• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 27 Мамыр, 2020

Лу Шүн. Маржан сүзген жазушы

670 рет
көрсетілді

Өмірге бір сәт басқаша көзбен қарауға үйрете алмаса, оның несі жазушы? Соны дереу түсіне қоймай, болған оқиғаның төңірегінен аспай отырса, несі оқырман! Әдебиетті астарлы шындықтың эстетикасы деу керек. Жазушы оны қалай құбылту керек екенін өзі біледі. Оның кейіпкерлері бар адамдар ма, жоқ әлде ойдан жасалған бейнелер ме, дәл сондай оқиға болды ма, жоқ па, әдетте бұл мәселелердің маңыздылығы шебердің жеткізуі тиіс ойының тасасында тұрады.

«Адам жеу – ежелден бар құбылыс екенін білгеніммен, оның онша байыбына бармаппын. Зерттеп көрейін деп тарихына үңілсем, ондағы деректердің мерзімі жазылмапты. Тек қана әрбір бетіне «қайырым, әдеп, мораль, мінез» деген сөздерді айбақ-сайбақ қып жаза беріпті». Жазушының терең де сәулелі жанынан сүзіп алынған өмір шындығы осы. Әдетте ең әдемі сөздерді ең зұ­лым адамдар айтуға әуес келеді. Бұл «әдемі» сөздер адам жанының мың құпиялы қалтарысынан шықпайды. Олар – жебе сияқты. Біреуден естіген, бір жерден оқыған, дуалы ауыз бі­реуден «қарызға алынған», я, бір кәдеге жарату үшін әркім жанына байлап жүрген кәдімгі жебе. Біреулер кәдесіне жарата алады, біреулер жа­рата алмайды. Айырмашылығы осында ғана. Ал айтылмайтын, еш жерде таңбаланбайтын сөздер ше? Жалмауыз ниетті көрсететін жиір­кенішті, сұмпайы, күнәһар сөздер. Бұл сөздерді тежеп тұрған не? Әлде бұлар қағаздағы қызыл-жасыл, әдемі «жебелерден» ұяла ма? Әлде бұлар жарыққа жарқ етіп шыға келсе, тек шындыққа қызмет ететінін шынымен білмей ме?

«Джао дейтін шонжар, сол өзі менен қорқып жүрген сияқты ма, жоқ әлде маған қастандық жасағалы жүр ме, әйтеуір көзқарасы біртүрлі».

«Бөрілі ауданының бір жалгер диқаны қуаңшылықтан қашып бізге келген болатын. Сонда ол менің ағама: – Ауылымыздағы бір айтулы жексұрынды жұрт ұрып өлтіріп еді, бірнеше адам батыр боламыз деп оның жүрегін суырып алып майға қуырып жеп қойды, деді».

«Бүгін ол өзінше тамыр ұстаймын деген желеумен менің арық-семізді­гімді байқамақ. Сосын осы еңбегі үшін менің етімнен көже қатықтық алмақ. Менен ұйқы қаша бастады».

«Төрт мың жыл бойы тоқтаусыз адам етін жеп келген өңірде менің де талай жылдық өмірім өткенін бүгін ғана аңғардым. Қарындасым шаңыраққа үлкен ағам ие болған кезде өлді. Мүмкін ағам қарындасымның етін білдірмей тамаққа қосып, бізге де жегізіп жіберген шығар...»

«Мүмкін адам етін әлі татып үл­гер­меген балалар бар шығар? Бала­ларды құтқарайық...».

 Сұңғыла жазушының «қояншық» кейіпкері жүйкесі жүндей түтілген мазасыз адам. Ол кез келген нәрседен, кез келген адамнан секемденеді. «Мені жегелі жүр» дейтін күдікті ойларын қағаз бетіне түсіре береді. Былайша қарасаң, өмірде кездесуі мүмкін қарапайым оқиға, қарапайым кейіпкер. Айтылған ойларға, өткен оқиғаларға жындының сандырағы деп қарасаң, жеңіл ғана нәрсе. Бірақ қоғамға кәдімгі есті көзбен қарайтын, адамдардың ниетін емеурінінен танитын жазушыға мың-миллион оқырманның басын қояншықтың «шатпақтарымен» қатырып не көрінді? Әлсізді басынуға, қор­ғансызды қорлауға, ауруды аяуға, шалыс басқанды жазалауға, ақыр соңында текетірескенді өлтіруге, ол аздай тірідей жеп қоюға даяр тұратын адам табиғатындағы жауыздықты көрсету үшін «Қояншықтың қолжаз­басын» жариялады емес пе?

 Ендігі бір әңгімесі – «Құса». Адам жанының қамырықты, қайғылы күйін қара сөзбен өрнектеу оңай емес. Ақи­қатты, шындықты әркім өзін­ше қабылдайды. Біреу оны көтере алмаған соң, омақаса құлайды. Біреу­дің жұлыны үзіледі. Ал біреулер өмір бойы құса боп өтеді.

 Жаңа үйленген жұп неге ажырас­ты? Тіршіліктің қатал сынағынан бірге өтуге не кедергі болды? Адам жа­­нына микроскоппен үңілетін суреткер ерлі-зайыптының табиғатындағы ала-құлалықты бірден алдыңызға жайып салады. Екеуі екі түрлі адам. Біреуі жақсы көргенді екіншісі жақсы көрмейді. Біреуі байқағанды, екіншісі байқамайды. Біреуі қабылдағанды, екіншісі қабылдамайды. Қысқасы, екеуі бір-бірін толықтырмайды. Ажы­расып кететіні әңгіме бастал­ғанда әйелдің ері алып келген гүлді су құймай, өлтіріп алатынынан-ақ белгілі болады...

 Жалпы, ажырасудың соңы ерін құсалыққа салдырып, әйелді өлім­ге апарған шығармалар қай елдің әдебиетінде де аз болмаса керек. Бірақ оқиғаны өз халқының дәстүрі мен танымы, пайымы мен көз­қара­сы тұрғысынан өрнектеу, өз хал­қына, өз қоғамына тән тіршілік­тің ырғағын бұзбай көрсету хас шебер­­дің ғана қолынан келеді. Тір­шілік­тің қатал сынағы менмін дейтін кеу­демсоқтың өзінің әпігін басып, небір марғасқаның жанын жасытады. Ал есті жанға дүниеге көзді кең ашып қарау керектігін үйретіп кетеді. Жазу­шы кейіпкерінің құса халі катарсис сияқты. Бір күні оның жаны тазаланатынына, жадырайтынына сенгің келеді...

Лу Шүн – Қытай әдебиетінің клас­сигі. Тіршіліктен маржан сүз­ген ерекше қабілет иесі Лу Шүн шы­ғар­­ма­шылығының алтын арқауы – жуңго халқының тұрмыс-салтындағы, дүниеге көзқарасындағы, ақыл-ойы мен наным-сеніміндегі басты ерек­шеліктер. Оның «кішкентай, елеусіз», тіпті «өз өзіне көңілі тол­майтын» кейіпкерлері ешкім көр­мейтін, ешкім мән бермейтін дү­ниелерді байқап, талдап, таразылайды. Оның сол кейіпкерлері бо­лашаққа, жақсылықтың, әділдіктің үстемдік құратынына сенеді. «Бар жамандық менімен кетсін» деп жанталасады.