• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Туризм 08 Маусым, 2020

Алматыда экотуризмді дамытуға 1 миллион доллар жұмсалады

173 рет
көрсетілді

Айналасы табиғаттың түрлі тамашасына толы тау бөктеріндегі Алматы билігінің әу бастағы мақсаты туризмнен табыс табу болғанымен, бұл орайдағы жобалардың көпшілігі жүзеге аса қоймағанын мойындау қажет.

Алматының Іскерлік кеңесі мен шаһар­дағы туризмді да­мытуға қатысты түрлі жиын­дар­да оның түйт­кілдері туралы аз айтыл­мады. Мә­се­лен, алматы­лық­­тар жыл сайын тек қана шетел­дік медициналық ту­ризм­ге 500 млн доллардан аса қара­жат жұмсайтын болса, бұл мүм­кін­дікт­ердің бар­лығы айналамызда бар екенін нақты мысал­дармен дәйектеуге болар еді.

Сонымен туризмді дамытуға қа­тысты, қаражат үнемдеуге де сеп­тігі бар, қала тұрмысы мен де­малысы, адамдардың денсау­лы­ғын айналып өтпейтін кезекті жобаның түсауы кесіліп отыр.

Алдағы күндері Алматыда эко­­логиялық туризм мен спортты дамыту мақсатында Іле Алатауы төс­кейінде 71 шақырымдық соқ­пақ жол жайғасады. Сонымен қа­тар тағы 9 шақырымдық спорт­­тық жолдар абаттандырылады.

Осылайша онлайн-брифинг­те мега­полисте «Бақыт соқпақ­тары» жаңа жоба­сының тұсау­­кесері өтті. Идеяның бас­та­машы­сы да іс­ке асыратын да – «BI Group»­ хол­дингі. Компания өкіл­дері өздерінің бұл жобасын Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа 2019 жылдың кү­зінде ұсынған болатын, тың бас­тама саралана келе, әкімдік тарапынан қолдау тапты.

Жобаның бірінші кезеңінде 71 ша­қырымға жуық тоғыз тау жолын (Тұйықсу, Кім Асар, Горельника, Жапон жолы және т.б.) абаттан­дыру жоспарланып отыр. Күр­келер қойылады, қауіпті жер­лерде – кіші­гірім металл көпір­лер мен жолдар жасалады, сондай-ақ бивуактарға арнал­ған орындар жайластырылады. Қажет жерлерде, бұры­лыстарда маршруттардың көр­сеткіштері мен ақпараттық қал­қандар орнатылады. Жоба ая­сында қала тұрғындары үшін жаяу жорықтар, спорттық іс-шара­лар, білім беру экскурсияларын ұйым­дастыру қарастырылған.

Оған қоса, Алматының өзін­де Есентай және Кіші Алматы (Терренкур) өзендерінің бойын­дағы спорттық жолдарда спорт қала­шықтары жөнделеді, аумақ абаттандырылады.

– Осыдан бес жыл бұрын ком­панияның 20 жылдығына орай біз Қазақстанның елордасында «Триатлон-парк» салып, оған 2 млн доллар жұмсадық. Біз бұл жобаның нұрсұлтандықтарға ұна­ғанын көріп отырмыз, олар жыл­дың кез келген мезгілінде спорт­пен шұғылданады, онда бұ­қаралық спорттық шаралар ұйым­дастырылады. Енді міне, компаниямыздың 25 жылдығы қарсаңында біз еліміздің ең ару қаласына, сүйікті Алматымызға да осындай жобаны сыйға тарт­қанымыз жөн деп шештік. Біз жобаны кезеңдерге бөле отырып, оған шамамен 1 млн доллар жұмсауды көздеп отыр­мыз: жұ­мыс­тардың бір бөлігі биыл, бір бө­лігі – алдағы жылдарда орында­латын болады, – дейді BI Group хол­дингі директорлар кеңесінің төраға­сы Айдын Рахымбаев.

Ұйымдастырушылар «Бақыт соқ­пақтарын» экологиялық ту­ризм­ді дамытуға және спорттық өмір сал­тын насихаттауға стра­те­гия­­­лық инвестиция ретінде қа­рас­­­тырып отыр. Жоба қала­лық спорт белсенділерінің қатысуы­мен, жұмыс тобы аясында пы­сық­­­талуда.

– BI Group ұсынған жоба қала­ны дамытудың жалпы тұ­жы­рым­дамасына өте сай ке­леді. Біздің тауларымыз – бү­кіл Қазақстанның қазынасы. Ту­рис­терге қажетті ин­фрақұры­лым­­ды абаттанды­рып қана қой­май, олардың өзін­е ғана тән сұ­лулығын сақтап қа­лу да өте маңызды. «Бақыт соқпақ­тары» осы мақ­сат­тарға жету жо­лын­да­ғы маңызды қадам болатынына сенім­діміз, деді жоба тұсау­кесе­рінде Алматы қаласы әкі­мінің бірін­ші орынбасары Ерлан Қо­жаға­панов.

–  Әлемдік туристік карта­да Алматының орны анық айқын­далып, айшықталып келеді. Бү­гінгі кезең – туристік индус­трия­да жаһан­дық өзгеріс­тер кезеңі. Пост-вирус­тық ке­зең­де жаңа ба­ғыт­тар, жаңа өнім­дер сұранысқа ие болады. Сарап­шылар спорт­тық және салауатты өмір салтына бай­ла­нысты шытырман оқиғалы ту­ризмге сұраныс артады деп бол­жап отыр. Осыған байланыс­ты көп жылдар бойы спортшылар ара­­сында танымал болып келе жат­қан біздің тауларымыз ора­сан зор әлеуетке ие, – деді Алма­ты қа­ласы әкімдігі Туризм басқар­ма­сының басшысы Сәбина Аман­келді.

«Соңғы жылдары біз алма­ты­лық­тар арасында тау спорты­на деген қызығу­шылықтың күрт артқанын байқап отырмыз. Тау­да шетелдік туристерді де жиі кездес­тіруге болады. Біздің тау­ларымыз спорт­ты дамытудың ха­лықаралық орта­лықтарының бірі болуға әбден лайық», – деді өз кезегінде альпинизм бойынша спорт шебері Андрей Пучинин. Оның бұл тұжырымымен Қазақ­станның елордасында триатлон­нан марафон мен жа­рыс­тар өткі­зудің белсенді де дара ұйым­дас­­тырушысы Алексей Сидоренко да келіседі.

Алексей Сидоренко Қазақ­стандағы BI Marathon және BI Ironman халықаралық танымал­дылыққа ие екенін алға тарта отырып, жаңа жоба шаһар эконо­­микасының дамуына жаңа сер­пін беретініне сенімді екенін біл­дірді.

 

АЛМАТЫ