• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Маусым, 2020

Жетісуда жол картасы бойынша жұмыс басталды

506 рет
көрсетілді

Биыл Алматы облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 109,2 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Нәтижесінде аймақтағы еңбек нарығына да сұраныс артып,  23 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Қазір осы мақсатта 977 жоба мақұлданып, аудандарда жұмыс басталып та кетті.

Мәселен, Панфилов ауданына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 5,2 млрд теңге бөлінген екен. Бүгінде өңірдегі жұмыс бекітілген  55 жоба аясында қыза түскен. Бұл аудан көлемінде 1047 адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 523 тұрғын аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан.

- «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аудандағы бірқатар мәселені шешеді. Өңірде ұзақ уақыт қараусыз қалған ғимараттар әлі де бар. Қазір ауылдағы осындай бір мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз. Ал тұрғындар тығыз қоныстанған ауылға жаңа амбулатория салынуда. Екі мектепке күрделі жөндеу жұмысы басталса, басты мәселе болған екі елді мекенде ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жандануда. Көшелерді жарықтандыру, жол салу, парктерді абаттандыру сияқты жұмыстардың барлығы осы бағдарлама арқылы бөлінген қаражатпен жасалуда. Биыл біз қаржы көзін тауып аудандағы 50 мектептің ішіне толықтай дәретхана салуды жоспарлаған едік. Енді жол картасы бойынша 24 мектептің ішіне дәретхана салуға қаржы бөлініп, оның да жұмыстары басталды,- дейді Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясындағы жұмыс  Көксу ауданында да жалғасуда. Бүгінде өңір бойынша 26 жобаның тұсауы кесіліп, нәтижесінде 400 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жол картасы бойынша бөлінген қаржы негізінен әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу мен жаңадан салуға бағытталыпты. Мәселен, Көксу ауданына қарасты Айнабұлақ теміржол бекетіндегі дәрігерлік амбулатория ғимараты құлаудың аза-ақ алдында тұрған еді. Бөлінген қаржының арқасында медицина мекемесінің ғимараты жаңадан салынатын болды. 20 адамды қабылдауға арналған шағын емхана құрылысы 3 айда аяқталып, қолданысқа берілмек. Айтпақшы, осы бекеттегі шаңы шығып жатқан Рамазанов көшесі де жөнделіп жатыр екен. Мердігер компания бұл істі 1 айда толықтай әрі сапалы етіп аяқтамақшы.

Сондай-ақ ауданда 5 бірдей білім нысанында күрделі жөндеу жұмысы бір мезетте басталған екен. Оның қатарында Жамбыл орта мектебінің, З. Тамшыбай ауылындағы мектептің спорт алаңын аббаттандыру, Ақын Қабан Жырау атындағы орта мектептің спорт алаңын ағымдағы жөндеуден өткізу және 10 жылдық Қазақстан ауылындағы шағын футбол, волейбол алаңдарын ретке келтіру, Алғабас ауылындағы 1989 жылы салынған орта мектепті орташа жөндеуден өткізу сияқты жобалар бар. Былтыр Қызылтоған ауылында 120 орындық мектеп құрылысы басталған болатын. Қазір жұмыс қайта жанданды. Екі қабаттан тұратын ауыл мектебі жаңа оқу жылында есігін айқара ашпақ.

- «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды орталықтан алыстағы ауылдардың мәселесін шешуден бастадық. Нәтижесінде әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту жайы да ескеріледі. Қазір аудандағы бірнеше ауылдың дәрiгерлiк амбулаториясына күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Құрылысшылар да ауыл тұрғындары арасынан тартылуда. Бастысы, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл амбулаторияларға заманауи медициналық құрылғылар мен жабдықтар қойылады, - дейді Көсу ауданының әкімі Алмас Әділ.

Айтпақшы, жол картасы аясында бөлінген қаржының шарапатын Ескелді ауданындағы Бақтыбай ауылының тұрғындары да көретін болды. Осы ауылдағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Обалы нешік, бір кездері елді мекендегі ең еңселі ғимарат болған көпшілік орны жабылып, уақыт өте келе тозып, ескірген еді. Жақында 20 жыл бойына жабық тұрған осы Мәдениет үйін жөндеуге шешім қабылданыпты. Оған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 864,6 млн теңге қаржы бөлінген екен. Жөндеу жұмысына жергілікті жұмыссыздарды тарту көзделген. Жалпы, Ескелді ауданы бойынша жол картасы бойынша 59 жоба жүзеге аспақшы. Оның дені ауылдардағы әлеуметтік нысандардан тұрады. Осы мақсатқа 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.