• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Маусым, 2020

Қазақстанда былтыр 381 комбайн және 895 трактор шығарылды

342 рет
көрсетілді

Машина жасау - отандық өнеркәсіптің серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі. Елімізде өткен жылы машина жасау өндірісінің көлемі 1370 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 20,9% артты, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

2019 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы машиналарын жасау өндірісінің көлемі 41,2 млрд теңгені құрап, 381 комбайн және 895 трактор шығарылды. 2010 жылдан бастап осы бағыттағы өнім желісін кеңейту басталды. Ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне арналған аспалы жабдықтар мен техниканың түрлерін өндіру іске қосылды. Тракторлар мен комбайндар өндірісі артты.

Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау бағытындағы негізгі кәсіпорын – «СемАЗ» ЖШС. Зауыт мамандары Қазақстанда алғашқылардың бірі болып дәнекерлеу мен бояуды қамтитын толық циклді автожинауды енгізді. Онда жұмыс Кореяның Daewoo Bus Global Corporation компаниясы автобустарын шығарудан басталды. 2006 жылы Семейде бұрыннан тұрып қалған арматура зауыты орнына автоқұрастыру өндірісі құрылды. Жобаға бастапқы кезеңде құйылған инвестициялар көлемі 9 млн АҚШ долларын құрап, оның ішінде 7 млн. өндірістік алаңды күрделі жөндеуге бағытталды.

Автоқұрастыру зауытында 300-ден астам жаңа жұмыс орнын ашылды.  Республиканың қатаң климаты үшін арнайы әзірленген жаңа өнім - Daewoo Bus жаңғыртылған сериялы автобустар шығарылып, басқа да көптеген машина жасау бастамалары үшін алаңға айналды. Мысалы, «СемАЗ» ЖШС цехтарында бүгінде 25 тонналық Shacman және жоғары өтімді «Орал» жүк көліктерін, Foton аз тонналық жүк көліктерін құрастыру жұмыстары жүргізілуде. 2009 жылы «КазАгроФинанс» ұлттық компаниясы» АҚ бірлесіп қаржыландыруының нәтижесінде «СемАЗ» ЖШС Беларусьтың «Минск трактор зауыты» республикалық біртұтас кәсіпорнының ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру желісін іске қосты. Бұл инвестициялық жобаға отандық инвестор 1,03 млрд теңге салды. Енді Семейде «Беларусь» тоғыз модификациялы тартқыш күші 0,2-ден 5 тоннаға жететін тракторлар шығарылады. Мұнда олар үшін түрлі аспалы жабдықтар да жасалады. Өндірістік қуаты жылына 3 мың бірлікті құрайды.

Семейде жиналған машиналар сұранысқа ие. «ҚазАгроҚаржы» ҰК лизинг шарттары бойынша автокөліктерді сатуды ұйымдастырып, зауытқа жүйелі түрде қолдау көрсетеді. Отандық тракторларды Ресей және Моңғолияның тапсырыс берушілері сатып алады. Бұл «темір тұлпарлар» -  орман, коммуналдық шаруашылық, құрылыс және өнеркәсіпте таптырмас құрал.

Айта кету керек, зауытта тапсырыс берушінің қалауы бойынша кез келген түрдегі техниканы құрастыруға болады. Оған әр модельге сәйкестік сертификаттары дәлел болады. Зауытта шығарылатын автобустар мен тракторлар жыл сайын ҚР тәуелсіз сарапшыларының сынағынан өтеді. Зауыттың сапа менеджменті жүйесі ISO 9001: 2008 халықаралық стандартына сәйкес сертификатталған.

«СемАЗ» өнімдерінің жоғары сапасы елеусіз қалмады. 2010 жылы Қазақстанның автомобиль және машина жасау өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін «Алтын белгі» алтын медалімен марапатталды, 2018 жылы компания Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша иеленді. Алдағы уақытта «СемАЗ» ЖШС отандық құрамдауыштар, аккумуляторлар мен металл құрылымдарын өндірушілермен тығыз өндірістік кооперацияны жолға қоюды жоспарлап отыр. Бұл қазақстандық қамту үлесін, яғни Семей автомобильдері мен тракторларының бәсекеге қабілеттілік деңгейін айтарлықтай арттырады.