• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 08 Маусым, 2020

Балалар әдебиеті: бұлыңғыр болашақ...

2107 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда жас өскіндердің бойына қаза­қылықты сіңіруге, жанымызға жақын ұлттық болмысы­мызға исіндіре тәр­бие­леуге байла­нысты сыни пікірлер өте көп. Мұның бар­лығы айналып келгенде аталған сала­да үңірейіп көзге көрініп тұрған олқы­лықтардың кең ауқымын көрсетсе керек.

Ұрпақ тәрбиелеу саласындағы кемшін тұстарымызды сөз еткенде, бірінші кезекте мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі мемлекеттік тілдің төмен ахуалы, шетелдік телеарналардан тікелей көрсетілетін немесе олардан сатып алынып, отандық арналар арқылы назарға ұсынылатын анимациялық фильмдердің рухани «басқыншылығы» және басқа да түйткілді жағдаяттар сөз болады. Рас, бұл айтылған мәселелер ұрпақтың бойына шама-шарқымызша қазақтың ұлттық тәрбиесін сіңіруге деген ақ ниетті талпынысымызға, ұмтылысымызға кері әсерін тигізіп-ақ жатыр. Мұны қоғам мойындайды. Дегенмен балаларымызды қазақы қоғамның қалауы бойынша тәрбиелеуде қазақтың әдебиетінің әлеуетін пайдаланудың аса маңызды екенін өте сирек сөз ететін секілдіміз.

Қазақтың ауыз әдебиеті мұраларынан бастап жазба әдебиетінің жауһарларын, оның ішінде балалар әдебиетінің мүмкіндіктерін тиімді қолдануда салғырттық, бәлкім жалқаулық танытып жүрміз. Бұл салғырттығымыз бен жалқаулығымыз өзіміздің қолымызда бар дүниелерімізді жас өскіндерге заман талабына сай «ойнатып» ұсынудан гөрі, шетелдік сырты жылтыр, ішкі мазмұны мәнсіз туын­ды­сымақ­тарға көбірек жүгінуімізге, өзіміздің бойкүйездігімізден туындаған «бос кеңістікті» солардың есебінен толтыруға әбден әдеттендіріп жіберді.

Қазір мектеп оқушылары жаппай кани­кулға шыққан кез. Қалыптасқан жағдайға байланысты ата-аналар мен балалар мектеппен, дәлірегі мұғалімдерімен интернет арқылы байланыс орнатуда. Осындай қарым-қатынас барысында көптеген мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына демалыс кезінде оқуға ұсынған кітаптарының басым бөлігі, тіпті түгелге дерлік шетелдік авторлардың орыс тіліндегі кітаптарын ұсынғанына куә болдық. Бұл өз кезегінде өзіміздің көркем әдеби тілде жазылған туындылардың жетіспейтіндігін көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар көптеген мұғалімнің бұған дейін талай буынды тәрбиелеген, қиялын ұштап, биік арман-белеске жетелеген қазақ жазушыларының классикалық еңбектерінен хабарсыз екенін аңғартады. Сондықтан мұғалімдердің кешегі және бүгінгі қазақ әдебиетінен молынан хабардар болуына баса назар аударылғаны жөн, яғни олардың біліктілігін арттыруда осы жағы ұмыт қалмауы тиіс.

Бүгінгі балалар әдебиетінің ахуалы мәз емес екенін білеміз әрі оған түсіністік­пен қараймыз. Бірақ жағдай осылай екен деп өзге тілде жазылған шығармаларға ессіз беріліп кетпей, өзіміздің көрнекті жазушы­ларымыздың еңбектері мен ауыз әдебиетінің озық нұсқаларына иек артуға болмай ма?..

Рас, бізге балалар әдебиетін дамыту керек. Бірақ сол үшін не істеу керек, қандай мәселелерге көңіл бөлген жөн? Аталған сауалға жауап іздеп, өзінің пікірін қоғам талқысына салып жүрген азаматтарымыз баршылық. Солардың бірі – Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жақында өзінің Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында: «Елімізде жыл сайын әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік тапсырыс бойынша 2018 жылы 1 млрд 845 млн теңгеден астам, 2019 жылы

1 млрд 101 млн теңге қаражат бөлінген. Соның ішінде балалар әдебиетіне бөлінгені – тиісінше 89 млн 183 мың және 19 млн 420 мың теңге. 2020 жылға 821 млн 615 мың теңге бөлу жос­парланса, соның 46 млн 848 мыңы балалар әдебиетіне арналған. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Баспа ісі, журналдар балаларға арналған материалдарды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жолын қарастыру керек», дейді.

Сенатордың айтуынша, саланы дамытуға арнайы қаржы бөлу, ұлттық мультфильм­дер шығару ісінде жекеменшік компания­ларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру, балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарла­масын жасау қажет.

Бүгінгі жас буын ертең Қазақстанның, қазақ ұлтының бет-бейнесін көрсетеді. Сон­дық­тан келешек ұрпақты ұлттық болмысқа исіндіре тәрбиелеудің маңызы зор. Адам білімді кез келген жасында ала алады. Ал ұлттық тәрбиені жастайынан бойына сіңіре алмаған адам сүйегі қатып, буыны бекіп кеткенде оны жанына серік етуге кешігеді.