Жыл санап отандық әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен әлеуетін арттыру мәселесіне Қорғаныс министрлігі тарапынан жіті көңіл бөлініп келеді. Мәселен, сапта тұрған сардарлардың қызметтік баспана мәселесі де біртіндеп оң шешімін тауып жатыр. Тәуелсіздіктің қалқанына айналып, ел тыныштығының қарауылында тұрған сарбаздар үшін бұл да қомақты қамқорлықтың белгісі.
Ел күзетінде тұрған арыстарымызға қамқорлық таныту дұрыс-ақ. Әйтпегенде, сандалып баспана іздеп жүрген әскери қызметші Отанын қалай қорғайды? Сондықтан Қорғаныс министрлігінің бастамасы баспанаға ұласқанын жігердің жанылғаны, жақсылық алауының жағылғаны деп бағалауға болады. Себебі бүгінгі Қазақстан армиясы басшылығының назар аударатын басым бағыты – әскери қалашықтардың инфрақұрылымын дамыту мен сардарлардың, олардың отбасының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.
Қарулы Күштер сапындағы жауынгерлерге жасалынып жатқан бұл игі үрдіс жақында «Южный» жабық әскери қалашығында жалғасын тапты. Бұл қалашық Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз гарнизонында орналасқан. Осылайша аталған гарнизондағы әскери бөлімдердің сардарларына бас-аяғы 60 пәтерді пайдалануға берілді
– Қорғаныс министрлігінің басшылығымен ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі саналатын әскери қызметшілерді тұрақты баспанамен ғана емес, сондай-ақ қызметтік үймен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін табуда. Әскери қызметшілер жаңа пәтерлерін толық ішкі әрлеу жұмыстарынан кейін алады. Пластикалық терезелер, кіреберіс және ішкі есіктер, сантехникалық құрылғылар, электр плиталар орнатылып, өрт дабыл бергіштері, электр және су есептегіш құралдары іске қосылған. Үйдің қасбеті желдетілетін отқа төзімді жүйелермен қапталған, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов.
Сондай-ақ аула аумағы абаттандырылып, балаларға арналған ойын алаңы мен жаттығу құралдары орналасыпты. Бұл әскери қалашықтағы көптеген ғимараттар мен құрылыстар сонау 1970-1990 жылдары бой көтерген. Алайда кейінгі жылдары олардың келбеті түбегейлі өзгерді. 1350 пәтерден тұратын 18 тұрғын үйдің 15-іне толық жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биылғы жоспар бойынша 36 ғимарат пен құрылысқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылып отыр. 70 пәтерден тұратын бір тұрғын үй шілде айында аяқталмақ. Ал осыдан тура екі жыл бұрын мұнда 1000 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұдан бөлек, қалашықта 200 орындық балабақша, әскери емхана мен госпиталь, азық-түлік дүкендері және басқа да нысандар бар. Спортпен шұғылданамын дегенге спорт кешенінің есігі ашық. Онда әскери қызметшілердің балалары футбол, волейбол, таэквондо, джиу-джитсу және басқа да спорттық секцияларға қатысады. Мәдени-демалыс орталығында 6 мен 14 жас аралығындағы балаларға арналған би үйірмелері жұмыс істеп тұр. Мектеп қабырғасында қолөнер мен музыканы дамытуға арналған шығармашылық үйірмелер, сондай-ақ спорт секциялары қолға алынған. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері қалашық аумағы абаттандырылып, баспаналары барынша түрленгеннен кейін жағдайлары тіптен жақсара түсетінін айтады.