Қайрат Байбосынов – қазіргі қазақ өнерінің алыбы, дәстүрлі музыка саласында ұлт мұрасына еңбегі сіңген бірегей тұлға, қазақ радиосының алтын қорына жазылған дауылпаз дауыс иесін білмейтін кісі жоқ шығар. Әншінің өмірі мен шығармашылығы жөнінде жазылған зерттеулер де қомақты, ғылыми мақала, диссертация тақырыптары баршылық, жазушы-журналист қауым қаламынан шыққан көркем очерктер мен ғұмырбаяндық хикаялар де жеткілікті. Қайрат Байбосыновтың шығармашылығы жөніндегі әр кезеңдерде жарияланған, жарияланып жүрген кешелі-бүгінгі ақпарат халық назарында. Үні ұлғайса да, сахнаның сәні болған қайраткердің алқоңыр дауысы әманда талғамшыл тыңдарман жүрегінде. Осы ретпен қарасақ, Байбосыновтың өмірі мен шығармашылық баянына қосымша дерек боларлықтай тың мәлімет жазу өте күрделі жұмыс. Сондықтан осы мақаламыз аясында Қайрат Әукенұлының тек кәсіби-академиялық бейнесіне ғана қысқа қайырым жасауды қанағат тұттық.
Баритон сипаты
Қазақта жақсы әнші көп. Оның ішінде халықтық ән дәстүріндегі бәйгенің бәсі қашанда жоғары. Бір әнші даусының кеңдігімен (диапазон), енді бірі үнінің күштілігімен таң қалдырады. Қайбір әнші тек қана ұнамды сазымен (тембрімен) есте қалуы мүмкін. Әрине кез келген әншілік дауыс – сирек құбылыс және ешқашан қайталанбайды. Алайда өнер бастауындағы әуесқой өрелесу мен оқу-тәжірибе тағылымдары табиғи қалыптағы үнді тәрбиелеп, «орындаушылық үлгі» дейтін бірыңғай тәлім тезіне салып жіберетіні белгілі. Уақыт өте келе осындай тәліми тезден өткендер көбінесе бір-бірінен аумайтын, ортанқол сахналық орындаушыларға айналып жатады. Өнер жолы қашанда бітпейтін бәсеке, мәресіз жарыс, осынау аламанда кімнің бағы жанары халықтың ынсап-талғамына тікелей байлаулы. Тек жүрегіне тәңірдің сәулесі түскендердің ғана өнері озады, олар өзгенің емес, өз рухының ырғағымен дараланады, ешкімді қайталауға әурелі де әуезе де болмайды. Дәуір үнін өзгерте алатын осындай тау тұлғалардың өнердегі ізі ендігі жерде өзгелерге үлгі болмақ, осы бір үлгі-өнеге жолды «өнерпаздың тұлғалық мектебі» десе жарасар. Қайрат Байбосыновтың дара жолын осылай қысқа түйіндеуге болады, ол өзіне дейінгі ән саңлақтарының сүрлеуімен жүре отырып, ән өнеріндегі «Абылай аспас арқаның сары белінен» өз соқпағын тапқан асқан дарын иесі.
Әнші Қайраттың аты ерте шықты. Туған жерінде, мектептегі бұла кезінде-ақ «Бала Біржан» атанды. Жаңаарқаның жазиралы төсінде тау жаңғыртып елді аузына қаратқан талапты жас сол кезде зәуімен Сарыарқада шығармашылық сапармен жүрген Нұрағаңның, заманымыздың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің назарына ілігеді. Нұрғиса Атабайұлы талапты жастың өнеріне елжіреп, разы болып батасын береді, болашақтағы кәсіби білім алуына да себепкер әрі қамқоршы болады.
Атасудан Алматыға келіп, әйгілі ән жампозы, кәсіби ән мектебінің атасы Жүсіпбек Елебековтің курсында оқып жүрген бозбаланың ешкімге ұқсамайтын бозсалқын дауысы «Қыз Жібек» фильмі (С.Қожықов) арқылы қалың қауымды дүр сілкіндіреді. «Қалиім мен Қосымжаным тірілді!» деп ұстазы шаттанады. Осыдан кейін-ақ зиялы ортада «Байбосынов феномені» деген ұғым қалыптаса бастайды, себебі жас әншінің үні ұстазы Жүсіпбек Елебеков айтқандай зор дауыстарымен аты шыққан дарабоздар Қали Байжанов, Қосымжан Бабақовтардың диапазонын еске түсіретіні рас еді, дегенмен Қайраттың вокалдық мәдениеті, тембрлік бояуы халықтық вокалда бұрын-соңды кездеспеген таңғажайып құбылысқа баланды...
Халық әншілігін тақырып ете отырып «вокал» деген ұғымды қолданғанымызға сынай қарайтындар болады, енді оның оқасы да жоқ. Далалық ән айту машығы мен кәдуілгі біз білетін вокал – қуып келгенде түбі бір өнер, тек терминнің еуропалық атауы ғана әнтек ажыраңқы. Әлемдік вокал мәдениетін бұл күнде тек қана операға тән еуропалық дүние деп жадағай қарай салуға болмайды, себебі ол ән айту саласындағы хор өнері, камералық, эстрадалық (джаз, блюз, рок, т.б.) сияқты барша жанрды түгелдей қамтып отыр. Кәсіби вокал мектебінің біздің халықтық орындаушылық тәжірибемізге араласқанына да ғасырға жуық уақыт өтті. Қазақы ән мектебінің майталмандары Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифоллалар ұлттық операмыздың алғашқы қарлығаштары болды, яғни кәсіби музыкалық тарихымыздағы тұңғыш вокал шеберлері де аға буын еді. Осы ыңғаймен келсек, халықтық ән дәстүрі мен кәсіби вокалды бір-біріне қарсы қоюдың қисыны жоқ, себебі екеуінің де мұраты – сапалы дауыс шығару, техникалық машығындағы ортақ амалдары да көп. Әсіресе Италия мәдениетіндегі «бельканто» мен қазақтағы «тік шырқаудың» ортақ виброталық тәсілдерін айтпағанның өзінде, орындалу сипаттары өзара ұқсасып тұрады. Егер Қайрат Байбосынов опера саласындағы әнші болған күннің өзінде осы табиғаты арқасында әлемдік сахнадағы ірі жұлдыздардың бірі болары сөзсіз еді.
Жалпы, музыкалық танымда вокалдық-орындаушылық табиғаттың қыр-сыры «әншіліктің резонанстық теориясы» деген жүйемен талданады екен. Түсіндіре кетелік.
Әншіліктің резонанстық теориясы – дауыстың акустикалық, физиологиялық һәм психологиялық заңдылықтарының жиыны, вокалдың табиғи қасиеттерін (тембр-бояу, диапазон-кеңдік) айқындайтын ортақ жүйе. Осы теория тұрғысынан қарағанда, Қайрат Байбосыновтың дауысы «баритон» деп жіктеледі. Баритон – ер адамға бітетін күмбірлі, алқоңыр, кең тынысты, кеуделі дауыс. Оның орындаушылық сипаты дыбыс бояуына қарай «лирикалық», «драмалық», «лирико-драмалық»; диапазонына қарай «бас-баритон», «тенор-баритон» деп негізгі бес типке (тағы да басқа түрлері бар, бірақ олар негізгі сипат болып саналмайды) бөлінеді. Әсілі, баритон дауысты адамға соның бір ғана сипаты бұйырса толық жеткілікті болады. Кейде техникалық мүмкіндігі кемелденген әнші баритонның екі сипатын алып жүруі мүмкін, ал енді үш сипатын игергендер кәсіби операның өзінде некен-саяқ. Бізді ерекше таңдандыратыны сол, Қайрат Байбосыновтың дауыс табиғатында жалпы баритон атаулыға біткен негізгі бес қасиеттің бәрі бар және бұл жағдай әсіресе әншінің репертуарлық саясаты барысында күмәнсіз байқалады. Әрине осы жерде операдағы партитуралық шектеуден халықтық дәстүрдің бостандығы басымдау келетінін айту парыз. Себебі салыстыра келгенде, халық әншілігіндегі характердің кемелдігі орасан, сол кемелдік далалық өнерпаздарға осындай таңғажайып еркіндік пен мүмкіндік сыйлай алады. Шын мәнінде, Қайрат Байбосынов өзінің көпжылдық әншілік тәжірибесінде баритонға тән күрделі техникалық тәсілдерді қолданудың хас шебері болды. Дәл бүгінде ол репертуарындағы 500-ден астам ән қорымен дәстүрлі музыка тарихындағы баритонның типтік табиғатын аша алған бірегей әнші болып отырғанын еріксіз мойындаймыз. Енді Қайрат Байбосыновтың орындау техникасындағы баритондық сипаттарды тарқатып көрелік:
1. Лирикалық баритон – бұл ең жоғары тесситуралы (tessitura – әнші дауысының кеңдігін айқындайтын дыбыстар бөлігі), қоңыржай тембрлі күшті дауыс, басты ерекшелігі – шырқау ноталарды алу барысында ешқашан баритональды реңкті жоғалтпайды. Әдетте көкке өрлеген дауыстың қоңыр тембрі сұйыла бастайды, ал Қайрат Байбосыновтың орындауында керісінше, баритонның барқыт бояуы шырқауға ұмтылған сайын мейлінше қоюлана түседі. Осынау сұлу колорит арқылы әннің тұтас мелодиясы еріктен тыс лирикалық сезіммен өріле бастайды. Мысал ретінде, жаңа заман композиторлары – Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаевтардың сүйіспеншілік тақырыбындағы әндерін келтіруге болады. Жаңа заман сазгерлерінің қолтаңбасындағы прогрессизм мен модернистік форматты әнші жатырқамайды, керісінше лирикалық баритон арқылы автордың композициялық ойын жарқырата түседі. Қайрат Байбосынов дәстүрлі орындау мен заманауи эстрадалық ырғақты жарастыра келе орындаушылық өнердің жаңа бағытын жасаған десек қателеспейміз. Көпшілікке белгілі «Сен сұлу» (Ш.Қалдаяқов), «Жайлаукөл кештері» (І.Жақанов) әндерінен осы айтқан ерекшеліктерді анық аңғара аламыз.
2. Драмалық баритон – әндегі сюжетті өрнектей алатын аса қуатты дауыс, ауыр интонациялар тізбегі штрихтық амалдың негізі болады, диапазонның орталық және жоғарғы бөліктерінде легато (legato – бірнеше дыбысты бір деммен айту) легі бір үзілмейді. Драмалық баритон тесситура бойынша төмендеу болады, бірақ кульминацияда (шырқау шыңы) жоғарғы ноталарға дейін еркін көтеріле береді. Бұл орайда Біржан салдың, Ақан серінің, Мәдидің драмалық тақырыптағы көптеген шығармасын мысал етуге болады. Айталық, Біржанның «Жанботасы» трагизмді, Ақан серінің «Құлагеріндегі» қасіретке тұнған драмалық полотноны бейнелеу барысында негізгі акцент ортаңғы регистрге (дыбыс қатары) түсіп отырады. Ал өзара контрастқа түскен төменгі және жоғары ноталар тембрлік ахуалды мейлінше қоюлатуды сұрайды. Әрине техникалық тұрғыда бұл өте күрделі вокалдық шешім. Мәдидің «Үшқарасы» да осы айтылған техникалық тәсілдерді сарқа пайдалануды қажет етеді, әннің ішіндегі драмалық тартысты шынайы баяндау үшін біз айтып отырған драмалық баритон дауыстың бояуы өте-мөте қажет. Онсыз әннің мазмұны мен сыры ашылмайды.
3. Лирико-драмалық баритон – лирикалық және драмалық мазмұндағы әндердің сұранысын біріктіре алатын алуансазды тембр. Әуен жоғары ноталарға барғыштағанымен негізгі тесситура орташа деңгейде. Лирико-драмалық баритондар әннің ішіндегі мәтінмен өрілген ахуал мен саздағы түйсікті қатар түсіндіруге құмбыл келеді, мұндайда мелодия көбінесе речитативке (сөзге) бағынышты болары аян. Естайдың «Қорланы» лирикалық сезіммен айтыла отырып, драмалық уақиғаны да қоса қамтиды. Осы әнді Қайрат Байбосынов орындағанда күллі драмалық сюжет қайта тіріледі, тыңдарман музыкалық хикаяның баянына толық қаныға алады. Режиссер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінде айтылатын Төлегеннің әндері (ариялары) осы лирико-драмалық баритонмен орындаудың жарқын мысалы. Халықтық классикадағы махаббат тақырыбындағы басқа әндерден де баритонның біз келтіріп отырған лирико-драмалық сипаты жиі кездеседі. Лирикалық толғаныс мен драмалық шиеленіс қабысқан кезде вокалдық әрекет аса күрделі техникалық тәсілдердің қысымына түседі, сондықтан лирико-драмалық рәуіштегі шығармалардың әншіге артар тәуекелі де көп. Солай бола тұрса да Қайрат Байбосыновтың лирико-баритон дауысы талай күрделі формадағы классикалық дүниелердің табиғатын жарқырата аша алды. Халық әні «Қаракөз», Ақан серінің «Ақтоқтысы» да лирико-драмалық дауыспен орындалған туындылар.
4. Бас-баритон – әншінің межелік диапазонын сынайтын дауыс сипаты, баритонның қоюлана келіп, төмендегі ноталарды еркін ала алатын сирек қабілет. Әдетте, баритон өз шеңберінде ғана сапалы дыбыстарды меңгере алады десек те, бас-баритон сипатын игеру үшін төменгі дыбыс шегінен бірсыпыра «артық» интервалдар алуға тура келеді. Бас-баритон ноталары орташа төменгі регистрде, кернеулі һәм қуатты келеді. Мысал ретінде, Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін, Зілғараның «Жиырма бесін», Сәкеннің «Тау ішіндесін» келтіруге болады. Мұнда әдеттегі жарқын баритон аяқ астынан қоюланып, тембр құмыға бастайды, сосын дыбыстардың ұзақтығы да кеуде резонаторына алапат күш түсіреді. Жаяу Мұсаның азалы «Гауһар қызы», қайғылы «Сапары» баритонның осы сипатымен орындалатын сүйекті туындылар. Салыстыру үшін айталық, қатардағы баритон дауысты әншіге осы келтірген туындыларды транспозиция (ыңғайына келтіріп) жасағанның өзінде игеру оңайға түспейді. Қайрат Байбосынов мәнерін өзге баритондардан ерекшелендіретін қасиеттердің сирек тұсы осы.
5. Тенор-баритон – шырқау биікке көтеріле алатын барқытқоңыр дауыс. Жалпы тәжірибедегі атауы «жеңіл баритон» (bariton martin), әншілер арасында «баритональды тенор» деп те аталады. Бұл тенор диапазонына бара алатын баритонның бір сипаты, халықтық дәстүрде сирек болса да кездеседі. Әдетте баритондар биік дауыста ән шырқау ұзаққа созылған машық нәтижесінде ғана қол жеткізе алады, соның өзінде жоғарғы дыбыстар сапасы сақталмауы мүмкін, себебі тенор мен баритонның табиғаты екі басқа. Тенор-баритондық қасиет әншінің тума табиғатында болғанда ғана диапазондық мүмкіндігі мейлінше таза болады. Қайрат Байбосынов Ақан серінің «Көкшетаудың биігі», Сәтмағамбеттің «Шәмсиқамары» сияқты әндердегі жекелей эпизодтық үзіктерді өте жоғары және мейлінше таза «тенормен» алады, бұл жерде әнші тербелістің (vibrato) өзіне ғана тән амалдарын қолданады. Сол арқылы жоғары ноталарды еркелете тербелтіп, адамның интонациялық қабылдау сезімін шаттыққа бөлейді. Қайрат Байбосынов романс жанрындағы шығармаларды домбыралы дәстүрге батыл түрде енгізген әнші. Еркеғали Рахмадиевтің өзіне арнайы ұсынған ән-романстарын орындау барысында осы «тенор-баритон» сипатын қолданады және сол арқылы романстың ішкі мазмұнын дөп басады. Еркеғали Рахмадиевтің «Сәкен туған Жаңаарқа», «Ақан сері» туындылары – шын мәнінде өте сәтті шыққан шедеврлер. Кәсіби баритон репертуарындағы ең жауһар шығармалар – Сыдық Мұхамеджановтың Абайдың сөзіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Өзгеге көңілім тоярсың» романстары, Қайрат Байбосынов осы шығармалардың барша партитуралық талаптарын бұзбай отырып, дәстүрлі дала вокалымен шырқағанда хас шебердің көркемдік шешіміне таңданбасқа амал қалмайды.
Қайрат Байбосыновтың орындаушылық шеберлігі жөнінде өнертанушы, ән теоретигі Бекболат Тілеухан былай деп жазады:
«Қайрат Байбосынов – Сегіз Сері, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естайлар негізін салған Арқадағы әншілік дәстүрдің өкілі. Өкілі болғанда да өзгеше өреге көтерген, өзіндік айшық, ерекше сипат пен ән өнерін әрлей түскен, ән күмбезінен кетік тауып қаланған алтын кірпіш, асқақ әнші, адуын өнерпаз.
Осы пікірдің ғылыми түйіндемесі әуелі әншіге біткен ерекше дауыс байлығына қатысты болса керек.
Әрине опера өнерінде баритон дауысқа қатысты тәпсірлер басқаша болуы мүмкін, себебі операда әнші тек бір ғана мәнерлік мәдениетке бейімделеді. Ал ұлттық өнерде дауыстың табиғи бейімі де, мүмкіндігі де сан қырлы. Солай десек те екеуінің жүгінетін жері – мәртебелі вокал өнері екені даусыз.
Қазақтың әншілік өнері туралы жазған қайсыбір зерттеушілер арасында Қайрат Байбосыновтың орындауын «дәстүрлі мектепке жатпайтын мәнер» деп кесіп-пішкендер болған. Бұл енді назар аударуға тұрмайтын сауатсыз пікір. Қайрат Байбосыновтың ескі әншілердің мұрасын тірілткен, көне нақышты жаңғыртқан, байырғы дала салтын дамытқан еңбектерін санап тауыса алмайсыз.
Интерпретация
Кез келген әнді орындаудың өзіндік мәнері болады, оны жалпылама тәжірибеде «интерпретация» дейді. Қайрат Байбосынов халықтық болсын, авторлық болсын, өзі орындаған туындыларға жанынан суырып композициялық өрнектер қосып отырады. Солай болғанмен де түпнұсқалық, авторлық талаптарды қатаң сақтайтын қасиетін атап айтуымыз керек. Бұл әсіресе Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Мәди әндерін орындау барысында анық көрінеді, бір қарағанда әннің түпнұсқасында иненің жасуындай өзгеріс жоқ секілді, енді бір айналып келіп тыңдағанда тұтас музыкалық формат басқаша түрге енгендей әсер қалдырады. Себебі әнші ұстазы Жүсіпбектен қалған сара жолды сары алтындай сақтайды және оны жаңа заман үніне лайықтап ұштастырады, сонымен бірге жалпы халыққа ортақ әншілік дәстүр аясында өзіндік орындаушылық мектебін қалыптастыруға ұмтылады, яғни осы қарекеттер арқылы ән мектебі дегеннің рухты құбылыс екендігін, рух табиғатын тірілтудің жолы көшірме мен зағип еліктеуден аулақ болатынын ұққандай боламыз.
Кәсіби орындаушыға дауыспен бірге табиғи композиторлық қабілет қоса дарымаса, ісінде әсте береке болмайтын шығар. Қайрат Байбосынов көптеген әннің мелодиясын «қайта туғандай», өз жанының сазымен жаңғыртты. Кәкімбек Салықов, Жақсыкелді Сейілов, Мұратхан Егінбаев, Қасымхан Асанов, Жағыпар Әлімханов сынды халық арасынан шыққан сазгерлердің әндері Қайрат Байбосыновтың композициялық өңдеуінде бұқараға ортақ кәсіби туындыларға айналып кеткені осының дәлелі. Композитор Ілия Жақанов вокалдық-циклды шығармалардың шебері, оның Қайрат Байбосыновқа ұсынған әндерінде де орындаушының өз трактовкасы мен интерпретациясы алға шығып отырады. «Еділ мен Жайық», «Қайықта», «Балқан таудың баурайында» сияқты заманында хит болған әндер әуелде камералық үлгіде жазылған еді, Қайрат Байбосынов домбырамен орындағаннан кейін осы туындылардың мазмұны мүлде өзгеріп шыға келді. Ол ән авторының ойындағы көркемдік идеяны жанына сіңіріп, аранжировка (көркемдеу) жасау арқылы өзінше бөлек картина жасайды, нәтижесінде композитор мен орындаушының шығармашылық тандемі халық жүрегін тебірентетін шығармашылық мұраттарға қол жеткізеді.
Аккомпанемент
Аккомпанемент – дауысты аспаппен қостау өнері. Қайрат Байбосынов қазіргі тәжірибеде домбырада ән сүйемелдеудің екі түрлі үлгісін жасаған жаңашыл музыкант. Бірінші үлгі мынау, ол халық әндерін сүйемелдеудегі құлаққа сіңісті болып қалған қағыстардың штрихтық порымын өзгертіп, аккомпанементтің әдепкі үлгісін виртуоздық деңгейге көтерді, сосын әннің бастауында орындалатын күйге бергісіз кіріспе ойлап тапты. Әлбетте күй шертпелі яки төкпелі болатыны белгілі. Бұл орайда Сайдалы сары Тоқаның тараулы толғаулары, Ықыластың қайрауық қобыз қайырымдары, Дайрабайдың жібектей желдірмелері домбырада сөйлегенде опералық қойылымдағы увертюраға (музыкалық кіріспе) бара-бар әсер тудырды. Осы күнгі жас әншілер жиі қолданатын, халық әндерінің қайырмасында домбыраны құйын қағыспен бебеулету тәсілі – Қайрат Байбосыновтың методикасы.
Қайрат Байбосыновтың аккомпонемент саласына енгізген екінші үлгісі де бұл күнде тәжірибеге еніп халық игілігіне айналып кетті. Ол домбыра аккомпанементіне гармониялық аккордтарды тұңғыш рет пайдаланды және бұл өте сәтті шыққан тәжірибе болды, кейінгі әншілерге де жұғысты, болашағы бар өнеге болды. Әсіресе «Түнгі сыр» (І.Жақанов) әнін тоникалық, доминанталық, субдоминанталық аккордтармен өрнектеуі алғашқыда шығармаға аспаптық-эстрадалық көрініс берді. Мұның себебі аталған әннің стилі жаңа заман ырғағында шыққан серенада болатын. Қайрат Байбосыновтың қазақ әніне гармониялық аккордтармен енгізуі домбыра аккомпанементі саласындағы озық ғылыми-әдістемелік жаңалық болып саналады.
Әрине Қайрат Байбосыновтың тек қана минор емес, мажор ладында да осы әдісті қолданғанын заманауи композиторлар шығармаларынан аңдауға болады. Ілия Жақановтың «Толағайы», «Жаңаарқасы» мажорлық аккордтармен орындалады. Кейде домбырадағы қос ішекке өзінің дауысын қосып, «үшдауыстылық» үндестігін туындатады, қос дыбысты терциялыққа теңестіре отырып, дауысты бір нотада созып тұру арқылы полифониялық әсерге ұластыратыны, енді айтуға тіл жетпейтін әсерге бөлейді. Қайрат Байбосынов «вариация» әдісін әннің басында да, шумақаралық кезеңдерде де, ортаңғы қайырымдарында да батыл кіргізді, тәжірибе барысында бұл да сәтті шешім болды.
Ал енді домбыраның бұрауларына, пернедегі қалыптасқан дыбыс тұрақтарын (негізінен тоника) ауыстыра пайдалануға, қағыс штрихтарын күрделендіруге енгізген тәжірибелерін айтып түгендеу мүмкін емес. Себебі бұлардың бәрі көп жылдық концерттік, педагогикалық, ғылыми-әдістемелік ізденістердің жемісі.
Бүгінде қазақтың ұлы әншісі, сахара үнінің саңлағы Қайрат Байбосыновқа, азат Отанымыздың рухани мұрасының шырақшысы болып жүрген ән абызына зор денсаулық, шығармашылық бақыт, ұзақ ғұмыр тіледік.