Биылдан бастап еліміздегі микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және онлайн кредит берушілердің жылдық мөлшерлемесі 56%-дан аспайды. Бұған дейін олар 100%-бен беріп келген еді. Халықты қанап, 600-700%-бен де несие бергендерді тізгіндеу мақсатында мемлекет бірқатар кешенді шаралар қабылдады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктерді, микроқаржы ұйымдарын, ломбардтар мен онлайн-кредиторларды бақылап отырумен тікелей айналысады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын және микроқаржы қызметін реттеу мен салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгеріс енгізілді. Ұлттық банк микро қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін оннан астам нормативтік-құқықтық акті қабылдады. Оның ішінде жылдық мөлшерлеме 56%-ды құрайтыны, әр қаржы ұйымының жеке капиталы болуы керектігі, капитал көлемі ломбардтар үшін – 70 млн теңге, шағын қаржы ұйымдары үшін – 100 млн теңгені құрауы тиіс. Яғни осынша қаржысы болмаған жағдайда шағын қаржы ұйымын ашу мүмкін емес. Сарапшылар шағын ұйымдардың капиталын жоғары межеде бекіту асығыс қабылданған шешім екенін, бұл қадамға бару үшін дайындықтық қажеттігін, әлі де болса 3-4 жыл керегін алға тартады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келтірген мәліметке сүйенсек, ресми тіркелген шағын қаржы ұйымдарының 48%-ында 50 млн теңгеге жетеғабыл қор бар. Ал 50 млн мен 100 млн теңге аралығындағы жарналық капиталы бар ұйымдардың үлесі – 18%. 100 млн-нан 500 млн теңге арасында жарналық капитал жинаған ұйымдар 25%-ды құрап отыр. 500 млн-нан 1 млрд теңге аралығындағылар – 3%, ең жоғары 1 млрд теңгеден артық қоры барлардың үлесі – 6%. Бұл тізімге әзірге 11 шағын қаржы ұйымы еніп отыр.
Клиент кетіп қалады деп қауіптенеді
Елімізде онлайн несие алушылар саны жылдан жылға артпаса, кеміген жоқ. Ұлттық банктің мәліметінше, өткен жылдың басында 318 мың несие онлайн арқылы берілген. Несие берушілер әр клиенттің несие тарихын парақтап отырмайтыны түсінікті. Қаржыдан қысылған адамның қажетін 10-15 минуттың ішінде қаржы беретін онлайн ұйымдардан жарты млн-ға жуық қазақстандық қарыз алып үлгерген. Даудың басы да дәл осы онлайн несиеден басталып отыр. «Сан соғып, бармақ тістеп» қалғандардың саны артқандықтан бұл мәселеге мемлекет араласуы тиіс болды. Сөйтіп бұған дейін екінші деңгейлі банктерге ғана қолданылып келген 56%-дық меже барлық шағын қаржы ұйымдарына жаппай енгізіліп отыр.
Бұл өзгеріске қарсы айтатын шағын қаржы ұйымдарының өз уәжі бар. Аталған сегменттегі сарапшылардың пікірінше, екінші деңгейлі банктер қолданатын арнайы формула шағын қаржы ұйымдарына арналмаған. Барлық шығындарды есепке алатын болсақ, схема бойынша жылдық мөлшерлеме 56%-ды емес, 46%-ды құрайды. Үнемі мемлекеттің қолдауына зәру екінші деңгейлі банктердің қаржы айналымы шағын ұйымдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені айтпаса да түсінікті. Жалпы алғанда, елімізде 2 жарым мыңдай ломбард бар десек, заңдағы жаңа өзгеріске сәйкес соның 60%-ы енді «көлеңкелі бизнеспен» айналысуға көшеді. Бұл дегеніміз мемлекетке түсетін салық кемиді деген сөз. Аталған салада 3 мыңға жуық адам жұмыс істейтіні тағы бар.
Тағы бір айта кетерлігі, олардан қарыз алатындардың басым бөлігі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар. Олардың ай сайын алатын тұрақты табысы жоқ болғандықтан, банктер оларға несие бермейді. Ал микроқаржы ұйымдарынан алған қарызды өзіне ыңғайлы уақытта жабуына қолайлы жағдай жасалған еді. Енді зейнетақы қорына ақша аудармайтын, тұрақты табысы жоқ клиенттер микроқаржы ұйымдарынан кетіп қалуы мүмкін.
Тиімді тұстары да жеткілікті
Биылғы жылдың мамыр айындағы көрсеткіш бойынша елімізде ресми тіркелген 247 шағын қаржы ұйымы, 169 ломбард, 9 несие серіктесі бар. Бұл ұйымдардың ірі қалаларда, облыстарда бірнеше бөлімшелері барын ескерген жөн.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан мәлімет бойынша жыл басында 199 шағын қаржы ұйымы аталған агенттікте тіркеуден өткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артып отыр. Өткен жылдың соңында 23 шағын қаржы ұйымы тіркелгені белгілі. Айта кетерлігі, тіркелген ұйымдардың 45%-ы, яғни ең көбі Алматы қаласында орналасқан. Несие портфелінің 80%-ы да осы шаһардағы қаржы ұйымдарына тиесілі екені анықталып отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы шағын несие беретін ұйымдардың үлесі 15%-ды құрайды, несие портфелі небәрі – 8%. Ресми тіркелген қаржы ұйымдарының 7%-ы Шымкент қаласына, 9%-ы Қарағанды облысына, 24%-ы қалған өңірлерге тиесілі. Соңғы мәлімет бойынша, еліміздегі жалпы шағын қаржы ұйымдарының несие портфелі 293,3 млрд теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға артқан. Былтыр берілген шағын несиелер бас-аяғы – 389 млрд теңге.
Соңғы жылдары елімізде шағын қаржы ұйымдарының жұмысына қатысты халықтың наразылығы күрт артты. Билік бұл салаға түбегейлі тәртіп қажет екеніне назар аударып, мәселе заңмен екшеленетін болды. Елдегі шағын ұйымдардың шатқалақтаған мәселесін GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтан сұрап білдік.
̶ Биылдан бастап, шағын қаржы ұйымдары мен ломбардтар және несие серіктестері мен онлайн несие берушілерге заң аясында тәртіп күшейді. Расында, шағын қаржы ұйымдарының уысына түскен қаншама халық зардап шегіп отыр. Оған себеп, несие алушылардың төлем қабілетін қаперге алмастан жаппай несиелердің жоғары пайызбен берілуі. Талаптың қатаңдауы бұл саладағы «ойыншылар» азайып кетуі бек мүмкін. Бұл құбылысты нарық заңдылығы, уақыт талабы деп қабылдау керек. Ұйымдар саны азайғаннан кейін олар сапаға жұмыс жасайтын болады. Шағын қаржы ұйымдарының 56%-ға қатысты уәжін естіп жүрміз. Бірақ елдегі инфляция жылдан жылға төмендеп келеді. Тек биыл пандемияға байланысты азық-түлік бағасының шарықтап кетуінен инфляция 10% межесінде сақталмақ. Сондықтан банктерге де бекітілген 56%-дық мөлшерлемені 30%-ға түсіруге болады. Шағын ұйымдардың жеке капиталына қатысты мәселе қайта қарауды қажет етеді, – дейді экономист.
Айта кетерлігі, жаңа талап бойынша биылдан бастап қаржылық жүктеме коэффициенті бекітіліп отыр. Экономист М.Халықтың айтуынша, бұл бастама азаматтардың төлем қабілетін ескереді, шамасы келмейтін қарызды алуына шектеу қояды. Егер қарыз алушының табысы 100 мың теңге болса, алатын сома соның жартысынан аспауы керек. Ал ай сайынғы табысы жоқ, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін арнайы тетіктер қарастыру қажеттігі туындап отыр. Заңдағы жаңа өзгерістің тағы бір артықшылығы, бұрын шағын ұйымдар 8000 АЕК межесінде несие беріп келсе, енді оның көлемі 20 мың АЕК-ке дейін ұлғайды. Бұған дейін бизнесті қаржыландыратын негізгі оператор банктер болса, енді бұл мүмкіндікті шағын қаржы ұйымдары да тиімді пайдалана алады.
Салыстыру үшін айта кетейік, Сингапурде шағын қаржы ұйымдарының, ломбардтар мен онлайн несие беретіндердің ай сайынғы үстемесі 1,5%-дан аспауы керек. Яғни жылына небәрі 18%-бен несие алуға болады. Германияның тәжірбиесінде бұл талап ай сайын 1%-дан аспайды. Ескеретіні, бұл елдерде банктердің пайыздық мөлшерлемесі де төмен, 2-4% аралығында. Германияда шағын қаржы ұйымдарымен қатар, мемлекеттік қаржы ұйымдары да белсенді жұмыс істейді. Айырмашылығы, жеке ұйымдар тек бағалы заттарды кепілдікке алатын болса, мемлекеттік ұйымдар киім-кешек, ыдыс-аяқты да кепіл ретінде қарастыра береді.
Қазақстандағы шағын қаржы ұйымдары мен банктерді бәсекелес деп танудан гөрі, бір-бірін толықтыратын тұтас жүйе деп қараған дұрыс сияқты. Екі сектордың да тұрақты дамуы экономика үшін тиімді болмақ.