Жуырда журналистика мен әдебиеттегі, музыка мен театрдағы айтулы сыйлықтардың бірі – Пулитцер сыйлығының лауреаттары марапатталды. Өзекті әлеуметтік тақырыптарды көтерген, саяси айла-амалдардың астарын дәйекті деректермен нақтылаған терең зерттеулер мен қоғам келбетін айшықтаған әдеби шығармалар жүлделі орыннан көрінді. Осы орайда жанрлық сипаты мен көркемдік-идеялық ізденістері үшін әр жылдары Пулитцер сыйлығының иегері атанған үздік топтаманы назарға ұсынамыз. Тақырып аясы әрқилы әрі тартысты сипатымен ерекшеленетін бұл туындылар кімді болсын бейжай қалдырмасы анық.
Колсон Уайтхед,
«Жерасты теміржолы», 2017 жыл
Әлемнің бірнеше беделді марапатына ие болған роман бірқатар әдебиеттанушылар мен белгілі қоғам қайраткерлерін таңғалдырған туынды болды. Романда Америкадағы құлдыққа қарсы күрес туралы баяндалады. Жазушы қиялды натурализммен, тарихи шындықты сол фантастикалық көркем әдебиетпен үйлестіреді. Ал тарихи деректер кең көлемді мысал түрінде берілген. Көркем туындыға Джорджиядағы мақта плантациясынан «Жерасты теміржолы» арқылы солтүстікке қашатын Коре есімді қара нәсілді құлдың жанкешті тағдыры арқау болған. Бұл «Жерасты теміржолы» – XVIII ғасырдың соңында Америкада құлдарды құтқару және оларды оңтүстіктен бос штаттарға немесе Канадаға шығару үшін жасалған құпия жолдар мен баспана жүйесі деп аталды. Шынтуайтында бұл ешқандай жерасты да, темір жол да емес, метафоралық сипатта қолданылған жалпылама атау. Осылайша көзден таса жасырын жол арқылы сапарлаушылар бекеттер арасында «кондукторлар» деп аталатын көлікпен тасымалданады. Жан ұшыра қашқан Кора да осы бір бостандыққа апарар азапты темір жол бойында басын тәуекелге тігеді, өйткені артында құлдықтың қамыты мен өлім өкшелей қуып келе жатыр еді. Ал әйгілі «Ай жарығы» мен «Қымбатты ақ адамдар» сериалының режиссері Барри Дженкинс жуық арада шығарманы Amazon үшін экранизациялауға уәде берген болатын.
Вьет Тан Нгуен,
«Жанашыр», 2016 жыл
Вьетнамдық профессордың бұл дебюті 2016 жылдың ең көп талқыланған романына айналды. Жиырмадан астам беделді басылымда «Жыл басылымы» болып танылып, халықаралық сыйлықтардың жеңімпазы атанды. Автор романды Сайгонның құлауының (соғыстың аяқталғанын білдіреді) қырық жылдығында жариялануы тегін емес. Өйткені Вьетнам соғысының тарихына ресми, әдеттегі жаттанды көзқарас тұрғысынан қараған болар деп ойласаңыз қателескен болар едіңіз. Көркем шығарманың өзегі болған кейіпкерлер галереясы алуан образға бай, мысалы, соңғы ұшақпен Америкаға қашып барып, Лос-Анджелесте аяқ суытатын вьетнамдық генералдардың қайшылықты кезеңін алыңыз. Араларында өзінің кімге жақтасатынын ойлаған коммунистік шпион және бар. Адам мен қоғам арасындағы тартыс пен сабақтастықты тарихи фантастика арқылы суреттеген роман батыс өркениетінің игіліктеріне тартылып жатқан, дейтұрғанмен Шығыс соғысының қасіретін де ұмытпаған «қос саналы» адам жайында сөз қозғайды. Өз кезегінде New York Times «Тамаша дебют! Бұл – триллер әрі әлеуметтік сатира», деп жазды.
Мэрилин Робинсон,
«Галаад», 2016 жыл
Американың бүгінгі жазушыларының арасындағы қадірлісі – Мэрилин Робинсон. Тың образдар тудырған жазушы бүгінге дейін төрт роман ұсынды, алғашқысы «Үй шаруашылығы» болса, екіншісі осы «Галаад». Аттай 24 жыл өтсе де жазушының жаңа мазмұнға лайық көтерген тақырыптары тұғырынан тайған жоқ, жазушының қағаз бетіндегі тілегі мен аңсары тереңдікті іздеумен, тыныш өмір сүрумен, хақиқат жарығымен астасып жатты. Қарапайым адамдар тағдыры мен кішкентай қалалар Робинсон шығармашылығын екпінді, тұтас жанды қозғалысқа толықтырды.
Романның бас кейіпкері Джон Эймс жаңа әлемнің табалдырығында тұрған жеті жасар ұлына ғасырлар тоғысындағы әңгімені баян етеді. Баласының ержеткенін көрмейтінін ойлап, өмірдің түрлі сынақтарында қолдау көрсете алмайтынын түсініп, ұлына хат жазады. Үлкен жазушының қаламынан шыққан бейнелер көрнекілігімен көз тартады, ішкі толғаныстары арқылы шертілген өмір тынысын терең, жан-жақты суреттейтін шығармада тұрақтылық, махаббат пен үміт салтанат құрады.