Бұл ұғымның қазақ өнеріндегі феноменге айналғанына да ғасырға жуықтапты. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіндегі осы бір оқыс оқиға әлем назарын қазақтың қарапайым ұлына бұрғызған. «Қыз Жібек» операсындағы Бекежанның күлкісі содан бері ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып жетіп, сахнаны серік еткен күллі өнер адамына әлі күнге дейін бағдар болып келеді.
Алғашқы қадам һәм дауыстан айырылу
Сонау 1918 жылдары қазақ, қырғыз, өзбек жастарына арналған Ташкент педагогикалық училищесінде оқып жүрген ерек үнді жалынды жастың тас жарар таланты ә дегеннен-ақ көптің назарын өзіне аударған. Өрен өнерін тап басып таныған қоғам қайраткері, қазақтың біртуар ұлы Ғани Мұратбаев Құрманбекке қолдау білдіріп, ән әлемінен алшақтамауын аманат етеді. Аға ақылына құлақ асқан жас дарын сөйтіп өнер әлеміне түбегейлі ден қойып, оқу орнында оқи жүріп, жан-жаққа гастрольге шығып, ел арналап концерт бере бастайды. Сондай өнер сапарларының бірінде өзін өнерге баулыған қамқор ағасы Ғани Мұратбаевтың мезгілсіз дүниеден өткендігі турасында жеткен суық хабар жас өнерпаздың жан дүниесін алай-дүлей етті. Талай рет алдында «Сәулем-айды» әуелете шырқап, алғысына бөленіп жүрген рухани туысының бақилық болғанына қабырғасы қайысқан дарын қайраткер қазасына байланысты қаражат жинастыру шарасынан туындаған «Құрманбек 102 ән шырқайды» атты өміріне түбегейлі өзгеріс алып келген әйгілі концертін өткізеді. Жаз айларының аптапты күндерінің біріндегі сондай концерт үстінде бір өзі 70-тен астам әнді үзіліссіз шырқайды. Ыстықтан құрғап кеткен тамағын салқын сумен шаямын деп маңайын тамсантқан тамаша даусын жоғалтуға мәжбүр болады. Осы оқиға әу баста актер болу ойында жоқ жас жігіттің әннен өзге бойындағы сан қырлы талантының ашылуына себеп болады. Сөйтіп, 1926 жылы Қызылордада ту көтерген қазақтың тұңғыш кәсіби театрын ашуға талаптанған бір топ талантты жастың қатарынан табылады.
Бекежанның жұлдызды сәті
Сан қырлы сырбаз талантты сахна жатырқамайды. Небір ойлы образдың бағын ашқан өнерпаз тағдырынан «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан бейнесінің алар орны үлкен. Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітовамен тандемде өнер көрсеткен шығармашылық одақ ұлттық операның шын мәнінде жұлдызын жағады. Қойылым атағы әсіресе Мәскеу сапарынан кейін тіпті аспандайды. Сол сәтті әртістің жан досы әрі сахналық серіктесі Қанабек Байсейітов естелігінде былай деп жазады: «Мәскеуде онкүндікте «Қыз Жібекті» қойып жатқанбыз. Астана жұртшылығы мен үкімет басшыларының алдында жүрексіну де жоқ емес. Мен – Төлеген, Құрманбек – Бекежан. Төлегенді өлтірген соң Бекежанның «Сармойын» әніне салып Қыз Жібекке айтатын ариясы бар. Соның жоғары көтеретін жеріне келгенде, Құрманбек тәуекелге салмай, табан астында қарқ-қарқ күліп тапқырлық жасады. Күлгенде де қалай болса солай күлкі емес, керемет музыкалық күлкі жасады, нотамен күлді. Бекежанның пышақ кессе қан шықпайтын қанішер бейнесін айқындай түсті. Жә, мұның бәрі қазіргі беріп жүрген бағамыз ғой.
Бұрынғы қойып жүргенімізде, репетицияларда да Бекежанның өйтіп күлмейтінін бәріміз жақсы білетінбіз. Құрекеңнің күлкісін естіп, шыны керек, шошып кеттік. Бүлдірді дедік. Сол кездегі Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов те қатты сасыпты. Залда отырған жерінен сахнаға жүгіріп келіп, Құрманбекке қатты ренжіді. «Ертең қайт Алматыға, таңертең келіп билетіңді ал!», деді. Құрманбек сол күні түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмапты. «Шынымен-ақ бүлдірдім бе?» деген ойдың ұшығына жете алмай қиналыпты.
Таңертеңгі тоғыз шамасында Жүргенов шақырыпты. «Билетімді қолыма беретін шығар» деген оймен қынжыла-қынжыла келеді. Келсе, Жүргенов қарсы алдынан күліп шығады. «Кешір, бауырым!», деп құшақтайды. Сол арада Сахаров деген бухгалтерін шақырып алып, қолма-қол екі мың сом сыйлық жаздыртып береді.
– Бұл не үшін? – деп Құрманбек түсінбейді.
– Бұл сенің өнерің үшін. Бір жағы кеше боқтаған айыбым үшін. Үлкен ұрсады, кіші кешіреді. Бәріміздің күйіп жүргеніміз елдің, халықтың абыройы үшін. Сенің кешегі күлкің елдің әнін де басып кетіпті. Мінеки, оқы «Правданы» деп, – деп қолына газетті ұстатыпты.
Иә, «Правда» газеті Құрманбектің Бекежанын жоғары бағалаған болатын. Оның актерлік тапқыр күлкісі мәскеуліктерді қатты риза еткен еді».
Құбылыс құпиясы
Құрманбек құбылысының құпиясы сол – сахнагер сегіз қырлы, бір сырлы нағыз жан-жақты, тапқыр актер болды. Қандай жағдай болмасын, қиыннан қиыстырып жол тауып шығу – әртіс өнерінің басты басымдығы. Өйткені даусына зақым келтіре тұрып, «Қыз Жібектегі» – Бекежан, «Жалбырдағы» – Жалбыр, «Ер Тарғындағы» – Тарғынның күрделі арияларын кемеліне келтіре шырқап, көрерменіне тапқырлық пен шыңдалған шеберлік үлгісін паш еткен болатын. Сөзіміз сүйекті болуы үшін тағы да Қанабек Байсейітовтің естелігіне жүгінеміз: «Даусының әдемілігін аздап жоғалтқанымен, әнді жақсы айтуын жоғалтпады. Күшті дауысты қажет ететін қиын жағдайлардан өте тапқырлықпен шығып кететін. Құрекеңнің әртістік тапқырлығы Исаның (Байзақов. – Н.Ж) суырыпсалма ақындығындай еді. Бір ғана сәттің ішінде жарқ еткізіп жаңалық таба қоятын. Тұла бойында тұнып тұрған өнердің біресе ана қырын, біресе мына қырын әдейі көрсетіп тұрғандай әрқашан емін-еркін ойнайтын. Құрманбек сахнаға шығар кезінде сахнада құдды бір құйын соққандай құбылыс сезуші едім », деп жазады әйгілі актер өз естелігінде.
Биыл туғанына 115 жыл толған аңыз актер жайлы толғамымызды белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың сөзімен түйіндер болсақ, бар ғұмырын қасиетті сахнаға арнап, театр өнерінің тау тұлғасына айналған біртуар талант – Құрманбек Жандарбеков есімі мен шуақты, шапағатты өнері бір кезде өзі ғажап орындаған Бекежанның дара күлкісіндей жаңғырып, сан ұрпаққа әлі талай сабақ болар ән мен аңызға айнала бермек.