Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Жасыл ел» бағдарламасының жазғы маусымында оқу орнымен қатар Алматыны көгалдандыруға үлес қосуда. Биыл студенттік жасақ құрамында 40 бойжеткен еңбек етуде, - деп хабарлайды Egemen.kz
Атап айтқанда, Педагогика-психология факультетінің 9, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 9, Физика-математика факультетінің 6, Өнер және мәдениет факультетінің 9, Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің 1 және Жаратылыстану факультетінің 6 студенті маусым-шілде айларында жұмыс атқармақ. Білімгерлер университет тарапынан жатақханамен қамтамасыз етіліп, еңбекақы алады.
– Басты мақсатымыз – ару қала Алматыны абаттандыру жұмыстарына өз үлесімізді қосу. Аталған бағдарлама аясында еңбектенетін студенттер бүгінгі күнде көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, футбол алаңдарын ретке келтіріп, қураған ағаштарды кесіп, тасжол жиектерін әктеу сияқты игілікті істер атқармақ. "Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз" дегендей "Жасыл ел" жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізетін болады, – дейді Қыздар университетінің "Жасыл ел" жастар еңбек жасағының мүшелері.
"Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Жылдан жылға жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді.
– Жастар – ұлт келешегі, қоғам айнасы. Оларға қарап болашақтағы қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да өскелең ұрпақтың қызығушылығын қоғам игілігіне қарай бұру дұрыс дүние. Жалпы, қандай елде болсын азаматтарының, жастарының ел ісіне араласуы жақсы құбылыс. Бүгінде елімізде жастар саясаты жүзеге асырылуда. Бұл орайда көптеген игі бастамалар өз жемісін беріп келеді. Осы саясатты іске асырудың негізгі міндеттерінің бірі – жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту. Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында республика бойынша жастарды патриоттық тәрбиелеу іс-шаралары да әзірленген. Солардың бірі – "Жасыл ел" бағдарламасы, – деп атап өтті оқу орнындағы баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.
Алматы