында қалған өзге де жерлер жөніндегі тұжырымын төмен­дегіше түйіндеп еді: «Елімізде адам­дардың атылған орындары әлі күнге дейін сырын ішіне бүгіп, толық ашылмай жүргендері жетерлік. Соның ішінде Түйетөбеге қатысты айтсам – бұл кез­дейсоқ ашылған орын. Сондай-ақ облыс аумағындағы Қарғалы өзенінің бойын­дағы Кемпірсай деп аталатын таби­ғат қойнауынан да осындай қазан шұңқырларды кездестірдік. Бұл бағытта Қазақстан Президенті архивінен шекаралас аймақтар бойынша біраз деректерді іздестіріп көргенбіз. Сол кезде Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) қызметкерлерінің «шекарадан өтіп бара жатқандар тоқтатылды» деген хабарламаларын жиі кездестірген едік. Ашығын айтқанда, олар саяси қуғын-сүргіннің тепкісінен зардап шегіп, әбден арып-ашып, ашаршылықтан құр сүлдері қалған жазықсыз жандар еді. Архив құ­жат­тарындағы деректердің астарына үңіл­сек, олардың бәрін қоршап алып атып тастап, отырғанына көз жеткізу қиын емес».

Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақ­стан мен Ресейдің шекаралас тұсында Сүйексай деген жер бар. Мұнда әлі күнге дейін адамдардың шашылған сүйектері көрініп жатыр деп ел-жұрт бұл жаққа қарай аттап баспайды.

1929-1931 жылдары орын алған тота­литарлық режім ұжымдастыру ісін әдейі қолдан жасап, бұл керағар іс халықтың наразылығын туғызғаны мәлім. Осы бір жылдарда Ақтөбе аймағында Адай-Табын және Ырғыз көтерілістері бұрқ ете түскені де халық зердесінен өше қойған жоқ. Солардың бәрі «халық жауы» ретінде жазаланып, ату жазасына кесілгені, өзгелері жазалау орындарында ауыр бейнет пен мехнатты бастан кешіп өмірден өткені қалың тарихымыздың қасіретті беттері болмақ. Ақтөбе облысы бойынша осы жағдаяттарға қатысты сөз қозғалғанда алғашқылардың қатарында қазақ тілі мен лингвистикасы саласындағы алғашқы қазақ профессоры, саяси қуғын-сүргін жылдарының құрбаны Құдайберген Жұбановтың есімі санамызда жаңғырады. Осыдан бір-екі жыл бұрын көрнекті тарихи тұлғаның ұлы Асқар Жұбановпен кездесіп әңгімелескен едік. Сонда көңілін бір сәтке мұң шала қалған Асқар ағамыз былайша тебіреніп, толғанып еді:

«Мен Құдайберген Жұбановтың алты баласының кенжесі едім. 1937 жылдың 17 қарашасында дүниеге келгенмін. 19 қараша күні әкем Құдайберген Жұбанов мені перзентханадан үйге алып барған екен... Бұл әкемнің мені тұңғыш әрі соңғы рет көруі болыпты. Сол күні әкемді «халық жауы» деген жаламен ұстап алып кетіпті. Анамыздың және жасы менен әжептәуір үлкен аға-апаларымның айтуынша, үйде ешнәрсе қалдырмай, әкемнің барлық кітаптарын және қағаз қолжазбаларын көлікке тиеп әкетіпті. Содан 1938 жылдың 25 ақпанында «халық жауы» деген желеу­мен әкемді атып жіберіпті, деген Асқар ақсақал сол бір шақтағы отбасы тартқан қайғы-қасірет жөніндегі  әңгімесін былайша жалғады. – Айтатын нәрсе өте көп. Көрген қиыншылықтарымыздың бірі – «халық жауының баласы» деген желеумен қоғамда шетқақпай көрге­ні­міз. Аға-апаларымыз коммунистік пар­тия­ның қатарына да өте алмады. Ең қиын кезде Ақтөбедегі жерлестеріміз бен туыстарымыздың қасында болдық. Сол кезде олардың ешқайсысының аузынан бізге бағытталған «халық жауының ұрпағы» деген сөз шықпаған екен. Соған риза болдық. Әкеміздің есімі ел есінде сақталып қалғанын мақтан тұттық. Бү­гінде Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универ­си­тетіне әкеміздің есімі берілгеніне ризамыз».

Ақтөбе аймағында болған ашаршылық пен оның зардаптары жөнінде Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде сақтал­ған құжаттардың алғашқы бөлігі 1928 жылға тиесілі. Яғни өңірдегі ашаршылық туралы құжаттар 1928 жылдан бастап жинақ­талған. Сонымен қатар мұнда Ақ­төбе облысындағы Алашорда қозғалы­сы және алашордашыларды репрессия­лау туралы мәліметтер де кездеседі. Соның ішінде алашордашылардың контр­революциялық «Жекей-Назар» тобы мүше­лерінің тізімі де бар.

«Сақталған құжаттарда жер аударыл­ғандардың тізімі, өмірбаяндық деректері, отбасы құрамы және жұмысқа орналас­тырылуы туралы мәліметтер көптеп бе­рілген. Әсіресе осы тақырыпқа байланыс­ты зерттеу жүргізушілер үшін бұл өте құнды мәліметтер екенін атап көрсеткіміз келеді», дейді Ақтөбе облыстық мемлекет­тік архивінің қызметкері Бақытгүл Еш­мұратова.

БК (б) П Қазақстан өлкелік комитетінің 1936 жылғы 10 ақпанындағы №170 хаттамасында Қазақстанға 15 мың неміс және поляк шаруашылықтары көшіріліп, оның ішінде Ақтөбе облысына мың шаруашылық орналастырылғаны жөнінде қаулы қабылданғаны айтылған. 1944 жылғы мәлімет бойынша облыста арнайы қоныс аударылған 2351 отбасы болған және олардың арасында 1492 отбасы кеңшарларға орналастырылған. Олардың дені Мәртөк, Ключевой және Новоресей аудандарында тұрыпты. Нәубет кезінде бүгінгі күні Қазақстанды өз Отаны деп санайтын неміс, поляк, корей, чешен және қарашай секілді этнос өкілдері де жаппай қуғындалып орасан зор зардап шеккені белгілі. Әйтсе де оларға құшағы кең қазақ халқы қара ағаштай пана, бәйтеректей сая бола білді. Қазіргі күні олардың бәрі қазақ халқына айтар алғысы мол.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Света Смағұлованың айтуын­ша, 1920-1922 жылдардағы қазақ же­ріндегі аштық жөнінде құпия құжат көп болған. 1921 жылдың басында Ақтөбе губерниясының тұрғыны 501 637 адам болса, солардың 361 049 ішерге ас таба алмаған. Өлген малдың иістенген етін жеген адамдар жұқпалы ауруға тап болған. М.Дулатов 1921 жылы «Ақжол» газетінде: «Күніне 250 адам өледі. Ел ішін қан сүзек, қайталама сүзек және бөртпе сүзек секілді жұқпалы аурулар жайлап кетті. Адамдардың көпшілігі осыдан жан тапсырып жатыр. Өліктерді жинауға да мүмкіншілік болмай тұр», деп жазған екен.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бірер жыл бұрын: «Қазақ халқы үшін өткен ХХ ғасыр өзге халықтардың тек қорқынышты түсіне ғана кіретіндей зұлмат оқиғалардан тұрады», деп атап көрсеткені белгілі. Осы қасіретті ұмытпай әрқашан зерделеп жүру үшін Елбасының 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгілегені – үлкен жанашырлық пен парасаттылықтың белгісі. Біз осы қастерлі күнді әркез қастер тұта білуге тиіспіз. Осы тұрғыда бұдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылғаны жазықсыз жазаланған жандарды мәңгілік есте сақтауда елеулі рөл атқармақ. Оны нәубет кезеңдердің нышандық белгісі және елдік пен тәуелсіздікке жету жолындағы қасіретті жылдардың көрінісі деп бағалағанымыз орынды болмақ. Аталған мемориалдық кешен келешек ұрпақтың бойында халықтық таным-түсініктің қалыптасуына және жалпы ұлттық сана-сезімнің одан әрі жаңғыруына септігін тигізері анық.

 

АҚТӨБЕ