Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2019-2020 оқу жылының аяқталуына орай онлайн форматта соңғы қоңырау салтанаты өтті. 101 түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алды.
Жиында білім ордасындағы түлектер жетістігі мен жеңістері аталып өтілді. Білім, ғылым бәйгелерінде топ жарған жас зияткерлер өнер, спорт сайыстарында жеңіс тұғырынан көріне білді. Бүгінде бұл мектепті бітіргендер АҚШ, Чехия, Венгрия және Ресейдегі жоғары оқу орындарының білім гранттарының иегері атанса, 19 оқушы Назарбаев Университетіне шақырту алып, тағы 19-ы қабылдау комиссиясының шешімін күтіп отыр.
Соңғы қоңырау салтанатында сөз алған мектеп директоры Бақыт Жұматай барша мектеп қауымдастығын кезекті оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәт сапар тіледі.
Таланттылардың талабын ұштаған мұғалімдер мен ата-аналар да құттықтауын жеткізді. Қазақ әуенініне әлемді тамсандырған Димаш Құдайберген бастаған еліміздің өнер жұлдыздары да қызылордалық зияткерлерге мерекелік лебіздерін арнады.
Сондай-ақ, «Алтын белгіге» үміткер Аққу Шайхыбек барлық жас түлектердің атынан мектеп ұжымына алғысын айтып, білім алып жатқан оқушыларға мектептің берген мүмкіндіктерін толығымен пайдалануға кеңес беріп, жаңа оқу жылында табыс тіледі.
Шара барысында мектеп жанынан құрылған өзін-өзі басқару ұйымын жүргізіп, былтырғы оқу жылында мектеп президенті болған бітіруші түлек Арайлым Өмірбекова мектептің қазіргі көшбасшысы Томирис Жұмағалиеваға білім кілтін салтанатты түрде табыстады.