• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 03 Маусым, 2020

«Мына мені бір күні еске түсіріп...»

5311 рет
көрсетілді

«Мына мені бір күні еске түсіріп,

Жылайсыңдар, тағдырымды түсініп.

Бұл фәниден шындық іздеп жүргенде,

Алып кетті қанатына құс іліп!».

1995 жыл. Осы өлеңді жазып жатқанда ақын небәрі 36-ақ жаста еді. Мазасыз маусым сол жылы сараң кейіп танытып алған болатын. Дүние қуаң тартып, ерте сарғайған аңызды атырап ақын жанына сая болардай емес. Көшпелі жұрт көктің ерте солғанын жақсы ырымға баламайды. Жақсылыққа көрінсе деп еді.  «Сарыжайлау» күйіне тербелген сағым қыр да сананы сарсаңға салып біткен. Әдепкі «Сарыжайлауға» ұқсамайды. Қайғылы, қамырықты, терең... Қайран Тәттекең (Тәттімбет) осы белді, осы күйді кешпеді деймісің... Мәңгілік сапарға аттанып кеткен ақынның жазу үстелінде періштенің қанатынан сусып түскен қауырсындардай жайрап жатқан қағаздар қатталып та үлгермеді... Дүние тым-тырыс. Ештеңе болмағандай. Ешкімін жоғалтпағандай.

 

Провинциялық әдебиет

Біз бүгін текті жырларының тұғыры биік болғанымен, ғұмыры қысқа қайы­рылған ақын әлеміне үңілмекшіміз. Ол – Тұрсын Жұмаш әлемі. Сонау Арқа­ның қиыр шығысындағы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Егін­дібұлақ ауылында  жатып-ақ, жасындай жырлары қазақ поэзиясының көзі тірі классиктері Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Рауша­новты жалт қаратқан ақын бүгінде ұмы­тылып бара жатқандай.

Ақынға мына тіршілікте жалғыздық һәм дос һәм дұшпан болып шығады. Ақын өлтірудің ең оңай тәсілі – елемей қою болса керек. Ол әдіс және міндетті түрде жүзеге асады. Есенғалидың ескер­гені, Ақсұңқарұлының ақылы ақын жа­нын қашанғы жұбатады. Талант не жан-жағын жұтады, не өзін өзі жұтады. Тұрсын ақын солай жұтылған талант болды. Сондай-ақ ғұмыры тылсымға толы ақынның аспанмен бейсана қарым-қатынас орнатып, өз тағдырын өзі ши­майлай бастағаны бізге әлі күнге түсі­ніксіз. Әйтпесе, өзінің ерте өмірден өте­ті­нін қай болжамға сыйғызуға болады?

«Жыр жинағым жарқырап,

Шықпаса да баспадан...

Мені бір күні түсініп,

Ойланады астанам.

Алатауда бір шың бар,

Ешкім аяқ баспаған,

Мен сол шыңға шығамын,

Шыға алмайды басқа адам», – деп жырлаған ақын, шынымен, кітабы жа­рық көрмей, мүшелінде фәниден бақиға озды. Қайтыс болғаннан кейін 2 жыл өткенде, яғни 1997 жылы халықтың қол­дауымен «Періште» атты кітабы жарық көреді.

Тұрсын Жұмаштың апасы Клара Жұмашеваның бір естелігінен білгені­міздей, ақын өмірінің соңғы күндері емшіге барған көрінеді. Бұл 1995 жыл­дың 7-ші маусымы екен, яғни дү­ниеден өтерінен 4 күн бұрын. Тұрсын емшіден өңі бозарып оралыпты. Өлімі жайлы айтылса керек... Тоғызыншы маусым күні туған күніне барған әпкесі оның онша көңіл күйі болмағанына қатты алаңдаған. «11-і күні асығыс жұмысқа бара жатып, үйіне қайта-қайта қарадым, бірақ кірмедім. Келіншегі «Тұрсын ауырыңқырап жатыр», деді. Жүрегім бір жамандықты сезгендей болды. Сол күні «Тұрсын өмірден озды!..» деген хабар келді. Сол бір өкініш әлі өзегімді өртейді. Сонда үйіне кіргенде, дәрігер шақыртып, аман алып қалар ма едім... Әйтеуір, қарап отырмас едім ғой, бәрі басқаша болар ма еді...», деп еске алады. Артында аңырап ақынның жары Айнагүл, перзенттері Ләйлә мен Медет қалады.

Тұрсын Жұмаш – ауылда жүріп-ақ адамзатты жырлаған ақын. Әрбір өлеңі мына ғұмырдың өткінші жалған екенін айта отырып, мәңгіліктің кілтін іздейтіндей әсер қалдырады. Тілдің киесі кез келген ақынның жанымен үндесе бермейтіні анық. Тегінің асылдығы, кө­кірек көзінің ашықтығы, тілінің орам­дылығы – барлығы Абайдың ақынға қойған талаптарының үдесінен шығып, құдіретті күш иесі Тұрсын ақынға алапат қуат сыйлапты. 

Ақынның арқа тұтар ағасы С.Ақ­сұң­қарұлы кейін «Аспан жаққа асықпашы, бауырым» («Орталық Қазақстан», 1995 жыл 17 қаңтар) деп, Тұрсын жайлы мақала жазады. Тұрсынның соңғы хаты да Серік Ақсұңқарұлына арналған екен. «Қымбатты Секе! Үй ішіңіз тегіс аман ба? Денсаулығыңыз жақсы ма? Шабытыңыз бабында деген кә­міл се­німдемін. Қымбатты Секе! Жыр ке­шіңіздің сәтті өткеніне өте қуаныш­ты­мын! Алла жазса, осы жазда арнайы барып қайтамын. «Қорланға хат» деген мына бір топтама өлеңді өткен күз­де жазып едім. Балқан (Ахметов) ке­ліп қайтқан, сәлем айтып жібергем. Бір жинақ дайындап жатырмын, Қара­ғандыдан шығартпақ ойым бар, егер де қаржы мәселесі шешілсе… Тө­леу­байға, басқа да жігіттерге сәлем айтарсыз. Менің шығармашылығыма де­ген ақ адал көңіліңізге көп рахмет. Айтар сыр, шертер мұң жетеді… Ма­ған қазір өте қиын, бірақ мен ешбір мойымаймын. Бір сіздің мына жарық дүниеде барыңыз – маған зор медеу. Сіз мені үміт дүниесіне, жарыққа жетелеп келесіз… Сау болыңыз! Інілік ізетпен, Тұрсын». Өкініштісі, бұл хат Серік Ақ­сұңқарұлына жеткенше ақын жалған дүниені тәрк еткен болатын...

Оны жоғары бағалаған ақындардың бірі Есенғали Раушанов та «Бұл жігіттің екі «айыбы» бар. Бірі – астанадан шалғай ауданда тұратындығы. Екіншісі – мынадай заманда өлең жазып жүргендігі. Әйтпесе, айдарынан жел есіп тұрған мына өлеңдердің әрқашан-ақ айы оңы­нан туатын жөні бар емес пе?», деген екен.

«Ол кім болып жұмыс істемеді? Ол моншада от жағушы да болды. Ол күзетші де болды. Ол аудандық газетке тілші болып қабылданды. Бірақ көре алмаушылардың «сасық қулығымен» қуылды. Ол жұмыссыздық КСРО-да атымен жоқ деп бөркімізді аспанға атқан тоқырау кезінде керексіз болып көшеде қалды», деп еске алады белгілі журналист Айтбай Сәулебектегі.

Кейіпкеріміз келісті, кесек болмаса С.Ақсұңқарұлы «Өлеңдерін сүй­сіне оқып,  Алла амандығын берсе, бір жүздесерміз деп жүргенде, ол бақи­дан фәниге аттанып кетті», деп еске алып, «Провинциялық әдебиет» деген өлеңінде:

«Жүрегімде сол Семейдің оты ұрып,

Өмір сүріп келем өксіп, өкініп.

Ақындардың туатыны рас ауылда,

Астанада өлетіні – өтірік», – деп жырламас еді.

 

Қорлан

Ақынның жары Айнагүл Қайыр­бекова да ақын жанын көзі тірісінде аялап өткен аяулы жан. Осыдан екі-үш жыл бұрын жас ақын Ақерке Асан жеңгемізден сұх­бат алған болатын. «Кітабымды шығару керек деп айта бастады. Өзі өлең жазса алдымен маған көрсетуші еді, сол күндері де маған барлық өлеңдерін рет­теп көрсетіп кетті. Өлеңді қалай жаз­ғанын, қандай ойда жүргенін бірінші маған айтушы еді. Өлеңдерін түн ауа, таңға қарай жазып отыратын. Түнгі 3-4-те өлең жазса, таңғы 5-те оятып алып, сол өлеңдерін оқып беруші еді. Тұрсын орыс мектебін бітірген. Содан өлең жазса маған әріптерін тексертіп «қате кетіп жатса, ұят болар» деп айтушы еді. Бірақ оның сөз байлығы мен сауаттылығы қазақша оқыған адамдардан көп артық болатын», дейді ақынның жары.

Қызы Ләйлә да әкесі жайлы әр кезде сағынышты сырларын ақтарып келеді. Қарымды қалам қуатының уақытқа ба­ғынар жері бар ма? Тұрсын жазарын жаза алмай кеткен ақын дер едік. Ақын­ның басқа міндеті болуы да мүмкін емес. Ақын – тағдырды тасқа басушы ға­на шығар.

«Қазақ тілінің тылсым сырлары мен оның шығар тумасын көкірек көзімен танып, содан бар санасымен, болмысымен қызыға да, емірене сусындаған қазақ ақындарының бірі – менің әкем Тұрсын Жұмашев еді. Әкемнің:

Бұлақтарға қызығып тасып аққан

Табанына таулардың тасы батқан,

Қазыбек би ауылында бір ақын бар,

Сені ойлаумен күні-түні басы қатқан,

– деген өлең жолдарын оқысам, тіл киесін санасымен түсініп, соған барар жолды тауып, қиын да қастерлі қасиетінен сусындау үшін өз өмірін құрбан етуге ант берген ертегідегі  батырды көз алдыма елестетем», дейді ақынның аяулы перзенті. Қызына Ләйлә деп есім беруінің өзі құдіретті поэзияға деген құрмет екені айтпаса да түсінікті.

Иә, Жұматайдың Ләйләсі болса, Тұрсынның Қорланы болғанын білеміз. Қиял-арудың бұл өмірде бар-жоғын ешкім білген емес. Мүмкін біздің бұл мақаланы сізбен бірдей уақытта ару Қорланның да оқып отыруы мүмкін...

«Қатып қалған қағиданың

қалпын бұз,

Махаббаттың кереметін бол, ұқтыр.

Қорланыма жолықтырсаң,

Алтын күз,

Мына жарық дүниеде жолықтыр!

Мені іздеп жүрген шығар ол-дағы,

Сағынышы түнде кірпік ілдірмей.

Қолдарыма тиіп кетсе қолдары,

Жылар едім тірі жанға білдірмей…»  деп жырлаған ақын музасы Қорланның сұлу болғанына еш күмән келтіре алмаймыз. Тіпті Тұрсын ақын өзінің қойын дәптеріне: «Миымдағы қиялымның қолымен» (Ж.Жақыпбаев) мен Сені осынау жарық дүниеге өткен жылдың алтын күзінде тудырған едім, аяулы Қыз-Қорлан…» – деп жазып қойған екен.

«Астана алыс, Аспан алыс, алыс Қыр,

Сырласатын көрінбейді-ау

таныс бір.

Ей, Алтын күз,

Сері Тұрсын мен болам,

Балқантаудың Қорланымен

таныстыр!» –

немесе,

«Балқантауда Қыз тумаса

Қорландай,

Бұл топырақ қалай туды Ақынды?!», деп оқырманға  жауап бере отырып сұрақ, сұрақ қоя отырып жауап береді қалам иесі. Біз бұдан кейін Қорланның бұл өмірде мәңгілік ғұмыр кешетінін, осындай мәңгілік жырлардан кейін Қорланның періште екеніне, ақынның пейіште екеніне күмәнсіз сенетіндейміз.

 * * *

Отыз алты жыл – шартты ұғым. Ол біздің өлшемімізбен аз уақыт болуы мүм­кін. Мәңгілік өлмес жырлардың ғұмыры барда ақынды өлді деуге хақымыз да жоқ. Тек, ақынның артында қалған отты жырлардың ел назарына іліге бермейтіні жанымызға батады. Ақынға көзі тірісін­де қолұшын созғандар бірді-екілі болсын бар еді. Қанаттас та қаламдас достары Қ.Асанов, Ә.Жанпейісов, Е.Балташев, М.Жәпек, Ә.Жақанов Тұрсынның өлеңдерінің жарыққа шығуына көп көмектескен. Алайда шамалы ғана тиражбен жарық көрген «Періште» атты жыр жинағын қазір кімнің қолынан таба аламыз. Тума таланттың шын дарынын елеп-ескеретін күн туған сыңайлы. Есіл ақынның жаңа жыр жинағын жарыққа шығарып, оны мемлекеттік тапсырыспен әрбір кітапханаға жеткізетін уақыт әбден жеткен. Жалғыз Тұрсын емес, насихатталмай жүрген ақындардың қа­тары әлі де көп. Артығали Ыбыраев, Сағат Әбдуәлиев, Серік Томанов, Ма­рат Отаралиев, Дәулет (Қара Дәулет) Сәтібеков  сынды ақындар да насихаттал­май жатыр.

Ақынның өз сөзімен мақаламызды түйіндер болсақ:

Қырандар ғана ұшатын биік бар,

Қарғалар ұшады төменде.

Таңдайда шөл, кеудемде –  күйік бар,

Әйтпесе нем бар өлеңде?

Асылын ойлап Алаштың өткен,

Ойымды жылдар қашты алып.

Сен маған бұрылып қарашы, көктем,

Көзімнен кетті жас тамып...