Уақыт пойызы қазақты алдымен феодализм бекетінен бір, кейін социализм перронынан екі түсіріп, енді келіп капитализм стансасында аялдап тұр. Осы кезеңдердің қай-қайсысы болсын халқымыз үшін оңайға соққан жоқ. Үмітті күдік, қуанышты қорқыныш жеңген сәттер аз емес. Сондықтан болар, кей отандасымыз отырып алып, «егемендік елімізге не берді?» деп ойға батады. Берді. Әлі де беріп келеді. Ең алдымен өткенге үңіліп, тарихымызды таразылап алдық. Жаңаша көзқарас пайда болды. Зерделеген сайын қанды қасап жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың санын толықтырып, ақталмаған тұлғаларды ақтап алып жатырмыз. Олардың тізімі де жыл өткен сайын арта түсуде...
КСРО Ішкі істер министрлігінің есебі бойынша 1921-1953 жылдар аралығында Кеңес Одағы аумағында контрреволюциялық қылмысы үшін 3 777 380 адамға сот үкімі шығарылып, соның 642 980-і өлім жазасына кесіліпті. Өткен жүз жылдықтың қан сорғалаған жылнамасы осылай дейді. Тәуелсіздік жылдары елімізде жарық көрген 14 «Азалы кітапта» күштеп ұжымдастыруға, тәркілеуге, отырықшыландыруға қарсы бас көтеріп, жазықсыз жазаланған 146 400 отандасымыздың тізімі келтіріліп отыр. Осы тұста біз «шаш ал десе, бас алатын» зұлмат жылдардың шындығына үңіліп, шаң басқан архивтерге шырақ ала кірген ғалымдар пікіріне құлақ түрген болатынбыз.
– Саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу КСРО көлемінде қайта құру жылдары басталғанымен, содан бері барлық посткеңестік елдерді қоса алғанда осы мәселе тарихына толыққанды жауап беретін бірде-бір іргелі тарихи зерттеу жоқ. Мұның негізгі себебі – қуғын-сүргін тарихына қатысты мұрағат құжаттарының негізінен әлі күнге дейін жабық болуы. Жалпы, саяси қуғын-сүргін тарихы дегенде көпшілігіміз 1937-1938 жылдардағы сталиндік жаппай қуғын-сүргінді көз алдымызға елестетеміз. Түбірімен алып қарасақ, саяси қуғын-сүргін тарихы Қазан төңкерісінен басталады және әр кезеңде әртүрлі сипатқа ие болып отырды. КСРО-дағы қуғын-сүргін зардабын, адамзат баласына қарсы жасалған қатыгездік сипаты мен көлемін дүние жүзіндегі қасіретпен салыстыруға келмейді. Мұндай қатыгездік жаһанда бұрын-соңды болған емес, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай.
Ғалымның айтуынша, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ішінара ақтау шаралары 1953 жылы КСРО көсемі И.Сталин өмірден озған соң өкімет басына келген Н.Хрущевтің тарапынан бастау алады. Саяси тұтқындарды ақтау алдында тұтқындарға кешірім беру шаралары жүргізілді. 1953 жылы 27 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Амнистия туралы» жарлығынан кейін 3 ай мұғдарында сотталу мерзімі 4 жылға дейінгі 2,5 млн тұтқын бостандыққа шықты. Өкініштісі сол, бұл кешірім саяси тұтқындарға берілмеген көрінеді. 1954 жылы орын алған Кеңгір көтерілісі де осы әрекеттің салдары еді. Бұл көтеріліс саяси тұтқындар мәселесін қайта қарауға қозғау салып, 1954-1956 жылдары еңбекпен түзеу лагерьлерінің бас басқармасына (ГУЛАГ) қарасты бостандықтан айыру орындарындағы саяси тұтқындардың саны 467 мың адамнан 114 мың адамға дейін азайды.
Ішкі істер министрі Л.Берияның көзі жойылған соң жазықсыз жапа шеккендерді ақтау мәселесі оң бағыт алады деп күтілгенімен, аталған шаралар аса қиын жағдайда жүргізілді. 1953 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің шілде пленумында (КОКП ОК) КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Г.Маленков «Сталиннің жеке басына табынушылығы» деген ұғымды айналымға енгізіп, көп ұзамай, Кеңес армиясының тұтқындағы 54 генералы мен адмиралы ақталған болатын. Бұл саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтауға қатысты жасалған алғашқы қадам еді.
1953 жылы 1 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша КСРО Жоғарғы соты КСРО Бас прокуроры А.Руденконың ұсынысымен Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) коллегиясының шешімдерін қайта қарау құқығына ие болды. Араға бір жыл салып 1954 жылы мамырда «Контрреволюциялық қылмысы» үшін сотталғандардың ісін қайта қарайтын орталық комиссия жұмысқа кірісті. Осылайша жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде жапа шеккен көрнекті қоғам, мемлекет, әскер, өнер, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерін ақтау шаралары 1954-1956 жылдары қолға алынған еді. Бір өкініштісі сол, бұл жұмыс қолға алынған тұста тұтқынға алынған қайраткерлердің басым бөлігі әлдеқашан өмірден озған болатын.
Н.Хрущев елдегі қоғамдық-саяси жағдайды өзгертуге тырысып, 1956 жылы 25 ақпанда Мәскеуде өткен КОКП-ның ХХ съезінде «Жеке басқа табынушылық пен оның зардаптары туралы» баяндама жасайды. Осылайша «Хрущев жылымығы» атанған тарихи кезең басталып, жазықсыз жандарды ақтау жұмыстары жалғасты. Көпшілігі ақталып, отбасы мүшелері қамаудан босағанымен, саяси тұтқындардың саны азая қойған жоқ.
Қайта құру жылдарында да осы саяси қуғын-сүргін тарихын қайта қарау мәселесі көтерілді. 1990 жылы тамызда КСРО президенті М.Горбачевтің «20-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің барлық құрбандарының құқықтарын қалпына келтіру туралы» жарлығы жарияланды. Онда «Күштеп ұжымдастыру кезінде жазықсыз зардап шеккен, түрмеге қамалған, отбасыларымен бірге күнкөріс қаржысынсыз, дауыс беру құқығынсыз, тіпті бас бостандығынан айыру мерзімі жарияланбастан қияндағы аудандарға көшірілген совет адамдарынан әділетсіздік таңбасы осы кезге дейін алынған жоқ. Діни себептер бойынша қудаланған дін өкілдері мен азаматтар ақталуға тиіс», деп ұзақ жылдар бойы ақталмай келген адамдардың ісін қайта қарауға жол ашылды. Ал «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң егемен елімізде 1993 жылы 14 сәуірде қабылданып, кейін оған 2018 жылы 2 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.
– Бұл заң осы уақытқа дейін өз деңгейінде жұмыс істемей келеді. Оған қоғам өкілдерінің азаматтық белсенділігінің төмендігі мен Қазақстандағы осы мәселеге қатысты мұрағаттардың жабық болуы себеп болып отыр. Биыл 25 ақпанда Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің төрағасы Ж.Құрманғалиеваның «1920-1950 жылдардағы кеңестік соттан тыс қудалау органдарының заңсыз іс-әрекеттеріне қарсылық білдірудің ұлттық спецификасын, әлеуметтік себептерін зерделеп, тұжырымдама қалыптастыру бойынша жұмыс тобын құру туралы» бұйрығы шығып, арнайы жұмыс тобы қызметіне кірісті. Алайда құпия белгісі соғылған құжаттар толығымен ашылып біткен жоқ. Қуғын-сүргін тарихына қатысты мұрағат құжаттары зерттеушілер үшін түгелге жуық жабық. Оған жауапты органдардың бұл мәселеге қатысты ұстанымы бізге белгісіз. Сондықтан мемлекеттің архив ісіне қатысты саясаты қайта қаралуы қажет. Үкіметке тікелей бағынышты Архив басқармасы құрылып, барлық архив мекемелері осы басқармаға бағындырылуы тиіс, – дейді С.Шілдебай.
Оның айтуынша сотталған адамдардың нақты санының белгісіздігі сияқты, нақты ақталғандардың да саны белгісіз. Ол үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, осы бағытта ұзақ жылдар бойы іргелі зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Бұл жұмыс мұрағат мәселесінің шешілуіне де тікелей байланысты болып отыр.
Осы мәселе туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Арайлым Мұсағалиева да ой бөлісті. Оның айтуынша, елімізде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданғаннан бері бас-аяғы 7693 қылмыстық іс қаралып, 10938 адам ақталса, соның 2415-і 1997 жылы ақталған екен.
– 1989 жылы КОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының қазақ филиалындағы партия мұрағатының қызметшілері құпия қорларды ашу туралы жұмыс тобын құрды. Соның нәтижесінде саяси бөлімдер мен басқармалардың 9, партиялық және комсомол оқу орындарының 11 қорының, Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясының фракциясындағы 40 қордың құпиясы ашылды. Бұл ретте, тәуелсіз еліміздің мұрағаттарында сақталған құжаттардың құпиясын ашу кезінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңның үлкен рөл атқарғанын айту қажет. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен заңды актілердің, үкіметтік, партиялық және басқа органдардың, сонымен қатар ведомстволық актілердің құпиясын ашу бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды. Бұл жұмыс 1999 жылға дейін жүргізіліп, кейін тоқтап қалды. Сондықтан барлық құпия құжат толық ашылып бітті деп айта алмаймыз. Құзырлы органдардың мұрағаттарында сақталған құпия құжаттар әлі де бар. Өкінішке қарай оған осы органдар мүдделі болмай отыр, – дейді А.Мұсағалиева.
Бет қатталып жатқанда: Бұл – күні бұрын жазылып қойған мақала еді. Орайы келіп, өзгеше түйіндеудің сәті түсті. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған Үндеуін айтып отырғанымыз ғой. Жағымды хабар жанымызды жадыратты. Президенттің тапсырмасымен тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылатын болды. Бұл бастама ақтаңдақ жылдарда ақталмай қалған арыстарымыздың ісіне сәуле түсіріп, қозғау салады деген сенімдеміз. Себебі өткенге тағзым, келешекке адалдық таныта білген кезде ғана ақиқат ашылады, әділдік орнайды. Президенттің Үндеуінен осындай ой түйдік.