БҰҰ-ның Таяу Шығыста тыныштық орнату жөніндегі елшісі Израильдің «Батыс жағалаудың» кей бөліктерін аннексия жасауы туралы жоспарын айыптады. Николай Младеновтің сөзіне сүйенсек, мұндай қадам БҰҰ ұсынған екі мемлекет жобасына нұқсан келтіреді әрі Израиль мен Палестинаның ортақ мәмілеге келуіне түбегейлі қайшы әрекет.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің онлайн отырысында сөз сөйлеген Н.Младенов Палестина – Израиль қақтығысына қатысы бар тараптардың бәрі бейбітшілікті сақтап қалуға ұмтылу қажеттігіне екпін салды.
«Мұндай қадамдар жедел басталуы тиіс. Уақыт жоғалтуға болмайды. Палестина мен Израиль халқының тағдыры бөлінуді одан әрі қоздыратын және бейбітшілікті алыстататын біржақты қауіпті әрекетпен шешілмеуі тиіс», деді БҰҰ елшісі.
Сонымен қатар Н.Младенов Палестинаның «Төрттік» – АҚШ, Ресей, Еуропалық одақ және БҰҰ тарапымен келіссөздерді жалғастырудың маңызын атап өтті.
«Израиль аннексия жоспарынан бас тартуы тиіс», деген ол Таяу Шығыстағы әріптестерін БҰҰ-мен тізе қосып жұмыс істеуге, сондай-ақ «төрттікті» өңірде бейбітшілік орнатуға үлес қосуға шақырды.
БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы елшісінің бұлай дабыл қағуы бекер емес. Израильдің «Батыс жағалауды» аннексия жасау жөніндегі жоспары бар екенін жоғарыда айттық. Жарты жыл бойы парламентін жасақтай алмай келген Израиль үкіметі ақыры ортақ мәмілеге қол жеткізді. Аннексия ел тізгінін қолына ұстаған Беньямин Нетаньяху мен оппозициялық партия өкілі Бенни Ганц келіссөздерінің бір парасы. Соған сәйкес, Израиль 1 шілдеден бастап Иордан өзенінің батыс жағалауын өз меншігінде екенін мәлімдемек.
Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауын 1967 жылғы «Алтыкүндік соғыста» басып алған болатын. Содан бері мұнда еврейлердің қонысын қалыптастыру әрекеті белсенді жүргізіліп келеді. Қазір аймақтағы 140 елді мекенде 400 мыңға жуық еврей өмір сүреді. Ал мұнда нәпақасын айырып жүрген арабтардың саны 2 миллионнан асады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де, БҰҰ да еврейлердің қонысын заңсыз деп санайды. Сондықтан «Батыс жағалау» мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі шешілген жоқ.
Ал Беньямин Нетаньяхудың асығыс шешім қабылдауына себеп бар. Иорданның батыс жағалауын Израиль меншігі деп мәлімдеуге АҚШ-тың қолдауы қажет. Алайда биылғы сайлауда Дональд Трамп жеңіліске ұшыраса, Вашингтон билігі еврейлердің бұл жоспарын қолдамайды. Әзірге Трамп әкімшілігі аннексия туралы тіс жарған жоқ. Тіпті таяуда Б.Нетаньяхумен кездескен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео тараптарды Д.Трамп ұсынған мәмілеге келісуге шақырды.
Өткен аптада Джо Байден Израильдің аннексиясын қолдамайтынын мәлімдеп, мұндай қадам шиеленісті бейбіт жолмен шешуге кедергі келтіретінін атап көрсетті. Бұған қоса, Сенаттағы демократтар өкілдері Нетаньяху мен Ганцқа хат жолдап, аннексия жоспарын қолдамайтынын жеткізді. Ендеше, күздегі сайлауда Джо Байден жеңіске жетсе, Израильдің жоспары іске аспауы әбден мүмкін.
Израильдің жоспары, әлбетте Палестинаға ұнаған жоқ. Бұған дейін ел билігі бірнеше рет Д.Трамптың ұсынысын қабылдамай тастаған еді. Бұл жолы Махмуд Аббас мүлдем қатты кетіп, АҚШ және Израильмен жасалған бүкіл келісімнен шығатынын мәлімдеді. Сондай-ақ әлем елдерін Б.Нетаньяху аннексия жоспарын жүзеге асыруға кіріссе, Израильге қарсы шығуға шақырды.
«Осы сәттен бастап Израильдің басқыншы билігі халықаралық қоғамдастық алдында басқыншы ел ретінде бүкіл жауапкершілік пен міндеттерді мойнына алуы тиіс», деді М.Аббас.
БҰҰ өкілі Н.Младенов әлі де Палестина басшыларымен келіссөз жүргізіп, келісімнен шығудың салдарын түсіндіріп көретініне тоқталды. Әйтсе де, «Израильдің «Батыс жағалауды» аннексия жасау туралы жоспары халықаралық заңды өрескел бұзу болып саналады», деп ескертті.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Кэлли Крафт түйткілді екі тарап келіссөз үстеліне жайғасқанда ғана шешуге болатынын айтады.
«Егер дұрыс бағытқа қадам жасаудан үміттенсек, дәл қазір керегі – тараптардың бір үстелге жайғасып, келіссөз жүргізуі. Қауіпсіздік Кеңесі қақтығысты шешіп бере алмайды. Біз тек тараптардың келіссөздері алға жылжуына жағдай жасаймыз», деді К.Крафт.
Францияның сыртқы істер министрі еуропалық әріптестерімен ақылдасып, Израильдің аннексия жоспарына қарсы әрекетті талқылап жатқанын хабарлады. «Кейінгі бірнеше күнде еуропалық әріптестерімізбен видео конференция жасап, алда-жалда аннекция басталса, оған қарсы әрекетімізді талқыладық», деді Жан-Ив Ле Дриан.
Бұдан бөлек, Франция, Бельгия, Германия және Эстония мемлекеттері бірлескен мәлімдеме жасап, 1967 жылы бекітілген шекараны өзгертуді қолдамайтынын жеткізді.
«Біз Израильді Палестина территориясының кез келген аймағын аннексия жасайтын біржақты әрекетінен бас тартуға шақырамыз. Бұл халықаралық заңға қайшы», делінген мәлімдемеде.
Б.Нетаньяхудың жоспары Араб әлемінің ашу-ызасын туғызды. Әсіресе АҚШ-тың Таяу Шығыстағы басты әріптесі саналатын, Израильмен бейбіт келісім жасасқан Иордания аннексияны қолдамайтынын мәлімдеді.
«Палестина автономиясын таратудың салдары қандай? Өңірде дағдарыс орнап, экстремизм күшейеді. Егер Израиль «Батыс жағалауды» шілдеден бастап аннексия жасай бастаса, бұл қадам Иордания Хашемиттік корольдігімен ауқымды қақтығысқа әкеледі», деді Иордания королі Абдалла II Der Spiegel журналына берген сұхбатында.
Бұдан бөлек, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері де оқиғаның бұлай өрбуіне алаңдап отыр. Иранның бас көсемі Али Хаменей палестиналықтарды еврейлермен күресін жалғастыра беруге шақырып, Израильді өңірдегі қатерлі ісікке теңеді.
Қысқасы, коронавирус пандемиясына қарамастан Таяу Шығыстың тағдыры шиеленісе түсті. Алда-жалда аннексия басталып кетсе, өңірдің тынышы қашатыны түсінікті. Өйткені араб әлемінің кімді қолдайтыны белгілі.