• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 25 Мамыр, 2020

Президент Түркі академиясының жұмысын жоғары бағалады

764 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының бастамасымен құрылған Академияның 10 жылдық мерейтойына орай құттықтау хат жіберді. Бұл туралы академияның ресми сайты хабарлады.

«Cізді және Сіз басқарып отырған ұжымды ортақ қуаныш – Түркі Академиясының 10-жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған институт күллі түркі әлемінің ынтымағын нығайту ісіне сүбелі үлес қосып келе жатқан беделді ғылыми ордаға айналды.

Академия бауырлас халықтардың тереңнен бастау алатын ортақ тарихы мен тамырын жаңғырту, өркениеті мен мәдени құндылықтарын насихаттауда толайым табыстарға қол жеткізуде. Көптеген зерттеулер мен ағартушылық жұмыстар нәтижесінде түркітілдес мемлекеттердің бай мұрасы төрткүл дүниеге паш етіліп, ата-бабадан мирас болып қалған туыстық өзінің баянды жалғасын табуда.

Осы ретте, Академия қызметкерлерінің тұщымды ойы мен салиқалы еңбектері түркі дүниесімен ғана шектелмей, халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылып, жоғары бағасын алғанын ерекше атап өту орынды.

Бұл бағындырар белестер түркі әлемінің мерейін үстем, бірлігі мен болашағын берекелі ету жолындағы қажырлы жұмыстың жарқын көрінісі екені сөзсіз.

Бүгінгідей айтулы күнде Сізге және Академия ұжымына қолға алған істер мен бастамаларына сәттілік, сондай-ақ шығармашылық табыс тілеймін» деп тілек білдірді Мемлекет басшысы.