Шетелдерде әлдебір нәрсені ойлап тапқан оқушыны көрсек, қызығып, «біздің балалар да осындай болса екен» деп «қызғанып» та қалатынымыз бар. Міне, енді біз де өзіміздің өнертапқыш оқушылармен мақтанатын күнге жеттік. Елордадағы №73 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы мүгедектерге арналған арбаны автоматтандыратын құрылғы ойлап тапты. Оның құрылғысы нарықтағы автоматтандырылған арбалардан арзан әрі аккумуляторы ұзаққа шыдайды.
Әміржан Дулат Ерболатұлы 10 сынып оқып жүрген кезінде мүгедек жандардың қолы жете бермейтін автоматты арбаны жасап көруге оқталыпты. Сөйтіп өз ойын STEM зертханасының мұғаліміне айтты. Ұстазы оның идеясын құп көргенімен, әлемде өндіріске енгізіліп қойған өнертабысты қайта құрастырып, жасағаннан гөрі оны бұрынғыдан жақсартуды немесе автоматтандырудың жеңіл жолын табуды ұсынды. Осылайша талапкер ізденуші мұғалімінің кеңесімен қарапайым, яғни кез келген мүгедек арбасын өздігінен екінші бір адамның көмегінсіз басқаруға көмектесетін құрылғы ойлап табуға кірісті. 1 жылға жуық жұмыстың нәтижесінде дарынды Дулат өнертабысын өмірге әкелді.
«Менің құрылғым қолжетімді заттардан жасалған, сондықтан да оның бағасы сатылымдағы автоматты арбалардан арзан. Ең алдымен қазір қолданыстағы арбаларды зерттедік, дөңгелектерінің қуатын, аккумуляторын қарадық. Құрылғыға «Лада» маркалы көліктің терезесін ашып-жабуға ықпал ететін мотор-редукторды орнаттық. Балалардың ойыншық машинасындағы 12 вольттық аккумулятор жоғарыдағы мотор-редукторға жақсы сәйкес келетінін анықтадық. Мен тек осы екі затты, мотор-редуктор мен аккумуляторды сатып алдым, қалған керек-жарақтар мектептен табылды», деді кейіпкеріміз. Оның ойлап тапқан құрылғысын кез келген қарапайым мүгедектердің арбасына орнатуға болады, ең тиімдісі орнатқаннан кейін қайтадан шешіп те ала аласың. Әрі аккумуляторы бір рет толық қуатталса, бір күнге жетеді екен. Құрылғы авторының айтуынша, өнертабысының арқасында тұтынушы арбасын өзі басқарып, дұрыс бағытта әрекет етуіне, сонымен қатар қалаған жеріне кедергісіз жетуіне жәрдемдеседі. Өйткені құрылғы белгілі бір бағдарламалау тіліндегі сигнал беру арқылы, орнатылған чиптегі бағдарлама миы болып саналатын арнайы жүйе негізінде тікелей әсер етіп, өз функциясын жылдам әрі сапалы түрде орындауға мүмкіндік береді.
STEM зертханасының мұғалімі, яғни кейіпкеріміздің жоба жетекшісі Жанат Еркебұланұлы шәкіртінің математикалық қабілеті жоғары екенін айтады. «Дулаттың құрылғысы 3D моделдеу, инженерия, басқаруды бағдарламалау сынды үш ірі жұмысты қамтыды. Мен шәкіртімнен болашақта мықты инженер шығатынына сенімдімін. Бағдарламалау мен электрониканы да меңгере алатын қабілеті бар, математикаға жүйріктігі бір нәрсені ойлап табуға жетелейді. Ал байқап, істеп көруге деген құлшынысы өз кезегінде ойлап табумен шектеліп қалмай, өнертабысын өндіріске енгізуге итермелейді», дейді Ж.Еркебұланұлы. Оның ойынша, оқушысы ойлап тапқан құрылғы – бізде ғана емес, әлемде бірегей өнертабыс. Себебі қазіргі нарықта өздігінен басқарылмайтын қарапайым және толық автоматтандырылған арбалар бар. Толық автоматтандырылған мүгедектер арбасы 200-250 мың теңгеден басталады. Орташа сападағы өнімдер 500 мың теңгенің айналасында, ал ең жақсылары 2 млн теңгеден асады. Кейіпкеріміздің құрылғысы кез келген қарапайым әрі арзан арбаны автоматтандыра алады. Тұтынушы құрылғыны арбасына орнатқан соң, не джойстикпен, не мобильді қосымшамен басқарады.
Құрылғы өндіріске енгізілсе, шамамен 60-70 мың теңге болады. Қарапайым арбасы бар мүмкіндігі шектеулі жан орташа 600-700 мың теңге тұратын автоматты арбаны ала ма, жоқ 60-70 мың теңгелік құрылғыны орната сала ма? Әлбетте екінші жолды таңдайды. Ойлап тапқан дүниесі Дулатқа алғашқы табысын беріп те үлгерді. Кейіпкеріміз өнертабысының арқасында бірнеше байқауларға Nur Otan партиясы ұйымдастырған «Nurinteck» республикалық жастар инновациялық байқауы, «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұйымдастырған ұлттық инновациялық байқау) қатысып, азын-аулақ қаржылай сыйлықтар ұтып алған. Бұл кәсіпкерлерге де едәуір табыс әкелетіні сөзсіз. Бірақ Дулат құрылғысына инвестиция салып, өндіруге мүдделі адамды әлі кезіктірмепті. «Шетелде болса, инвесторлар мұндай жобаны іліп әкетер еді», деген ол ата-анасының шетелде оқуға әзір рұқсат бермей отырғанын жеткізді. Бүгінде ҰБТ-ға қызу дайындалып жатқан өнертапқыш оқушы «Машина жасау» мамандығын таңдап отыр. Ал біз: «Жас инженерлерді, өнертапқыш оқушыларды қалт жібермей қадағалап отыратын шетелдік университеттер болса, құрылғыны көрген кезде-ақ оның авторына ЖОО-ның грантын тағайындар еді», дедік іштей...