• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Мамыр, 2020

Қазақстанда шашыраңқы склерозға шалдыққандар саны 2 мыңнан асты

685 рет
көрсетілді

Алдағы 30 мамыр күні дүниежүзі Халықаралық шашыраңқы склерозбен (ШС) күрес күнін атап өтеді. Осы дерттің алдын алу мәселелеріне орай, бүгін Алматыдағы Интерфакс-Қазақстан баспасөз орталығында БАҚ өкілдерімен онлайн брифинг өтті.

Шашыраңқы склероз – бұл өз иммундық жасушаларың жүйке талшықтарының қабықшасына шабуыл жасайтын жүйке жүйесінің созылмалы ауруы. Аурудың атауы «склероз», яғни «тыртық» және «шашыраңқы», яғни «көпше», екінші сөзбен айтқанда, бас миы мен жұлынның ақ заты бұзылған жерлердегі көптеген тыртықтарды білдіреді.

Аурудың нақты пайда болу себептері белгісіз. Ғалымдар ШС генетикалық бейімділікпен қатар вирустық инфекцияның, қоршаған ортаның, шылым шегудің, күйзелістің, сонымен қатар қандағы D дәруменінің тапшылығы әсерінен болуы мүмкін дейді. Бұл ауру 20-50 жас аралығындағыларға, әсіресе, әйелдер үшін қауіпті. Сонымен қатар, ауру экватор аумағынан қашықта орналасқан солтүстік өңірлерде көбірек тарағаны байқалған.

Қазақстанда ШС шалдыққан адамдардың саны күн санап өсіп келеді, диагностиканың арқасында олардың саны 2 мың адамнан асты, ал өткен жылы диспансерлік есепте 1500 науқас болған. Дүние жүзінде шашыраңқы склероздан 2,5 миллион адам зардап шегеді.

Бүкіл әлемдегі арнайы мамандандырылған ШС орталықтары инсультке шалдыққан науқастарға көмек көрсететін бөлімшелердің аналогиясы бойынша салынады. 2019 жылдың қыркүйек айында ШС шалдыққан 100-ден астам науқасы бар Нұр-Сұлтан қаласында нозология спектрін және қызметтік міндеттерін кеңейте түсу арқылы ШЖҚ «№1 көпсалалы қалалық аурухана» МКК тұсынан Шашыраңқы склероз және орталық жүйке жүйесінің аутоиммундық аурулары орталығы құрылды.

Шашыраңқы склероз және орталық жүйке жүйесінің аутоиммундық аурулары орталығының басшысы Бағыжан Сыздықова «шашыраңқы склероз» диагнозын арнайы мамандандырылған қызметтің дәрігер-неврологы ғана қою керек дейді. Себебі белгілері ШС белгілеріне ұқсайтын ауру түрлері өте көп, тіпті магниттік-резонанстық томография да (МРТ) ұқсас көрініс беруі мүмкін, сондықтан мұндай жағдайды егжей-тегжей қарастыру өте маңызды:

«Бұл кеселге «емделеді» термині қолданылмайды, дегенмен уақытында жасалған диагностика, дұрыс тағайындалған ем және ауруды кешенді басқару науқастардың толыққанды өмір сүруіне көмектеседі. Дұрыс тағайындалған ем жүргізбесе, ШС кезіндегі болжам жақсы болмайды. Ауруы басталған соң 10 жылдан кейін науқастардың 30-37% біреудің көмегінсіз жүруден қалады, 50% кәсіби міндеттерін орындауда қиыншылықтарға кезігеді. 15 жылдан кейін науқастардың 50% ғана жұмыс істеуге, өз-өзіне қызмет көрсетуге және біреудің көмегінсіз жүруге қабілетін сақтап қалады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас неврологы, Шашыраңқы склероз және орталық жүйке жүйесінің аутоиммундық аурулары орталығының басшысы, жоғары санаттағы дәрігер, медициналық ғылымдар кандидаты Бағыжан Сыздықова.

Шашыраңқы склероз мәселесіне мемлекет тарабынан көп көңіл бөлінеді. Бұл туралы ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде дәрілік құралдарды сатып алу бойынша жалғыз дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма Төрағасы Берік Шәріп былай дейді: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгелі шашыраңқы склерозға шалдыққан науқастар тегін қамтамасыз етілетін дәрі-дәрмектің тізімі ұзара түсті. Қазіргі уақытта шашыраңқы склерозға шалдыққан науқастарды емдеу үшін Қазақстанның медициналық ұйымдарына жалпы сомасы 3,2 млрд. теңгені құрайтын жеті түрлі дәрілік құрал сатып алынып, жеткізілуде».

2018 жылдың 28 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында құрылған Шашыраңқы склерозбен ауыратын мүгедектер қоғамдық бірлестігінің Төрағасы Байгуанова Сапура Шамухановна былай деді: «Адамдардың көпшілігі «шашыраңқы склероз» терминін естігенде бұл ауру қарт адамдарда ғана кездеседі деп қателеседі. Шын мәнінде, шашыраңқы склероз –жастардың ауруы, ол адамдарды ең белсенді өмір сүру кезеңінде, яғни мансап қуалап, отбасын құрып, балалар туатын кезінде аяғынан шалады. Біздің бірлестігіміздің мақсаты - науқастар әлеуметте жайлы өмір сүру үшін олардың өмір сүру сапасын жақсарту және өмір жасын ұзарту үшін жан-жақты көмек көрсету және демеу беру, сондай-ақ, ауру туралы мейлінше мол ақпарат беру».

Қазақстанда шашыраңқы склерозды емдейтін инновациялық дәрілік құрал тіркелген, ол осы ауруға шалдыққан науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.

«Санофи компаниясы шашыраңқы склерозды емдеу ісінде әлемдік көшбасшылардың біріне айналғанына 5 жылдан астам уақыт өтті. Біз науқастардың әрқайсысын жеке қарап, жаңа шешімдер табуға ұмтыламыз, зерттеушілермен, дәрігерлермен және науқастармен сөйлесеміз, науқастарға демеу көрсету бағдарламаларын біріге отырып жасаймыз. Біріге жұмыс істегеннің арқасында біз науқастардың толыққанды белсенді өмір сүруін ұзартуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Бүгінгі таңда Санофи портфелінде ШС емдеуге арналған екі инновациялық дәрілік құрал бар. Оның үстіне, бірнеше терапиялық шешім әзірлену үстінде. Қазақстанда Санофидің пациенттер үшін қолдануға ыңғайлы пішіндегі, таблетка түріндегі дәрілік құралы тіркелген», – дейді Санофи Қазақстан Басқарма Төрағасы Виталий Быстрюков.

 

 

АЛМАТЫ