• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2020

Жандарбек Бекшин: Алматыда індет әлі де айылын жинаған жоқ

289 рет
көрсетілді

Алматыдай үлкен қалада коронавирус індеті ауызтықталды деп айтуға әлі де ерте. Жаңадан жұқтырып жатқандар бар, өткен тәулік ішінде ғана індет белгісі байқалған 49 оқиға анықталса, бір апта ішінде – 334 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Сонымен Алматыда бүгінгі дейін 2790 оқиға тіркеліп, 10 адам қайтыс болды.

– ­Індетті жұқтыру статистикасы –­ пандемияның әлі де айылын жимағанын көрсетеді. Осыны ескере отырып, қаланың бас санитарлық дәрігері әрі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға жауапты адам ретінде, соңғы кездері әлеуметтік желілерде тарап жатқандай, елді адамдар көп жиналатын бұқаралық шаралар мен митингке шақыруға жол бермеуге шақырамын, – деп мәлімдеме таратты бүгін Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Бас санитарлық дәрігер қалада эпидемия әлі де жалғасып жатқан кезде адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру барып тұрған жауапсыздық екендігін алға тарта келе: «Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көпшіліктің жиналуы, жақын араласуы азаматтардың індетті жаппай жұқтыруына әкеліп соғады. Әлемнің көптеген елдерінде осылай болды.

Өйткені, митингтер жұқтыру ошағы болып табылады. Егер, мұндай бұқаралық шаралар індетті жұқтыруға себепші болса, онда митингтерді ұйымдастырушылар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады, тіпті қылмыстық іс қозғалады.

Осындай бұқаралық шараларға қатысушылар індет жұқтыратын болса, онда эпидемиологиялық тексеру аясында шеттетіледі», - деді ол.

Жандарбек Бекшин COVID-19 жұқтырғандар мен олармен байланыста болғандар,  араласқандар, мейлі олар індетті көпшілік жерде немесе үйде жұқтырсын, провизорлық және карантиндік госпитальда оқшауланатындығын атап, санитарлық-эпидемиологиялық хаттаманың талаптары осындай, біз оны міндетті түрде орындаймыз, деді.

Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, хаттамаға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер карантин режимінде жаппай жиындарға қатысқан азаматтарды тіркеп, видеотүсірілім жүргізеді.

Сондай-ақ ол БАҚ арқылы төмендегідей тезистерді таратты:

Ал тіркеу қатысушылар санын есептеп, жұқтыру ошағының эпидемиологиялық тексеруін одан ары жүргізіп, коронавирустың таралуының алдын алу үшін қажет.

Бұқаралық шараларға, митингтерге қатысушылар коронавирус жұқтырудың эпидемиялық тізбегін құрайды.

Осының салдарынан індет сіздің үйіңізге, отбасыңызға тарайды, ең алдымен балаларға және қарт адамдарға қауіп төндіреді.

Міне, сондықтан мен бұрындары Алматы қаласының аумағында түрлі бұқараларық шараларды өткізуге тыйым салу жөнінде қаулы қабылдаған едім.

Қарт адамдар мен бұрыннан қалыптасқан сырқаты бар жандардан адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ жүруді сұраймын. Өйткені, сіз індетті тез жұқтыратындар санатына жатасыз.

Бұдан өзге, жаппай жұқтыру қаупінің болуы мүмкін екендігін ескере отырып, тиісті қызметтерден адамдар көп жиналатын орындарға  дезинфекция жүргізуді күшейтуді талап етемін.

Менің талаптарым мен өтініштерім қаланың әр тұрғынының денсаулығын қорғау мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды жақсартуға негізделген.

Сондықтан барлық алматылықтардан саналылық пен жауапкершілік танытуды өтінемін. Өйткені, қоғамның денсаулығы әрқайсымыздың жеке  қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз орындауымыздан құралады.