Қазақтың қайраткер перзенті Тұрар Рысқұловтың қилы тағдыры туралы толғанғанда, оның Меркі орыс-түземдік бастауыш мектебінде оқығанын айналып өте алмаймыз. Әділетсіздікке төзбеген әкесі Рысқұлдың Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіріп, сол үшін Верный түрмесіне қамалғанда жанына бала Тұрарды алдыртқаны тарихтан белгілі. «Түрме баласы» атанған жас Тұрар абақты ауласын сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді. 1906 жылы Рысқұл Сахалинге жер аударылған соң Тұрар Меркіге келіп, «Қырғызбаев» деген тек алып, нағашыларының қолында оқиды.
Тұрар Рысқұлов оқыған Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектебі шамамен 1860-1870 жылдары салынған делінеді. Салынғанына бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл мектептің ғимараты әлі сақталған. Осыдан екі жыл бұрын Меркі ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, бұл мектеп ғимараты қайта жөнделіп, Үкімет қаулысымен тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне алынды. В.Савва атындағы №9 жалпы білім беретін мектеп-лицейдің ауласында орналасқан кезіндегі орыс-түземдік мектеп бүгінде «Тарихи-өлкетану» мұражайы болып қайта ашылды. Аталған мектеп-лицей директорының орынбасары Назгүл Әнесованың айтуынша, бала Тұрар Меркіге келген соң әуелі мал бағады. Ал 1907 жылдан 1910 жылға дейін орыс-түземдік мектебінде білім алады. «Тұрар Рысқұлов Меркіге келген соң, нағашы атасы Қырғызбай оны орыс-түземдік мектепке оқуға береді. Мұнда Тұрардың Иван Андреев деген ұстазы болған. Сол кісі әйелі екеуі Тұрарға сабақ берген. Негізінен мұнда 25 бала оқыған екен. Оқыған балалардың ішінен кейіннен Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбаев сияқты елімізге танымал қайраткерлер шыққан. Естеліктерден оқып-білгеніміздей, Тұрар жас күнінен-ақ орыс тілін жетік білгендіктен, озат оқушы атанады. Ұстазы Иван Андреевтің өзі бала Тұрарды өзіне жақын тартқан», дейді Назгүл Әнесова.
Тұрар Рысқұлов Меркідегі орыс-түземдік мектепті 1910 жылы жақсы бағамен бітіріп, Қырғыз елінің Пішпек қаласындағы бірінші дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түседі. Одан кейін айбынды тұлғаның тағдырындағы елеулі кезеңдер, тақсірет тартса да тауы шағылмаған қайраткерлік белес – Самара, Ташкент сапарлары. 1916 жылдың қасіреті қазақ халқы үшін қаралы кезеңнің бірі. Қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Тұрар Рысқұлов Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына қайта келіп, Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілер жағына шығады. Сонда жиырмадан енді ғана асқан Тұрардың тектілігіне, қайраткерлігіне сүйінген Ақкөз Қосанұлы оған бата берген екен. Ақкөз батыр Тұрарға беріпті деген бата, яғни «Шырағым, ержетерсің! Қиындықтан, кедейліктен құтыларсың! Халқыңның маңдайындағы жарық жұлдызы боларсың», деген тілек сөзі ел ішінде әлі күнге дейін айтылады.
Ұлттың тарихын білетін, оған құрметпен қарайтын әрбір азамат Меркі жеріне келгенде Тұрардай тұлғаның табан ізі қалған мекенді көруге асығады. Қазіргі В.Савва атындағы білім ошағының ауласындағы бұл көне ғимарат тарихтан тәбәрік ретінде қалған құнды жәдігерлердің бірі. Өткен жылы Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай осы мұражайда бірқатар рухани шаралар ұйымдастырылған. Сонымен қатар мектеп оқушыларынан құралған «Жас тұрартанушылар» клубы жұмыс істейді. Клуб мүшелерінің әрқайсысы Тұрар Рысқұловтан бастап, барлық Алаш қайраткерлері туралы айтқанда, еріксіз сүйсінесің.
Меркідегі орыс-түземдік мектебінде Тұрар Рысқұловпен қатар оқыған азаматтар туралы деректер көп болмаса да, бар. Архив деректеріне сүйенсек, Мақсұт Жылысбаев, Қабылбек Сармолдаев, Үсіп Сатыбалдинов, Тұрдалы Тоқбаев, Рахманқұл Орынтаев, Сәдуақас Жамансартов және Қалыш Ходжабергенов сияқты азаматтардың бала күнінде қатар жүріп, бірге оқығанын көруге болады. Бұл кісілердің бәрі де кейіннен Әулиеата өңірінде жауапты қызметтер атқарған екен. Өкінішке қарай, олардың кейбірі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Жалпы, «Тарихи-өлкетану» мұражайы үш бөлмеден тұрады. Бүгінде барлық бөлмелер тиісінше жабдықталған. Мұнда Тұрар Рысқұловтың еңбектері, фотосуреттері, түрлі бұйымдармен қатар Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза сынды қаламгерлердің шығармалары және тұлға туралы жазылған көптеген еңбектер жинақталған. Сонымен қатар қабырғаларға 1937 жылдың ойранында жазықсыз жапа шеккен ұлтымыздың 600 қайраткерінің есімдері жазылған тақталар ілінген. Сол сияқты мұнда Меркі өңірінен шыққан Асанбай Асқаров сияқты көрнекті тұлғаларға да қатысты мәліметтер бар. «Күн сайын мұғалімдер де, оқушылар да мұражайға келіп тұрады. Тұрар Рысқұлов сияқты биік тұлғаның Меркі жерінде оқығаны біз үшін әрдайым мақтаныш. Мұражайға еліміздің әрбір өңірінен сыйлы қонақтар да көп келеді. Қазіргі кезде аталған мұражай аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтің, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен жөндеуден өтіп, жабдықталды. Сонымен қатар мұражайда Тұрар Рысқұлов отырған ер-тоқым бар. Оны бізге Мақсұт Жылысбаев атамыздың інісі Байсейіт Жылысбаев тапсырды. Бұл ер-тоқым да мұражайымыздың баға жетпес байлықтарының бірі», дейді Назгүл Әнесова.
Тұрар Рысқұловтың тағдырындағы барлық белестің бастауы Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектептің болғаны шын. Оған дейін де өмірдің сан өткелдерінен өткен өнегелі тұлғаның көзқарасын қалыптастырған, рухын шыңдаған бұл мектеп – бүгінде өңірдегі ғана емес, еліміздегі рухани орталықтың бірі. Тұрар тағдыры Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы», Темірғали Нұртазиннің «Тұрардың анты», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармаларында жан-жақты көрініп, туған халқының жадында тағылым болып берік орнады.
Жамбыл облысы