• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Мамыр, 2020

28 мамыр – Әзербайжанның Республика күні

849 рет
көрсетілді

1918 жылы Әзербайжан Демократиялық Республикасының (АДР) құрылуы Әзербайжан халқы үшін тарихи оқиға болды.

Мемлекеттіліктің ежелгі әрі бай дәстүрі қалыптасқан Әзербайжан халқы тарихтың белгілі бір кезеңдерінде ірі империялардың құрамында болуға мәжбүр болды. АДР-дың құрылуы Әзербайжанның ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өткерген мәдени даму кезеңінің логикалық қорытындысы ретінде саяси әлемдік тәртіпті қайта құру кезеңіне дәл келді.

1918 жылдың 28 мамырында Әзербайжанның тәуелсіздік Декларациясы қабылданды.

Осы күні қол қойылған Республиканың тәуелсіздік Декларациясында келесідей айтылған:

- Бұдан былай Әзербайжан халқы егемендік құқыққа ие болады, ал Шығыс пен Оңтүстік Кавказды алып жатқан Әзербайжан толық тәуелсіз мемлекетке айналды.

- Тәуелсіз Әзербайжанның саяси құрылымы Демократиялық Республика болып бекітіледі.

- Әзербайжан Демократиялық Республикасы барлық халықаралық байланыс мүшелерімен, оның ішінде іргелес халықтар мен мемлекеттермен тату көршілік қарым-қатынас орнатуға ұмтылады.

- Әзербайжан Демократиялық Республикасы өз шегінде барлық азаматтың ұлтына, діни сеніміне, әлеуметтік жағдайы мен жынысына қарамастан азаматтық және саяси құқықтарына кепілдік береді.

- Әзербайжан Демократиялық Республикасы өз аумағын мекендейтін барлық халықтың еркін дамуы үшін мол мүмкіндік береді.

- Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін Әзербайжан басшылығында халықтық дауыс беруі арқылы сайланған Ұлттық кеңес пен Ұлттық жиналыстың алдында жауапты Уақытша үкімет болады.

Әзербайжанның мемлекеттік құрылымының негізінде әлі күнге дейін осы тармақтар жатыр.

Әзербайжан Демократиялық Республикасы өзіне алған күрделі тарихи міндетті абыроймен атқарды. Тұңғыш Парламент пен Үкімет, Әзербайжанның мемлекеттік аппараты құрылды, шекаралар орнатылды, елдің туы, әнұраны мен Елтаңбасы бекітілді, ана тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды, мемлекеттік құрылыс саласында елеулі шаралар қабылданды.

Елдің аумақтық тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, қысқа мерзімде әскері қалыптасты, ұлттық талаптар мен демократиялық қағидаттарға жауап беретін мемлекеттік органдар құрылды, шет елдерде елшіліктер ашылды, ағарту мен мәдениетті дамытуға ерекше назар аударылды, әйелдерге дауыс беру құқығы берілді, Әзербайжанның тұңғыш университеті құрылды, білім беру ұлт меншігіне алынды, қоғамдық ойға тарих тұрғысынан ерекше мән беріліп, кейінгі жылдары халықтың мәдени өрлеуіне негіз қаланды.

Қалыптасқан күннен бастап халық билігі мен адамдардың теңдігі принциптеріне сүйенген АДР елдің барлық азаматтарына бірдей құқық бере отырып, нәсілдік, ұлттық, діни, әлеуметтік теңсіздікті жоя білді. Осылайша әлем мойындаған АДР халықаралық құқықтың субъектісіне айналды.

1918 жылы 30 мамырда әлем елдеріне, оның ішінде сыртқы істер министрліктеріне Әзербайжан Демократиялық Республикасының құрылуы туралы ақпарат келіп түсті. Әзербайжан Республикасының астанасы уақытша Гянджа қаласы болатыны туралы ресми хабар барлық әлемдік саяси орталықтарға жіберілді.

1918 жылы 7 маусымда М.А.Расулзаденің төрағалығымен өткен жиында үкімет басшылығы Ф.Хойскийге тапсырылды. Кейінірек Әзербайжан Республикасының астанасы Бакуге көшті.

Бүгін 1918-1920 жылдардағы Демократиялық Республиканың жалғасы болған тәуелсіз Әзербайжан Республикасы зиялы қауымның мемлекеттік және қоғамдық өмірдегі рөлі мен орнын жоғары бағалайды.

Ұлы ағартушыларының, ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерінің ерен еңбегінің нәтижесінде өзіндік ұлттық-рухани құндылықтарын сақтап қалды. Оны одан әрі байыта отырып, жалпы адамзаттық құндылықтардың бір бөлігіне айналдыра білді.

Әзербайжан халқына өз мемлекетін, мәдениетін, ұлттық абыройын сақтап қалуға дәл осы мемлекеттік дәстүрдің, білім беру мен ғылыми әлеуеттің болуы септігін тигізді.

Әзербайжан халқы Әзербайжан Демократиялық Республикасының қысқа уақытта қалыптасқан бай дәстүрін тиімді қолдану арқылы 1991 жылы өзінің мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізді. Осы тарихи мұра негізінде қазіргі егеменді Әзербайжан мемлекетін құрды.

Жыл сайын 28 мамырда Әзербайжан Республика күнін атап өтеді.