• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Мамыр, 2020

Ақмола облысы мамандары агроғылым мәселелерін талқылады

290 рет
көрсетілді

Заманауи агротехнологиялар ұшу аппараттарымен спектралды бақылау арқылы егіс алқабының топырақ құрамын анықтауға қауқарлы. Осылайша, алқапқа жұмсалатын тыңайтқыштар шығынын 50-ден 80 процентке дейін үнемдеуге болады.

Бұдан бөлек,  арамшөптер мен өсімдік ауруларын дер кезінде анықтап, астық шығымы мен сапасын арттыруға да мүмкіндік бар. Ресей гектарынан 25, Еуропа 30, Канада 50 центнерге дейін өнім алады. Бұл ғылымның жетістігі. Ақмола облысы жылына 5 млн тонна астық жинайды десек, өнімділігі гектарына 11 центнер шамасында болмақ. Бұл іс жүзінде өте төмен көрсеткіш дейді мамандар. Топырақ құрамын зерделемей, оған химиялық тыңайтқыштар себу, ақшаны желге шашып, жерді улау деп біліңіз.

Швейцариялық eBee SQ пилотсыз ұшу аппараты топырақ құрамына спектралды сараптама  жасайды. Дрон алқаптағы фосфор, азот тәрізді элементтердің көлемін анықтайды, әрі тыңайтқыш қажет жердің картасын түсіреді. Осылайша, егістікке қандай элемент, қанша көлемде қажет екені анықталады. Бұл шаруа шығынының кемінде, жартысын үнемдейді. Ал, күздегі астық түсімі 30-40 процентке артады.

– Бұл ауыл шаруашылығына арналған пилотсыз ұшу құрылғысы. Оның мультидиапозонды камерасы 5 спектр бойынша түсірілім жасайды. Инфрақызыл, жасыл сәулелер топырақ құрамын, өсімдіктің өнімділігін, фотосинтезді анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, егіс науқанынан бұрын, топырақ құрамын, егіс көктегенде оның өнімділігін, арамшөптерді анықтай аламыз. Бұл мәліметтер автопилотты басқару жүйелері арқылы заманауи тракторларға немесе арнайы техникаға жүктеліп, нақты жер игеру тәсілдері қолданылады, – дейді «Navistar asia» компаниясы цифрландыру бөлімінің жетекшісі Абай Құрманғожин.

Дрон екі шақырым биіктікке дейін көтеріле алады. Бір сағатта 3 мың гектар алқапқа талдау жүргізеді. Бұдан бөлек, егін көктегенде  фотосинтез процесін бақылап, ауру өсімдікті, арамшөпті анықтайды.

– Біздегі басты мәселе – ауыл шаруашылығы саласының еңбек өнімділігі өте төмен. Бұл мәселені тек ғылыми жаңалықтарға сүйеніп шешуге болады. Біздің құралдарымыз шығынды үнемдеп, астық өнімін арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта озық әлемдік компаниялармен әріптестік орнаттық және бізге жүгінген шаруаларға нақты жер игеру тәсілдерін меңгеруге жан-жақты қолдау көрсетеміз, – дейді «Navistar asia» компаниясының менеджері Темірлан Олжабай.

Мамандар агроғылымның да мәселелерін ортаға салды. Егістік алқабына заманауи технологияларды қолдану үшін интернет керек. Мыңдаған гектарды меншіктегендер жерді жұтатып, көктем мен күзде ғана танап басынан табылатыны да қынжылтады. Топырақты құнарландыруда кежегесі кері тартқан шаруа, гектарына 10 центнерге де зар болып қалары анық дейді мамандар. Ал, жұтаған алқапты қалыпқа келтіру оңай іс емес.   

 

Ақмола облысы