• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 27 Мамыр, 2020

Астық пен еттен таршылық көрмейміз

327 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын өткізу барысы баяндалып, мал шаруашылығын дамыту мәселесі талқыланды.

Шаруаларға тыңайтқыш жеткіліксіз

Елдегі көктемгі егіс жұмыстарына байланысты Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баян­дама жасады. Алдымен С.Омаров биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар алаңға егу жоспарланғанын, бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 238 мың гектарға көп екенін атап өтті.

– Биыл майлы дақылдардың алаңы 122,2 мың, көкөніс дақылдары 10 мың, бақша дақылдары 1,5 мың, картоп 7,8 мың, азықтық дақылдар 308,6 мың, қант қызылшасының алаңы 2,4 мың гектарға ұлғайды. Бұл ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуге және өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізат көлемін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Қазір ауыл шаруашылығы дақылдары барлық аймақта егілуде. Атап айтқанда, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 9,6 млн гектарға немесе жоспарланған алаңның 65%-ына, майлы дақылдар – 2,3 млн (76%), көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 400 мың (85%), қант қызылшасы – 20,5 мың (93%), мақта – 118 мың (100%), көпжылдық шөптер 352 мың гектарға (100%) егілді.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруа­­ш­ылығы дақылдары өнімділігін жоғары­латуға әсер ететін факторлардың бірі – минералды тыңайтқыштарды ғылы­ми ұсыныстарға сәйкес енгізу. Биылғы егіс науқаны кезінде 2,5 млн тонна тыңайт­қыш қажет болған. Бірақ респуб­ли­када қолданылған тыңайтқыштар көле­мі шамамен 500 мың тоннаны құрайды.

– Тыңайтқыштарды енгізу көлемін ұлғайту мақсатында 2020 жылы 26,2 млрд теңге сомасында субсидия қарас­тыр­ылған. Бұл ретте осы жылы респуб­ликалық бюджеттен бөлінген 23,3 млрд тең­геге қоса 2,8 млрд теңге қосымша қара­жат бөлінді. Бұл шамамен 522 мың тон­на минералды тыңайтқыштарды сатып алуды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 120 мың тоннаға артық, – деді С.Омаров.

Белгілі болғандай, Қызылорда облысында минералды тыңайтқыштардың көлемі негізделген норманың 93%-ын, Солтүстік Қазақстанда 36% және Түркістан облысында 27%-ды құрайды.

– Басқа облыстарда тыңайтқыш қолданудың төмен деңгейі байқалады. Осыған байланысты барлық облыс әкім­дік­теріне осы жағдайға ерекше көңіл бө­луді және жоғары өнім алу үшін тыңайт­қыштарды сатып алу көлемін арттыруды ұсынамыз, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.  Айта кетерлігі, екі жыл бұрын тыңайтқыштарға субсидия алу үшін агрохимиялық картограммалардың болуы міндеттелген болатын. Шаруалардың бұл мәселеге қатысты өтінішінен кейін қойылған талап 2021 жылға шегеріліп отыр.

– Біз шаруалардың дайындалуы үшін және топырақтың нақты агрохимиялық жай-күйін ескере отырып тыңайтқыштар қажет болған жерде ғана енгізілуіне 2 жыл бердік, – деді С.Омаров.

Дизель бағасы – 165 теңге

Биылғы көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ақпан-маусым айлары мезгіліне 395 мың тонна дизель отыны бөлінді. 26 мамырдағы жағдай бо­йынша бекітілген кестеге сәйкес 314 мың тонна немесе барлық көлемнің 80%-ын жеткізу бойынша шарттар жасалды, оның ішінде өңірлерге 259 мың тонна (65%) тиеп жөнелтілді.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев «облыстарды МӨЗ-ге 2020 жылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша бекіту кестесі» негізінде жоспардың 63%-ы немесе 245 мың тонна өңірлерге төмен бағамен жеткізілгенін атап өтті. Шаруалар бүгінде дизель отынын литріне 165 теңгеден сатып алуда.

– Біз оны қабылдадық. Қосымша 20 мың тонна жөнелтілді. Қалған жеткі­зі­лімдер бекітілген кестеге сәйкес жүргі­зіледі. Біздің тарапымыздан ешқандай кедергі жоқ, – деді Н.Ноғаев.

Негізгі баяндамалар аяқталғаннан кейін Премьер-Министр көтерілген мәсе­леге қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнді­рісінің қарқынын ұлғайту аясында сапалы әрі қолжетімді шикізат базасын өсіру, өнімділікті жоғарылатуды тапсырды.

̶  БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы – FAO болжамы бойынша, Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әлеуеті жоғары АҚШ, Аустралия, Бразилия және Аргентина мемлекеттерінің қатарында және әлемдік азық-түлік хабына айналуына нақты мүмкіндігі бар, – деді А.Мамин.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау аясында заманауи суару технологияларын пайдалана отырып, ірі және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарының суармалы учаскелерін кеңейтуге, егін көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылады. Бұл дайын өнім өндіретін келесі өндірістерді дамытуға мультипликативті әсер береді. Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірге әр өңір бойынша ауыл шаруашылығы сала­сының ерекшелігін ескеріп, агро­өнер­кәсіп кешенін дамытудың кешенді бағдарламасының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Ет экспорты 370 млн долларды құрайды

Күн тәртібінде қаралған екінші мәсе­ле – елдегі ауыл шаруашылығы сала­сын дамыту. Тақырыпты тарқату үшін Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров, Павлодар облысының әкімі Әбіл­қайыр Сқақов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ агробизнес өкілдері баяндама жасады.

Жиында айтылғандай, мал шаруа­шы­лығында 4% деңгейінде тұрақты өсім сақталуда. Жыл соңына дейін жалпы өнім көлемін 2,6 трлн теңгеге дейін, ірі қара мал басын 7,8 млн басқа дейін, ұсақ мал басын 17,5 млн басқа дейін жеткізу жоспарланған. Етті құс фабрикалары салынады, олар қосымша 105 мың тонна құс етін өндіреді. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларында өндірісті ұлғайту көзделген. Қазір мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жоспарланған және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың көлемі 717 млрд теңгеден асады.

– Министрліктің жоспарына сәйкес, биыл мал шаруашылығы өнімдері көлемінің қосымша өсімі 4,2 пайызға немесе 2,6 трлн теңгеге болжанып отыр. Биыл төрт ай бойынша жалпы өнім көлемі 656 млрд теңгені құрады, жалпы өнім индексі 2,2 пайызға артты. Барлық өңір бойынша жоспарлы индикативтер белгіленген және оған қол жеткізуге барлық мүмкіндік бар, – деді С.Омаров. Оның айтуынша, мал шаруашылығы секторында негізгі шаралар ірі қараның аналық басын көбейтуге бағытталған. 2018 жылдан бастап аналық мал басын сатып алуға арналған фермерлік шаруа­шылықтарды несиелендіру бағдарламасы басталды. Осы уақыт ішінде 1,5 мың фер­мерлік шаруашылық несие алып, мал сатып алды. Орта мерзімді перспекти­вада трансұлттық компанияларды тарту арқылы зәкірлік кооперацияны дамыту міндеті бар. Фермерлік шаруашы­лық­тарды құрудан күтілетін инвестициялар көлемі 350 млрд теңге. Сиыр етін экспорттау көлемі 2025 жылы 370 млн долларды құрайды. Фермерлік шаруашылықтармен 42 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ.

– Былтыр фермерлік шаруашылықтар 63 мың бас ірі қара мал әкелді. Нәти­жесінде, асыл тұқымды мал басының үлес салмағы 12 пайызға жетті. Биыл 95 мың бас малды сатып алуға фермерлік шаруашылықтарды несиелендіруді жос­парлап отырмыз. Жыл басынан бас­тап 21 мың бас сатып алуға фермерлер қаржыландырылды. Жалпы әкімдіктерге фер­мерлік шаруашылықтарды ірі қара мал әкелуге қатысты жұмыстарды белсен­діру керек, соның ішінде дайын инфра­құрылымы бар шаруа қожалықтарын да қарастыру қажет, – деді министр. Оның айтуынша, республикада 279 мың бас малға арналған бордақылау алаңдарының желісі және қуаты 240 мың тоннаға ет комбинаты бар. Олардың жүктемесін арттыру үшін бұқашықтарды тапсыру жоспары қарастырылған. Фермерлерді ынталан­дыру үшін өнеркәсіптік борда­қылау алаң­дарына немесе ет комбинаттары­на тап­сырылған бұқашықтарды тірідей сал­ма­ғына субсидиялау тетігі қарас­ты­рылған.

Сондай-ақ елімізде 12 бройлерлік құс фабрикасын жүзеге асыру жоспарлануда.

– Құс етін өндіруде былтыр 1 жаңа құс фабрикасын және 5 жобаны жаңғырту арқылы құс етінің өндірісінде 14 пайыз (223 мың тоннаға дейін) өсім қамтамасыз етіліп отыр. Дегенмен импорт үлесі 45 па­йызды құрайды. Бұл ретте құс етін өндіру бойынша жаңа қосымша өндіріс қуатын іске қосу арқылы импорт алмастыру шаралары жалғасады. Орташа мерзімдегі перспективада өндіріс қуаты 174 мың тоннаны құрайтын 12 бройлерлік құс фабрикасын жүзеге асыру жоспарлануда, – деді министр. Құс фабрикаларының қуатын толық жүктеу арқылы құс етінің өнді­рісі 2,2 есеге өсетін болады. Бастапқы инвестициялар 110 млрд теңгені құрайды және 4,7 мың жұмыс орны қамтамасыз етіледі.

Тақырыпты қорытындылау барысында А.Мамин ұсақ мал басын көбейтуге ерекше назар аудару қажеттігін, отандық құс шаруашылығын одан әрі кеңейтудің және ірі қара мал басын арттыру бойын­ша жүйелі жұмыстың маңызын атап өтті. Бұдан өзге, Үкімет басшысы бүгін­де астық егетін 300 ірі және орташа шаруа­шы­лықтарды мал шаруашылығына тартуға мүмкіндіктің бар екеніне, мұның өзі саланы дамытуға қосымша серпін беретініне тоқталды. Сыртқы нарықта айтар­лықтай сұранысқа ие шошқа етін өндіру – мал шаруашылығы өнімдерінің экспор­тын ұлғайтудағы перспективалы бағыт ретінде аталды. Жалпы, мал шаруа­шылығы саласы тұрақты дамып келеді. Мемлекет барлық қолдау шараларын көрсетіп жатыр, – деді А.Мамин.