• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Маусым, 2020

Із

316 рет
көрсетілді

Ақын Жарасқан Әбдіраштың тұңғы­шы Рүстемге арнаған «Портфель» деген өлеңін жақсы білеміз.

«Жатқызды қыртыс, қырымды,

Жылжыған жылдар өтектеп...

Мектепке тұңғыш ұлымды,

Келемін үнсіз жетектеп» деп бас­та­латын тағылымды тамаша жырды тол­қымай оқу мүмкін емес. Әрбір сөзі әкелік өсиетке толы әдемі шығарманы зерделеп отырып өзіңнің де әке қолынан ұстап білім ордасына бара жатқан кешегі бала бейнең көз алдыңа келе қалады.

 

Кез келген ұрпақ ұлы өзендерден сытылып шыққан сызашықтай жеке саға, бөлек арна бойымен өз жолын іздейді. Күре жолдан бөлінген дара соқпақтай өз сүрлеуін қалыптастырады. Өз жолын табуға ұзақ сапарларға аттанады. Бірақ қайда бағыт алса да, қай қиырға жол шексе де, сол өзін өмір мектебіне жетелеп қосқан әке өсиетінен әсте адаспауға тырысады.

Әке де өз кезегінде жолын жалғар ұрпағының ұлағатты болуын қалайды. Ақ парақтай періште пейілдің адаспас темірқазығы өзі екенін сезінген сәттен бастап сол тұлға жеке басын қайта тәр­биелеуге кіріседі. Ағылшындардың «Ба­лаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деп кесіп айтуында да өмірдің осы бір құламас қағидасы жатса керек. Ең қызығы, басында «балам өзіме тартса екен» деген әке тілегі бара-бара басқаша сипат ала бастайды. Асқар тау тілегі енді «осы балам неғұрлым өзіме тартпаса екен, мен басқан шоқты бас­паса, мен түскен орға түспесе екен» деген тілекке ауады.

Заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов  ұлт әкесі десек әлбетте қателеспес едік. Сол Мұқаң өзінің соңынан ерген қа­ламгер бауырларына арнап өсиет айтады. Неғұрлым өзіне ұқсамауын тілеп аманат тапсырған жазушы үш жайтқа ерекше тоқталады. Әке тілегіндей әуелгі сөзі «Арақты әу баста ем-дом үшін шығарған. Аздап ішсең – дәру, көп ішсең – у. Ал қа­таң ескертерім, темекіге жолама! Адам ағзасын арылмас дертке ұшырататын кесірлі кеселдің ең зияндысы. Бұл бір» деп келеді.

Екінші тілегінде жазушы өте бір баға жетпес құнды заттың уақыт екенін қаперлейді. Және сол құндының ата жауы құмар ойын деп ашық айтады.  «Ол немең – уақытыңды ұрлаумен қоса дос­тарыңнан ажырататын зәндемінің өзі. Өйткені ұтылсаң – ақша болмай, бере алмауың мүмкін. Ұтсаң – қолма қол ала алмай, араларың суысып кетуі ғажап емес. Сондықтан қартадан аулақ бол», дейді қаламгер әке!

«Үшіншіден, біздің жасаған қателік­терімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба «тең теңімен» дегенге әуле­кіленіп, «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт боп ұйытылуы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз» деп түйеді Әуезов әке!

Былтыр бас басылымның ғасырлық тойына арналған ең қысқа әңгіменің байқауы жарияланып, редакцияға шып-шымыр шедеврлер түсіп жатты. Сол шап-шағын шығармалардың ішінде Ысқақ­тың Тілегені деген автордың ең қысқа әңгімесі ерекше есімізде қалыпты. Бір ғана сөйлемнен тұратын туынды төмен­дегідей.

«Қайрылып қараса, баласы ізін басып келе жатыр екен, жүрісін түзеді...». Болды. Шығарманың басы да, аяғы да осы бір ғана тармақта түйінделген. Алайда осынау тас түйін тәмсілдің түбіне үңілсең бір кітапқа жүк болатын үйдей мәселе қордаланып алдыңа төгіледі.

Біз шынымен де ізімізді басып келе жатқан жаңа буынның жолын түзеуге бейілміз бе? Әлде хакім Абай айтқандай:

«Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,

О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр» деп өзімізден айнымайтын буынға жол нұсқап барамыз ба?

Ұлт – бала, зиялы қауым – әке. Же­тектеген балаңыз діттеген мұратына жа­ңыл­май жетуін тілесеңіз, сіз де соңы­ңыз­дағы ізге ізгілік нұрын көбірек себуді қа­дағалаңыз. Айналып келгенде, өзіңізден өте туатын бала тәрбиелеу өзіңізден басқа еш­кімнің қолында емес.

Жетегіңіздегі желкілдеген жасқа жауап­ты адам сіз ғанасыз!