Меңдіғара ауданындағы “Каменьск-Уральск” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өскелең Мұратов бірнеше жылдан бері қымыз өндірісін қолға алып, осы істің соңында тынбай ізденіп жүрген азамат. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын жігіт алдымен қолдағы биелерді өз отбасының сусыны үшін сауа бастады. Жылқының басы көбейген сайын сауын да жеткілікті болды. Өздерінен, ауыл-үй, дос жаранның ішуінен артылған қымызды ақысына сұрап ішкендер қатары көбейді. Алғашында осылай басталған істі енді Өскелең табыс көзіне айналдыруға бел байлады. Қымызды көбейту үшін оны баптайтын, пісетін, құятын ыдыстар мен жабдықтарды іздеп тауып, дөңгелентіп жіберді. Сусынды жаз айларында шөлмекке құйып, дүкендерге шығарып сатуды да ұйымдастырды. Бірақ бие байлаудың, қымыз баптаудың ерекшелігінен болар, қымыз өндіру жыл мезгілдеріне орай үзіліп қалып отырды. Өскелең жылқы шаруашылығы, қымыз туралы әдебиеттерді іздеп жүріп оқыды, бие сауып отыр деген адамды қай облыста болса да іздеп барып, шаруасымен танысуға ерінбеді. Қымыз үшін Өскелең Мұратовтың Уфа, Ресейлетіп кететін де сапарлары аз емес. Башқұртстанға, Ресейдің Магнитогор қаласы маңында қымыз өндіретін кәсіпкерлерге барып, олардан да көп істі үйреніп қайтты. Әсіресе, қымыз пісетін құрылғыны сол жақтан үйреніп келіп, арнайы цехқа орнатты.
Әр жылы көктемнің кеш, ерте шығуына, жылдың құрғақшылық немесе қыстың қатты болуына байланысты шаруашылық кейде 40, кейде 80 биеге дейін сауын байлайды.
–Алдыңғы жылы жаз айында құрғақшылық, одан қыстың бір ауық жылып кетіп, қайта суытуына байланысты жерге мұз қатып, жылқылар тебіндей алмай шетінен іш тастады. Сондықтан мамыр айында да бие байлай алмадық. Қымыз өндірудің осындай қиыншылығы жетеді, – дейді Өскелең. Бірақ ниет болса қымыз өндірем деген кісі мұндай қиындықтың бәріне де төзеді екен. Өскелең сондай азамат. Сол құрғақшылық пен жылымық қыс болған жылы қымыз ашытатын қораба бабына келмей қойды. Мұның өзі мамырдың қымызын ішетін уақытты созып жіберді. Сөйтсе, гәптің бәрі де шөптің құнарында екен. Қорабаның бабы құрғақшылық болған жылғы жердің нәріне қанбаған көк шөптің құнарсыздығынан келмегенін бие байлағандардың барлығы да түсінген.
– Жануар жылқы малы табиғаттың тамыршысындай екен-ау! – дейді Өскелең. –Жылқыны сиыр сияқты жемдеп, сүтін сауа беруге де болмайды. Көк шөпте болатын бар витамин, адам ағзасына керекті дәру мамыр айындағы сары қымызда болады. Сол жылы Қостанай қаласының іргесінде тұратын Мұхтар ағай мен Мәдина апай Әбдібековтер ұйытқан қораба болмағанда біз қымыздың қасиетін кетіретін едік.
Өскелең Мұратов осыдан бірер жыл бұрын “Биелакт” кооперативін құрып, қымыз өндіруге біржолата ден қойды. Қысы- жазы бие сауып, қымызды жыл бойы өндіруді, оның түрлі сусындар сияқты дүкендерде тұруын армандайды.
– Бүгінгі сауатты жұртқа қымыз бен сыраның, “кока-кола” сияқты сусындардың пайдасы мен зиянын айтып жатудың өзі артық. Бір қынжыларлығы, сыраның өтімділігінде қазір ешқандай мін жоқ. Ал қымызды өндіру қалай қиын жұмыс болса, оны өткізу одан жеңіл болмай тұр , – дейді Өскелең.
Қаладағы дүкендер мен дүңгіршектерде жыл бойы сыра сатылады. Оның сыртында кез келген азық-түлік дүкенінде түрлі сусындар иін-тіресіп тұрады. Бірақ солардың арасынан қымызды емге көрмейсің. “Биелакт” кооперативі өндірген қымыздың біраз бөлігі күн сайын Меңдіғара ауданында орналасқан М.Қарабаев атындағы туберкулезден емдейтін санаторийге жіберіледі. Қалғаны дүкендерге өткізіледі, үйден сатылады. Кәсіпкердің айтуынша қымыз дәл сырадай қолдан қолға тимей өтіп кетпейді. Ал бұл сусынды көп сақтауға тағы болмайды. Өтпей қалған қымыз рәсуа болып, шаруаның қыруар бейнетінің сорға айналғанымен бірдей. Қостанайда осы кезге дейін қымызхананың жоқтығы да осы сусынға жұртшылық ниетінің түгел аумай тұрғандығынан болса керек.
Қостанай қаласының айналасындағы шағын ауылдарда, одан қалды аудандарда жаздай-күздей бие байлап, қымыз пісетіндер аз емес. Әрі кеткенде 5-6 биенің сүті ауыл-үйден де артылмайды. Осыдан келіп қымыз жетпейтіндей көрінеді. Ал шындығында қымызды көп мөлшерде және жыл тәулігі үздіксіз өндіруді қолға алуға талаптанып жүрген Өскелең Мұратовтың еңбегінің еш болған жері аз емес. Алайда жылқы малын ерекше жаны сүйетін және өзі де жылқы мінез жігіттің оған тауы шағылған жоқ, алған бетінен қайтқан да емес. “Халқымыздың қанына сіңген сусын бүгін неге жеңсік астай ғана болып қалуы керек?” Осы ой Өскелеңге маза бермейді. Жақында оны Ресейдің Рязань облысына жолсапарға шығарған да осы ой болатын.
– Біз сауын биелердің қатарын жүзге жеткізе алмай жүрсек, Ресейде мың бие сауатын жылқы фермасы бар екен. Оны көзбен көргенде түңілдім, – дейді Өскелең. – Ал Ресей ғалымдары “қымыз – орыстың төл тамағы” деп жаза бастады. Қолы жіпке ілінсе арқан етіп есетін орыстар әлі қымызды өздерінің брендіне айналдырып жіберетініне күмән да қалмайтын кез тууы әбден мүмкін. Ал Германияда қымыз өндіретін кәсіпорындар қырыққа шамалапты, – дейді Өскелең.
Аузымызды ашып, аспанға қарап жүргенде жанға дауа, дертке шипа дәрі қымыз осылай өзгенің еншісіне айналып кететін түрі бар. Өскелеңнің айтуынша, қазір тірлік етемін, іс істеймін дегенге барлық мүмкіндік бар. Қаржы көздерін табуға да болады. Әңгіме қымызды тұтынуда, оған деген сұранысты көбейтуде болып отыр. Қымыздың өзі емес, насихаты жетпейді. Асқазанның бүрін қырып кететін “кока-коланың” жарнамасынан көз қарығып, құлақ тұнады. Ал қымызды да әспеттейтін, әуезелейтін кез келді. Сүйегі қымызбен қатқан қазақтың бренді бұдан басқа не болмақ?! Ал ол үшін қымыздың насихатын көп болып қолға алу керек.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.